Дина ҒАЛИЕВА: Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді
Ұлттық ақшаның тарихы – бұл әрқашан да ел тарихының маңызды бөлігі. Қазақстан үшін де, бұрынғы кеңестік кеңістік мемлекеттері үшін де өз төл валютасын енгізу республикаға өзінің толыққанды экономикалық саясатын қалыптастыруға мүмкіндік берген егемендікті құрудағы ақырғы және формальды емес қадам болып табылды. 18 жыл бұрын көптеген елдер үшін рубль аймағынан шығу барлығына ортақ елден байланысты үзілді-кесілді кесетін қауіпті қадам болып көрінгенімен, теңгенің енгізілуі оң көзқараспен қабылданды. Қарапайым тілмен айтқанда, өз валютамыз шаруашылық субъектілерінің де, халықтың да ақшалай қатынастарын ретке келтіруге, дос болғанымен, басқа елдің эмиссиялық орталығына тәуелсіз болуға мүмкіндік берді. Сондықтан болар, халық арасында 15 қараша – Теңге күні болып аталып өтеді. Бұл күн ресми түрде «қызыл» күн болмағанымен, қаржыгерлердің кәсіби мерекесі деп аталып өтеді, егер қалтаңызда, әмияныңызда, шотыңызда немесе карточкаңызда ұлттық валюта болса, атап өткен айрықша жақсы. Бүгінгі күндері біздің валютамыз – теңге туралы бәрін білетін секілдіміз. Бірақ осы күні біз ұлттық ақшамыз туралы тағы да әңгімелемекпіз. Ең абзалы – ол туралы кәсіби маманмен әңгімелесу. Біз ол жайында ҚР Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Дина ҒАЛИЕВАНЫ әңгімеге тарттық.
Функциялар да, дизайн да
– Дина Төлеубекқызы, адам өлшемімен алсақ, теңге биыл кәмелеттік жасқа жетеді. Бұл анықтаманы ақшаға қатысты алар болсақ, қаржыгердің пікірінше, валютаның кемелділігі қалай бағаланады?
– Егер ойыңызды жалғастырар болсам, адам сияқты валютаны да сыртқы түріне қарай қарсы алады да, жеке әрі кәсіби қасиеттеріне қарай бағалайды. Демек, ұлттық валютаны дизайны мен қорғаныш дәрежесіне қарай ғана емес, ақша ретіндегі негізгі қызметтерін қаншалықты жақсы атқарғанына қарай бағалайды. Бүгінгі күні теңге толыққанды ұлттық ақша бірлігі ретінде толығымен қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Ол ақшаның барлық функцияларын орындауда және құн шамасы; айналыс құралы; төлем құралы; жинақтау құралы болуда. Яғни, теңге нарықтағы түрлі тауарлар мен қызметтердің құнын өлшеуге мүмкіндік береді. Ақша айналысында теңге мәмілелер жасауда сатушыдан сатып алушыға дейінгі тауар қозғалысында «делдал» рөлін атқарады. Теңге – түрлі төлемдер, оның ішінде жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны, салықтарды, айыппұлдарды төлеу кезінде төлем құралы. 18 жыл ішінде жинақтаушы, оның ішінде депозиттер түріндегі рөлі де айтарлықтай өсті. Мысалы, соңғы он жылда теңгемен депозиттер үлесі олардың жалпы көлемінде 2001 жылдың соңындағы 36%-дан 2011 жылғы қыркүйектің соңындағы жағдай бойынша 67,1%-ға дейін өсті.
Ұлттық валюта банкноттары мен монеталарының дизайнына келер болсақ, Банкнот фабрикасы мен Теңге сарайының ең алдыңғы қатарлы технологиялар пайдалануының және дайындау сапасының жоғары болуының арқасында теңге беделді көрмелер мен түрлі конкурстарда лайықты бағасын алуда. Мәселен, 2007 жылы Валюталық мәселелер жөніндегі халықаралық қауымдастық конкурс ұйымдастырды, оған ҚР Ұлттық Банкі 2006 жылғы үлгідегі банкноттарымен қатысты. «Ең үздік жаңа банкнота» номинациясында I орын 10 000 теңгелік банкнотаға берілді. Ұлттық Банк 2007 жылы монета өнімінің «Халықаралық Виченза Нумизматика жүлдесі» (Италия) конкурсына қатысты, онда 16 елден 39 монета ұсынылды. Бұл маңызды нумизматикалық конкурс монета сарайлары немесе мемлекеттік әкімшіліктер соққан ең әдемі монетаны марапаттайды. Бірінші жүлде монетаның эстетикалық аспектілері мен тақырыптық мәні үшін беріледі. Бұл конкурсты ҚР Ұлттық Банкі «Ғарыш» монетасымен жеңіп алды.
«Көшпенділер алтыны» сериясынан Қазақстанның «Шабандоз» монетасы «Жылдың күміс монетасы» номинациясында, ал «Қазақстанның өсімдік әлемі» сериясынан «Регель қызғалдағы» монетасы «Монета – ең жақсы сыйлық» номинациясында жеңіп шықты. Сондай-ақ ол «Монета жұлдыздары-2007» ТМД және Балтық елдерінің ең үздік монетасы конкурсында көрермендер көзайымы жүлдесін жеңіп алды.
2009 жылы ҚР Ұлттық Банкі «Халықаралық Виченза Нумизматика жүлдесі» (Италия) конкурсына және «Монета жұлдыздары-2009» ескерткіш монеталардың халықаралық конкурсына (Ресей) қайта қатысты. Біздің «Диадема бөлігі» ескерткіш күміс монетамыз «Бірегей идеялық шешім» номинациясында ІІ орын алып, «Монета жұлдыздары-2009» конкурсы қазылар алқасының шешімімен дипломмен марапатталды. «Шыңғыс хан» ескерткіш күміс монетасы 2009 жылы Италияда II орын алды. Ол «монетаның бет жағы сырт жағындағы Шыңғыс ханның айқын бейнесімен үйлесімді жасалған» көркемдігі үшін аталып өтті. Қазылар алқасының шешімімен монета «Vicenza Numismatica» жүлдесімен марапатталды, ал 2010 жылы Берлинде өткен дүниежүзілік ақша көрмесінде «Тарихи тақырып бойынша ең үздік монета» номинациясында «Жыл монетасы» наградасын алды.
Теңге өткен жол кезеңдері
– Қазақстан ұлттық валютасының 18 жылдық тарихында бірнеше күрделі кезеңдер болды, олардың күрделілік рейтингісін жасасаңыз қай кезеңді теңге тарихындағы ең күрделі кезең деп атар едіңіз?
– Әр кезеңде түрлі міндеттер шешілді. Соған байланысты қазір қайсысының күрделі болғаны туралы емес, барлық қиындықтарды теңгенің еңсере алғандығы маңызды. Мәселен, теңгенің қалыптасқан алғашқы жылдарында ақша-кредит және экономикалық саясатта Үкімет пен Ұлттық Банк үшін: инфляцияны біртіндеп төмендету және өндірістің құлдырауын тоқтату бірінші кезектегі міндеттер болды. Бұл міндеттерді шешу үшін құрылымдық қайта құруға және қатаң макроэкономикалық саясатқа бағыт алынды. Бұл саясат инфляция деңгейін 1992 жылғы 250%-дан 1994 жылы 126%-ға дейін және 1995 жылы 6,3%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік бергенін естеріңізге сала кетейін. ҚР ҰБ қайта қаржыландыру ставкасы 1994 жылғы ең жоғарғы 300%-дан 2000 жылы жылдық 14%-ға дейін төмендеді. Соңғы жылдары ол 10%-дық көрсеткіштен аспай, қазіргі кезде 7,5% құрап отыр.
Теңге және ұлттық қаржы жүйесі дамуының мынадай негізгі кезеңдерін бөліп көрсетуге болады.
• 1-кезең. Екі деңгейлі банк жүйесін құру және банктік қадағалауды дамыту (1993-1998).
• 2-кезең. Инфляцияны төмендету және тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу (1996-1999).
• 3-кезең. Қаржы жүйесінің дамуын жылдамдату (2000-2007).
• 4-кезең. Әлемдік қаржы дағдарысы және дағдарыстан кейінгі даму (2007-қазіргі уақыт).
Теңге қолданылған он сегіз жыл ұлттық валютаны енгізудің тарихи қажеттігін растағанына ешкім күмән туғызбайды деп ойлаймын. Жас валюта уақыт сынағынан сәтті өтті. Ол әлемдік екі қаржы дағдарысына, мұнайдың әлемдік бағасының айтарлықтай құлдыраған, сол сияқты көтерілген кезеңдеріне де төтеп берді. Ол халықтың сеніміне ие болды. Теңгенің енгізілуі нарықтық экономиканың қалыптасуын жылдамдатқаны сөзсіз. Республикамыз мемлекет өмірінің әлеуметтік, экономикалық және саяси саласының дамуында едәуір жетістіктерге жетті.
Жаһандық тәуекелдер іске асырылған жағдайда
– Қолайсыз сыртқы жағдайды, ХВҚ сияқты институттардың жаһандық экономиканың дамуы жөніндегі пессимистік болжамдарын ескере отырып, қазіргі кезеңге қандай сипаттама беріп, осыған байланысты Ұлттық Банктің қандай міндеттерін атап өтер едіңіз?
– Расында, қазірге кезде әлемдік экономикадағы ахуал тұрақсыз күйінде қалып отыр. АҚШ-тың және Еуропалық одақтың кейбір елдерінің макроэкономикалық дамуындағы проблемалар осының негізгі себептерінің бірі болып табылады. Соған қарамастан қазіргі уақытта әлемдік экономикада қалыптасқан ахуал – 2008-2009 жылдары басталған дағдарыстық құбылыстардың жалғасы. Жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс жалпы әлемдік ауқымда, сол сияқты ұлттық деңгейде де қаржылық қатынастардың қолданыстағы үлгілерінің кемшіліктерін көрсетті. Әлсіз жақтар мемлекеттік реттеу құрылымында да, қаржы институттарының өздерінің қызметінде де анықталды.
Қазақстан, жалпы алғанда, дағдарыс кезінде туындаған проблемаларды табысты еңсере алды. Қаржы секторының тұрақты дамуын сақтай алдық, нақты экономикаға қолдау көрсеттік, жұмыссыздықты төмендете алдық. Қазіргі уақытта Қазақстанның алдында шешімі Ұлттық Банк тарапынан да, Үкімет тарапынан да ерекше күш салуды талап ететін бірқатар міндеттер тұр.
Қазіргі дағдарыстың сабақтарын ескере отырып, әлемдік экономикадағы тәуекелдер іске асырылған жағдайда Қазақстанға ықтимал теріс әсерлерді барынша азайту жөніндегі шаралар қабылданған болатын және олар қазір де қабылдануда. Ұлттық Банктің құзыреті шеңберіндегі орта мерзімді кезеңге арналған шаралар жыл сайын әзірленетін ақша-кредит саясатының негізгі бағыттарында көрсетілген. Ұзақ мерзімді сипаттағы шаралар ҚР Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 923 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасында көзделген.
Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын әзірлеу және жүргізу кезінде ішкі және сыртқы экономикалардағы ахуалға үнемі мониторинг және талдау жүргізеді, Қазақстандағы макроэкономикалық ахуалға теріс әсер етуі мүмкін ықтимал тәуекелдерді бағалайды. Бұл ретте экономиканың ішінде, сол сияқты одан тыс орын алып отырған және әлеуетті тәуекелдерге қарамастан баға тұрақтылығын қамтамасыз ету ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты болып табылады. Қаржы секторының тұрақтылығын және ұлттық валютаның орнықтылығын қамтамасыз ету мәселелері де Ұлттық Банк үшін стратегиялық міндеттер болып табылады. Тиісінше, бұл бағыттағы шаралар тұрақты түрде қабылданады.
– Биылғы күзде валюта нарығында қандай үрдістер басым болуда, отандық валютамыз қаншалықты орнықты және Ұлттық Банктің тұрақтылықты сақтау жөніндегі құралдары мен мүмкіндіктері қандай?
– 2011 жылғы қыркүйекте теңгенің АҚШ долларына қатысты әлсіреуі байқалды. Қазанда теңге тұрақты болды, бұл ретте бағамның аздап нығаюы байқалады. Сондай-ақ Ұлттық Банк теңге бағамын қалыптастыруға барынша аз қатысады. Алайда теңгенің айырбастау бағамының күрт тұрақсыздандырғыш дүмпулерінің алдын алу үшін және тұрақтылықты сақтау мақсатындағы шараларды Ұлттық Банк қабылдауда және алдағы уақытта да қабылдай бермек.
Долларға байланыстыра отырып…
– Ұлттық валюта экономиканы долларландыру көлемін барынша азайта алды, мұндай міндет болашақта да қойылып отыр ма? Бұл проблеманың теңгеден оның құрылған сәтінен бастап қалмай келе жатқандығы белгілі және ол туралы сарапшылар да үнемі айтуда. Қазір барлығы түсінікті болғанымен, бұл жаһандық экономиканың да проблемасы ғой…
– Тұтастай алғанда, экономиканы долларсыздандыру – орталық банк тарапынан үнемі назарды талап ететін айтарлықтай ұзақ үдеріс. Көп нәрсе істелді, алайда бұл бағытта алда талай жұмыс бар. Мәселен, 2011 жылғы қыркүйектің соңындағы жағдай бойынша резиденттердің шетел валютасында номинирленген екінші деңгейдегі банктердегі депозиттері депозиттердің бүкіл сомасының шамамен 33%-ын құрайды. Бұл ретте шетел валютасындағы депозиттердің үлесі біртіндеп төмендеп жатқанын атап өткен жөн, бұл халықтың теңгеге және банк жүйесіне деген сенімінің артқанын білдіреді. 2009 жылдың соңында шетел валютасындағы депозиттер шамамен 44%-ды құрағанын естеріңізге сала кетейін. Демек, төмендегені айтпаса да белгілі.
…Рубльмен үйлесе отырып
– Кеден одағы құрылғаннан кейін теңгені долларға таңумен қатар көбіне рубльмен қатар қоя бастадық. Валюталардың әрқайсысы өз валюталық дәлізінде қозғалғанымен, көптеген оқырмандарда теңге рубльмен резонанста болмай ма деген сұрақ туындайды, себебі бағамдар Кеден одағы шеңберінде өзара байланысуы мүмкін? Осыған байланысты Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатын байланыстыру қажет болмай ма?
– Ең алдымен, айырмашылықты атап өту қажет. Қазақстанда Ресейдегідей валюталық дәліз емес, ұлттық валютаның өзгермелі айырбастау бағамының режімі қолданылатынын естеріңізге сала кетейін. Осыған қарамастан, теңге мен рубль іс жүзінде әрқашан бір бағытта қозғалуда. Осылайша, олар бір-бірімен айтарлықтай өзара байланысқан. Бұл Ресейдің де, Қазақстанның да валюталарының белгілі бір дәрежеде мұнайдың әлемдегі нарықтардағы бағаларының жай-күйіне байланысты. Мұнайдың әлемдік бағасының өсуімен екі валюта да нығаяды, мұнай бағасының түсуімен – әлсірейді.
Бұдан басқа, Қазақстан мен Ресейдің саяси және өзара сауда қарым-қатынастары айтарлықтай тығыз. Бұл елдерімізде экономикалық саясат жүргізу кезінде белгілі бір із қалдыратыны сөзсіз. Соған қарамастан, өз жолымызды таңдауда біз тәуелсізбіз, ал Кеден одағының құрылуы айтарлықтай тығыз ықпалдасуға, оның ішінде ақша-кредит және валюта саясаттарын жүргізу мәселелерінде ықпалдасуға жәрдемдесетін болады.
Ақша-кредит саясатын жүргізу мәселесі бойынша Кеден одағына мүше мемлекеттер орталық банктерінің ақша-кредит саясаттарын қатаң өзара байланыстыру мәселесінің қойылмағанын атап өткен жөн. Қазіргі уақытта мемлекеттердің макроэкономикалық саясаттарын келісу жөнінде жұмыс жүргізілуде. Бұл макроэкономикалық тұрақтылықты және елдердің экономикаларын дамытуды қамтамасыз етуге, экономикалардың жұмыс істеуінің бірыңғай қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды жүргізуді, сондай-ақ негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өлшемдерін келісуді болжайды.
Ұлттық банктің резервтері 32 миллиард доллардан асты
– Ұлттық Банктің ақпаратына сәйкес еліміздің де, Ұлттық Банктің өзінің де АВР-і дағдарыстан кейінгі кезеңде тұрақты түрде өсуде. Қазіргі кезде оның құрылымы қандай және бағамдардың жоғары құбылмалылығы мен алтын активтердің құнын ескере отырып ҚР ҰБ-ның саясаты қандай болмақ?
– 2011 жылы Қазақстанда халықаралық резервтердің өзгеру динамикасы өсудің оң қарқынын көрсетуде. Мәселен, 2011 жылғы 10 айда тұтастай алғанда елдің халықаралық резервтері, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін қоса алғанда (42,4 млрд. доллар) 26,6%-ға өсті және 2011 жылғы қазанның аяғындағы жағдай бойынша 75 млрд. доллар болды. Ағымдағы жылғы үшінші тоқсанның аяғында Ұлттық Банктің алтын-валюта активтерінің жалпы көлемі 32 миллиард долларға жуық болды және портфельдік бөлу мынадай болды: инвестициялық портфель (70%), өтімділік портфелі (17%), алтын портфелі (12%), стратегиялық портфель (1%).
Ең ірісі инвестициялық портфель болып табылады, оның қосалқы портфельдері еурода (35%), АҚШ долларында (30%), жапон йенасында (30%), британ фунттарында (10%), австралия долларында (5%), канада долларында (5%) және корея вонасында (5%) номинирленді. АВА-нің сақталуын және жоғары өтімділігін қамтамасыз ету үшін олар көп дәрежеде дамыған елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарына инвестицияланды. Сонымен бірге, ҚР ҰБ қаржы нарықтарын талдау бойынша және алтын-валюта активтерін әртараптандыру мәселелері бойынша тұрақты жұмыс жүргізетінін атап айту қажет.
Ақша айналымы заңы: Талап етілетіннен аз да емес, көп те емес
– Экономикадағы ақша айналысының жылдамдығы – экономика жағдайының маңызды сипаттарының бірі. Теңге қандай жылдамдықпен айналады және «тоқырау» пайда болмас үшін, «қаныаздыққа» ұшырамас үшін, немесе керісінше «ақша» қысымы өсіп кетпеуі үшін Қазақстанның экономикасына қанша ақша қажеттігін қалай анықтауға болады. Бұл сұрақты студент Әлия қойды, ол осы тақырып бойынша реферат дайындау үстінде және сіздің жауабыңызды пайдаланғысы келеді.
– Студенттің рефератына көмектесуге тырысайын. Сонымен, ақша айналысының жылдамдығы – бұл мәмілелерге қызмет көрсету кезіндегі ақша айналымдарының жылдық орташа саны. Ақша айналысы жылдамдығының өзгеруі көптеген факторларға байланысты, атап айтқанда экономикалық дағдарысқа және экономикалық құлдырау, өсу қарқынына, инфляция деңгейіне, кредиттің даму деңгейіне, қолма-қол жасалмайтын есеп айырысуларға, есеп айырысуларды автоматтандыруға, төлем айналымы құрылымына және т.б. Оның ішінде, 2011 жылғы маусымның аяғындағы жағдай бойынша ақша айналысы жылдамдығы 2,53 болды, бұл ретте, 2010 жылдың аяғында бұл көрсеткіш 2,57 деңгейінде белгіленген.
Жалпыға ортақ пікір бойынша ақша көптік етпейді. Алайда экономика үшін бұл пікір мүлде қайшы: ақша экономиканың өзіне қаншалықты қажет болса, соған тепе-тең болуы керек. Экономикадағы ақша көлемі көптеген факторларға тәуелді және елдер арасындағы айырмасы барынша күшті екендігін атап айтамын. Тұтастай алғанда, елдегі экономиканың номиналдық өсу қарқыны ақша массасының өсу қарқынымен салыстырмалы болуы керек. Егер ақша массасының өсу қарқыны экономикалық өсу қарқынынан асып кетсе, әдетте, ел экономикасында инфляциялық қысымның күшеюі байқалады. Кері құбылыс жүрген кезде, ол нарықта қолма-қол ақшаның жетіспеуіне және тиісінше экономикалық өсудің қарқынын тежеуге әкеліп соқтыруы мүмкін. Біздің бағалауымыз бойынша Қазақстанда ақша массасының қазіргі деңгейі экономиканың қазіргі деңгейіне бара-бар болып табылады. Атап айтқанда, ағымдағы жылғы қыркүйекте ақша массасы 3,2% - 9820,9 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. Жыл басынан бері өсу 15,8% болды. Айналыстағы қолма-қол ақшаның көлемі 0,5% өсті және 1260,7 млрд. теңге болды. Жыл басынан бері 9,8%-ға өсті. Осы кезеңде банк жүйесіндегі депозиттер сондай-ақ 3,6%-ға, 8560,3 млрд. теңгеге дейін өсті. Жыл басынан бері – 16,7%-ға өсті. Бұл ретте, ақша массасының құрылымындағы депозиттердің үлесі депозиттердің өсу қарқынының айналыстағы қолма-қол ақшаның өсу қарқынымен салыстырғанда алда болуы салдарынан 2011 жылғы тамыздағы 86,8%-дан 2011 жылғы қыркүйекте 87,2%-ға дейін өсті.
Біздің есептеулеріміз бойынша, қазіргі кезде экономикадағы ақшаның көлемі жеткілікті болып табылады. Елде қалыпты ақша айналымы байқалады. Сондықтан Ұлттық Банк экономикаға қосымша ақша құюдың қажеті жоқ деп санайды.
Ең басты күндер мен адамдар – теңге қатарында
– Соңғы кезде теңгенің банкноттары мен монеталары қатарында көптеген жаңалары пайда болды. Бұл ел тарихындағы маңызды оқиғалар мен күндерге ғана қатысты ма? Әлде осылайша, ақша қатары жаңартыла ма? Осыған байланысты сұрақ – ескі дизайнмен шығарылған ақша айналымнан шығып қалмай ма?
– Бұл нақты пайымдау емес: банкнот және монеталар қатарында – жаңа номиналдар жоқ! Есте қалатын, мерейтойлық күндерге және жалпымемлекеттік мәні бар оқиғаларға арналған банкноттар мен монеталар ғана бар. Олар да номиналдық құны бойынша заңды төлем құралдары болып табылады. Қолданыстағы дизайнның айналыста жүрген банкноттары мен монеталары айналыстан алынбайды. Жаңа дизайнның ескерткіш банкноттары айналысқа шектеулі таралыммен шығады және, әдетте, оларға Ұлттық Банк ұлттық валютаға арналған жаңа қорғаныш элементтерін сынақтан өткізеді.
– Егер бұл мемлекеттік құпия болып табылмаса, ҚР ҰБ банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес жыл аяғына дейін «премьералар» тағы бола ма?
– Жыл аяғына дейін «Шығыс күнтізбесі» сериясынан «Ұлу жылы» ескерткіш монетасын және Д.А.Қонаевтың 100 жылдығына арналған монеталарды шығару жоспарлануда. Ұлттық Банк қолданылып жүрген практикаға сәйкес БАҚ-та ұлттық валютаның коллекциялық және ескерткіш ақша белгілерін шығару туралы олар шығатын күні ресми жариялайды.
Бүктелгеннен ештеңесі кетпейді!
– Оқырмандардың сүйікті сұрағы. Әр түрлі номиналдардың банкноттары ұзақ өмір сүре ме және біздің ақшамыз үнемі таза қалпында болу үшін ҚР ҰБ құрылымдары қандай жұмыс жүргізеді?
– Банкноттардың орташа қызмет көрсету мерзімі 6 айдан 5 жылға дейін. Банкноттардың қызмет көрсету мерзімінің ұзақтығы оның номиналына байланысты. Айналыста номиналдары төмен банкноттар 6 айдан 8 айға дейін жүреді, ал ірілері 5 жылға дейін. Әр банкнот айырықша өңдеу әдісінің нәтижесінде 2000-нан 4000-ға дейін бүктеуге төзеді. Әрине, барлығы да ең алдымен купюраның номиналына және оны пайдалану тәсіліне байланысты. Банкнот банк ұяшығында өз қалпында жатса оның жөні басқа, ал бір әмияннан басқасына ауысып жүрсе – ол басқаша. Бірақ Ұлттық Банк тозған, ластанған, жыртылған, желімделген банкноттар мен ақаулы монеталарды қолма-қол ақша айналысынан алу бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. Бұл ақша қатарының тазалығын да қамтамасыз етеді.
– Халық та, бизнес те барған сайын төлемнің қолма-қол жасалмайтын нысанын көбірек игеруде. Оның ішінде – төлем карталары және электрондық ақша. Қолма-қол жасалмайтын төлемнің көлемі қолма-қол төлемге қатынасы бойынша тепе-теңдігі қандай?
– Қолма-қол жасалмайтын төлемдердің және электрондық ақша сияқты инновациялық төлем құралдарының дамуы ҚР ҰБ қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі болып табылады. Ұлттық Банк 2010-2011 жылдары электрондық ақшаның құқықтық мәртебесін заңды түрде бекіту және төлемдерді жүзеге асыру үшін оларды шығару мен пайдалану кезінде туындайтын құқықтық қатынастарды реттеу мақсатында Парламент Мәжілісінде және Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электрондық ақша мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасын келісу бойынша жұмыс жүргізілді. 2011 жылғы 21 шілдеде бұл заңға ел Президенті қол қойды. Ұлттық Банк сондай-ақ электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу тәртібін реттейтін, сондай-ақ олардың эмитенттеріне және Қазақстан Республикасының аумағындағы электрондық ақша жүйелеріне талаптарды белгілейтін тиісті заңға тәуелді актілерді әзірледі және бекітті. Осылайша, қазіргі кезде Қазақстан банктерінің электрондық ақшаны шығаруға және олардың айналысына арналған қажетті құқықтық база дайындалды.
Сондай-ақ төлем карточкалары нарығын дамытуға үлкен көңіл бөлінеді. Тұтастай алғанда, 2011 жылдың 9 айында қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын төлемдер көлемі 3 046,2 млрд. теңге сомасына 111,3 млн. транзакцияны құрады. Бұл ретте қолма-қол жасалмайтын төлемдер жалпы санның және соманың тиісінше 19,9%-ына және 13,5%-ына сәйкес келеді. Сонымен бірге Қазақстанның қаржы институттары төлем карточкаларына қызмет көрсету желісін кеңейту жөнінде тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Мәселен, Қазақстанда 2011 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша ақы төлеуге төлем карточкаларын қабылдайтын 11 657 сауда кәсіпорны жұмыс істейді, олар 17 704 сауда нүктесінде төлем карточкаларына қызмет көрсету үшін жабдықтарды орнатты. Төлем карточкаларына қызмет көрсету желісі 2011 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша мынадай түрде берілді: 7 920 банкомат, 27 579 POS-терминалы және 616 импринтер.
Қолма-қол жасалмайтын төлемдер көлемінің өсуі мен айналыстағы қолма-қол ақша массасы көлемінің азаюы қолма-қол жасалмайтын есеп айырысулардың инфрақұрылымдарын пайдалануда қолайлы, қауіпсіз және қымбат емес жағдай жасауға байланысты және тұтастай алғанда халықтың есеп айырысудың осы нысанына көзқарасының оң өзгерісімен байланысты. Осы бағыттағы қозғалыс әзірше ойдағыдай деңгейде қарқынды болмағанымен үдерісті барынша оң сипатта деуге болады.
Жасандылыққа жол бермеу
– Ақшаны қолдан жасау – барлық валютаға ортақ проблема. Жақында ғана жалған теңге жайында тағы да хабар болды. Сарапшылар жалған ақшаның төмен сапасы туралы айтып отыр, алайда азаматтардың бәрі бірдей оларды бірден тани алмайды. Ұлттық Банк теңгені қорғау үшін не істейді?
– Жалған ақша жасау алғашқы ақша пайда болған күннен бастап бар және өкінішке орай ақша белгілерін қолдан жасауды түбірінен жою іс жүзінде мүмкін емес. ҚР Ұлттық Банкі, кез келген басқа эмиссиялық банк сияқты, ақша белгілеріне жалған ақша жасаушылар үшін оларды шығару технологиялық тұрғыдан күрделі, еңбекті және шығынды көп қажет ететін қорғаныш элементтерін енгізуді алдына міндет етіп қояды.
Ұлттық Банкте бұл міндет екі негізгі бағыт бойынша шешіледі:
1) ұлттық валюта – теңгенің қорғаныш элементтерін тұрақты түрде жетілдіру;
2) ақпараттық жұмыс, халыққа банкноттардың және монеталардың төлемге жарамдылық және түпнұсқалылық белгілерін түсіндіру, яғни халыққа арнап бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде сөйлеу, буклеттер, плакаттарды, үнпарақтар, фильмдер және роликтер шығару.
Теңгенің суретін салып… ұлттық банктен жүлде алу
– Ұлттық Банк жақында ғана ересектер мен балалар арасында монеталардың ең үздік дизайнына конкурс жариялады. Оның мақсаты қандай және халық оған қаншалықты деңгейде белсене қатысуда?
– Ұлттық Банк Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу шеңберінде «Менің Қазақстаным» тақырыбына монеталардың ең үздік дизайнына елдің шығармашылыққа әуес және мүдделі азаматтары арасында ашық конкурс өткізуді жалғастыруда. Конкурс екі номинация бойынша жүргізіледі - «Халықтық монета» және «Балалар монетасы». Конкурс ұлттық валюта – теңгенің имиджін нығайтуға бағытталған озық идеяларды іздеу мен қолдау мақсатында және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкін бұрынғыдан да танымал ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының беделін экономикалық тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде қалыптастыру үшін жарияланды.
Қазіргі кезде, Ұлттық Банкке екі номинация бойынша 70-тен астам жұмыс келіп түсті. Біздің халықтық дизайнерлер үшін конкурсқа қатысуға әлі де уақыт бар, себебі көптеген өтініштер бойынша конкурстық жұмыстарды қабылдау уақыты ағымдағы жылдың 10 желтоқсанына дейін ұзартылды, ал конкурстың нәтижелерін ағымдағы жылдың 15 желтоқсанында шығару жоспарлануда!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Алевтина ДОНСКИХ.
RSS Теңгенің кәмелеттік жасқа келген күні. Ұлттық валюта дағдарыстар мен құнсызданулар арқылы сынақтан өтіп,
туған күнін ойдағыдай қарсы алып отыр.
TW 18 жыл – ұлттық валютамен бірге.