Қарт Қаратаудың теріскейінде жатқан, кішігірім бірнеше мемлекет сыйып кетердей даласы бар Созақтың басынан өткермегені жоқ. Осы ауданда Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында атақты «Созақ көтерілісі» бұрқ етті. Міне, осы айтулы оқиғалардан соң да Кеңес өкіметінің Созақ атауына да, ауданына да бүйрегі бұра қоймады. Басшыларды үнемі сырттан әкеліп, бекітті. Ауданда тек мал шаруашылығы ғана өркендеп, жастарды қозыдай көгендеп, «екінші тыңға» әкеліп тоғытты. Қойнауы қазынаға толы Қаратаудың теріскей төңірегінде мал қорасы салынса салынған шығар-ау, бірде-бір өндіріс ошағы бой көтермеді.
Күндердің күнінде Теріскейдің таңы атты. Қазіргі таңда теріскейлік түлектер әлемнің түкпір-түкпірінде тағылым-білімдерін тереңдетіп жатыр. «Болашақ» бағдарламасы, уран өндірісі алпауыттарының қолдауымен шетелдерге барып білім нәрімен сусындап жатқан жастардың қарасы жыл сайын жиырмаға жетіп жығылады. Бүгінгі теріскей – түлеген, табысы тасқындаған, түр-тұрпаты бөлек төңірек. Күні кеше төрт түліктен басқа тіршілік бар деп бағамдай бермейтін адамдардың ұрпақтары енді қазбалы байлық өндіру ісімен жаңа технологияларды іркілмей игеру тәсілін меңгере отырып айналысады.
Бірер мысал келтірсек. Биылғы 8 айда өнеркәсіп саласында 59 млрд. 49 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға немесе 8 млрд. 831 млн. теңгеге артық.
Ауданның өнеркәсіп саласын дамыту бағытында нақты іс-шаралар атқарылуда. Бүгінде мұнда уран өндірісіне қажетті күкірт қышқылын өндіретін зауыт салу қолға алынды. Бұл үшін «Омега Шемикалс» ЖШС-не 40 гектар жер телімі берілді. Сондай-ақ таяуда алтын-күміс өндірумен айналысатын «Теріскей» ЖШС жұмысын қайта бастады. Жоғарыдағы мекемелер бизнес жобалары бойынша аудан экономикасына қомақты инвестиция жұмсайтын болды. Көрдіңіз бе, «қидан басқа құнарлы ештемесі жоқ» делінетін Созақта зымыранды көкке көтеретін уран да, жер жүзінің барша адамдарының көзқұртына айналған алтын-күміс те бар екен.
Аудан орталығы – Шолаққорған қазір шағын шаһар іспеттес: көшелер гүлзарларға, әдемі алаңшаларға, сымбатты субұрқақтарға, еңселі ескерткіштер мен монумент, стеллаларға толып тұр. Тұрғын үйлер жаңаша тұрпатқа ие болған, жолдар асфальтталған. Әр үйде таза ауыз су күндіз-түні келіп тұр. Жуырда ғана аудан орталығында жаңа перзентхана ашылды. Соңғы жылдары Президент Н.Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Балапан» мемлекеттік бағдарламасына орай Қарақұр, Жыныс ауылдарынан 80 орындық бала-бақшасының құрылыстары басталды. Биыл Сызған ауылынан аудандық бюджет есебінен 63 млн. 944 мың теңгеге 50 орындық жаңа балабақшасы салынып, бүлдіршіндерді қуантты.
Аудан спортшыларының жеңістерін санамаласақ, саусақ жетпейді. Бүгінде аудан әкімдігі спорт саласына 59 млн. 305 мың теңге қаржы бөлді. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 4 млн. 914 мың теңгеге артық. Биылдың өзінде 19 спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілді. Ұлттық ат спорты – бәйге мен көкпарды дамытуға көңіл бөлінген. Сонымен қатар, қазақша күрес, еркін күрес, волейбол, футболдан секциялар жұмыс жасайды.
Бюджеттің қаржысы толмай, ешқандай саланың бүйірі шықпайды. Өткен мерзімде бюджет кірісі 58 млрд. 298 млн.теңгені құрап, былтырғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 18 млрд. 12 млн.теңгеге немесе 145 пайызға артқан. Жыл басынан бері бюджет кірісі 267 млн.-нан 552 млн. теңгеге ұлғайыпты. Осы жерде бір айта кетерлігі, созақтықтар облыс бойынша ең жоғары жалақы алатындар болып табылады.
Өткен уақытта негізгі капиталға 19 млрд. 696 млн. теңге инвестиция тартылған. Оның 57 пайызы кәсіпорындар мен ұйымдардың және халықтың өз қаржысы есебінен, 34 пайызын шетел инвестициясы, 2 пайызын республикалық бюджет құрайды.
Атакәсіп саналатын мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. 8 айда аграрлық салада 3 млрд. 456 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, 2010 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 850 млн. теңгеге немесе 133 пайызға артқан. Төрт түлік саны тұрақты өсіп келеді.
Бүгінде ауданда 13 агроқұрылым асыл тұқымды мал өсірумен айналысып отыр. Қазір қосымша 5 шаруашылық асыл тұқымды мал өсіру үшін құжаттарын әзірлеуде. 112 ұсақ шаруашылық ірілендірілген. Созақ селосында сүт өңдеу цехы, Таукент поселкесінде ет өнімдерін өңдеу цехы салынып жатыр. «Катко» бірлескен кәсіпорны италиялық технология бойынша жүн, тері өңдеу цехын ашуды көздеуде.
Егін шаруашылығы бойынша биылға межелеген 10500 гектар егістің 9502 гектарына егін егілді. Мұның ішінде 5247 гектар суармалы жер игерілді. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында үйіргелік 1195 гектар жерге көкөніс, бақша, картоп өнімдері егілді. Тамшылатып суару технологиясы бойынша 127 гектар жер игерілді.
Кәсіпкерлік саласында биыл 125 жаңа субъекті ашылып, 151 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы кезде Күмістіден балық өсіру үшін Шу бойынан қамыстан ламинат жасау, пластик есік-терезе жасайтын, кірпіш құятын цехтар салу жоспарлануда. Ауданда биылдан бастап әр ауылға күл-қоқыс жинайтын арнайы автокөліктер бекітіліпті. Мұның өзі елді мекендердің тазалығына ықпал етсе, екіншіден, кәсіпкерлер қосымша қаржы табу жолдарын игермек.
Құрылыс саласындағы қарқын да қуантады. Қазір ауданда Бабата, Ыбырай, Құмкент елді мекендеріне ауыз су құбырлары жүргізілуде. Қаратау және Бабата ауылдарынан 200 орындық мектеп құрылысы салынуда. Созақ ауылынан 25 орындық аурухана, Қаратау, Қарағұр ауылдарынан дәрігерлік амбулаториялар, Қайнар, Қызылкөл елді мекендерінен ФАП құрылыстары салынып, аяқталды.
«Таза су» бағдарламасы бойынша Шолаққорған, Сызған, Қарақұр, Қаратау, Созақ ауылдарында құбырлар жүргізілді. «Жасыл аймақ» бағдарламасына сай 254 гектар жерге 106 мыңнан астам түрлі ағаш көшеттері егілді. 75 гектар жерге 31299 дана жеміс ағаштарының көшеттері отырғызылды.
Боз жусанына дейін ұя салған Созақ Тәуелсіздік пен Елбасымыз Н.Назарбаевтың сара саясатының арқасында жыл сайын түлеп, түрленіп келеді. Теріскейдің жарқын болашағы әлі де алда.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.