«Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының он айлығы қорытындыланды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік дағдарыстан кейінгі еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін Үкіметке жыл сайынғы 7 пайыздық орнықты дамуға қол жеткізуді тапсырған болатын. Осы аптаның ішінде өткен Үкімет отырысында ел дамуының он айлық қорытындысы қаралып, Елбасы алға қойған міндеттің мүлтіксіз орындалып келе жатқандығы атап көрсетілді. 7 пайыздық даму – бұл әлем елдерінің бүгінгі жағдайына назар аударатын болсақ, қазіргі дүние дидарындағы ең алдыңғы қатарлы көрсеткіштердің бірі. Аталған Үкімет отырысында негізгі баяндаманың бірін жасаған еліміздің Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің атап өткеніндей, 2011 жылдың тоғыз айындағы ішкі жалпы өнімнің өсім деңгейі 7 пайызды құраса, он айлық қорытынды бойынша экономиканың базалық алты саласындағы алға басу 7,2 пайызды көрсеткен. Демек, даму жағдайымыз алдын ала жоспарланғанға сәйкес келіп отыр деп айта аламыз. Мұндай көрсеткішке қол жеткізуге әлемдік экономикадағы жандану үрдісі, ел экономикасының экспорттық бағыттағы өнімдеріне сыртқы баға конъюнктурасының дұрыс болуы, ішкі рыноктағы сұраныстың артуы секілді факторлар жағымды әсер еткен. Мәселен, ішкі және сыртқы сұраныстардың артуы мен кеңеюі еліміздің өнеркәсіптік өндірісінің өсімін он айдың қорытындысы бойынша 4 пайызға қамтамасыз еткен. Соның ішінде елімізді индустрияландыру бағдарламасындағы алға қойылған міндеттерге сәйкес өңдеу өнеркәсібінің дамуы өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 6,9 пайызды құрап, тау-кен, өндіру салаларына қарағанда барынша басымдықпен дамып келе жатқандығын көріп отырмыз. Мәселен, химиялық өнеркәсіптің өсімі 22,8 пайызды құраса, мәшине жасау саласының өсімі 19,1 пайызды, металлургиялық өнеркәсіптің өсімі 7,6 пайызды құраған. Мұндай оң көрсеткіштерге қол жеткізуімізге индустрияландыру картасына сәйкес жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы елеулі ықпал еткендігін айта кетсек артық болмас. Өнеркәсіптік өндірістің өсуі еліміздің барлық өңірлері бойынша байқалып отыр. Соның ішінде ең жоғары өсімге Астана қаласында (30,5 пайыз), Жамбыл (32,3 пайыз) және Ақмола (17,9 пайыз) облыстарында, Алматы қаласында (15 пайыз) қол жеткізілген. Он айдың ішіндегі ауылшаруашылық өнімдері өндірісінің жалпы өсімі 22,8 пайызды құрап, дамудың жоғары деңгейін көрсетті. Бұған ең алдымен, биылғы жылғы рекордтық астық жинау нәтижесінде егіншілік өндірісінің 46 пайызға өскендігі үлкен ықпал етті. Құрылыстағы өсім деңгейі 2,8 пайыз болды. Бұл былтырғы жылдың осы мерзіміндегі (1 пайыз) көрсеткіштен едәуір жақсы. Оның үстіне құрылыс саласына келген инвестиция көлемі 321,3 миллиард теңгені құрап, былтырғы жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 31,2 пайызға артып түскендігін атап көрсетуіміз қажет. Бұл қаржының құрылыс саласына жағымды ықпалы алдағы кезеңдерде айқын біліне бастайды деуге болады. Экономиканың дамуына ықпал жасаған маңызды факторлардың бірі тұтынушылық сұраныстың арта түскендігі болып отыр. Мәселен, жыл басынан бері бөлшек саудадағы тауар айналымы 12,7 пайызға өссе, көліктің барлық түрлері бойынша тасымалдау көлемі 21,6 пайызға, байланыс қызметінің көлемі 17,8 пайызға арта түскен. Қазіргі күнгі инвестициялық белсенділік негізінен кәсіпорындардың өзіндік қаржысы есебінен қамтамасыз етілуде. Қаңтар-қазан айларындағы жалпы инвестициядағы оның үлесі 48,4 пайызды құраған. Ал шетелдік инвестициялар үлесі өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен аздап төмендеп, 22,5 пайыз болды. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі негізгі капиталға қосылған бюджет қаражатының үлесі де едәуір дәрежеде. Ол 18,2 пайызды көрсетіп отыр. Енді өңірлер жағдайына келер болсақ, инвестициялардың жақсы өсімін Астана қаласы (29,1 пайыз), Шығыс Қазақстан облысы (33,6 пайыз), Қарағанды облысы (16,4 пайыз) көрсеткендігін атап өтуге болады. Экономиканың нақты секторындағы өсімнің жоғары қарқындылығы, сыртқы конъюнктураның қолайлы болуымен қосыла келе еліміздің сыртқы сауда айналымының қаңтар-қыркүйек айларында 41,3 пайызға көтерілуін қамтамасыз етті. Оның жалпы көлемі 39,8 миллиард долларды құрады. Тоғыз айдың ішінде ел экспортының жалпы көлемі 65,8 миллиард доллар болды. Бұл өткен жылдың осы мерзіміндегіден 49,9 пайызға артық көрсеткіш. Импорт 26,1 миллиард долларды құрап, былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 23,5 пайызға арта түсті. Соның ішінде импорттық көрсеткіштердің елімізге келген азық-түлік тауарлары есебінен өскендігін айтуға болады. Қазақстан экспортының дамуына Кеден одағы елдері тарапынан сұраныстың артуы әсер еткендігін айтуымыз керек. Тоғыз айдың ішінде еліміздің Ресейге жіберген экспорттық өнімдерінің көлемі 48 пайызға өсе түсіпті. Ал осы елдермен жалпы өзара сауда көлемі 46,2 пайызға, соның ішінде экспорт 53,3 пайызға, импорт 43 пайызға өсе түскен. Осындай экономикалық көрсеткіштердің жақсарып, дамудың жоғары деңгейі білініп отырған шақта елдегі макроэкономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін инфляциялық үдерістердің баяу болуының маңызы зор екендігі белгілі. Дегенмен, қарқындылықтың аты – қарқындылық. Ел ішіне қаржы көбірек құйылған шақта бұл үдеріс инфляциялық көрсеткіштерді қозғамай тұра алмайтындығы анық. Біз жалпы даму үдерісінде осы мәселенің де бар екендігін байқаймыз. Мәселен, Қайрат Келімбетовтің баяндамасында тұтыну тауарларының бағасының өсімі жыл басынан бері 6,5 пайызға артқандығы, мұның өзі өткен жылдың осы мерзіміндегіден 0,3 пайызға көп екендігі атап көрсетілді. Бағаның көтерілуіне негізінен азық-түлік бағаларының 8 пайызға өсіп, өткен жылдың осы мерзіміндегіден 0,6 пайызға арта түскендігі әсер етіпті. Сондай-ақ, ақылы қызметтер бағасы 6,7 пайыз, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 4,4 пайыз көтеріліпті. Баға рыногындағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Үкімет Кеден одағы аясында кедендік-тарифтік реттеу шараларын қолданды. Үстіміздегі жылдың басында Үкімет табиғи монополиялар субъектілері тарифтерінің өсуін шектеу туралы шешім қабылдады. 2011 жылғы инфляциядағы реттелетін тарифтердің деңгейі 1,58 б.б. шегінде қабылданды. Он айдың қорытындысы бойынша оның үлесі 0,716 пайызды құрады. Қазіргі күні бөлшек сауда рыногындағы мұнай өнімдерінің, азық-түлік тауарларының бағаларына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп келеді. Осының нәтижесінде он айдың ішінде рыноктағы 78 субъектінің қызметіне талдау жүргізіліп, олардың бағаларын көтерулеріне сенімді себептердің болмағандығы анықталды. Кейбіреулерінде бағаның көтерілуі өзара жасырын келісім арқылы алаяқтық жолмен өсірілгендігі мәлім болды. Елімізде индустрияландыру жобалары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні жалпы сомасы 9 миллиард теңгені құрайтын 234 индустриялық жоба іске қосылса, соның 20 миллиард теңгені құрайтын 82 жобасы үстіміздегі жылы пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 29 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Статистикалық агенттіктің мәліметі бойынша, іске қосылған жаңа өндіріс орындарында 332 миллиард теңгенің өнімдері шығарылып, қызметтері көрсетілген. Өнеркәсіптегі өсімнің 2,7 пайызы, соның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі өсімнің 4 пайызы нақ осы жобалардың үлесіне тиеді. Жыл басынан бастап шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысында оң нәтижелер байқалды. Он айдың ішіндегі олар өндіретін жалпы өнімдердің өсімі 2,6 пайызды құрады. Өңір арасында Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Жамбыл облыстарында жағдайдың жақсара түскендігі байқалды. Үстіміздегі жылы Қазақстан кәсіпкерлерге қолайлы жағдай туғызу жөніндегі бүкіләлемдік рейтинг бойынша бұрынғы орнынан 11 сатыға көтеріліп, 47-ші орынға ие болды. Сөйтіп, біз бұл жөнінен Қытай, Түркия, Польша, Ресей, Беларусь секілді елдердің алдына түстік. Халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсара түсті. Тоғыз айлық қорытынды нәтижесінде халықтың нақты ақшалай кірісі 6,8 пайыз ұлғайса, нақты жалақы көлемі 5,5 пайызға артқан. Жұмыссыздық деңгейі үстіміздегі жылдың қазан айында 5,3 пайызды құрады. Бұл 2010 жылдың осы мерзіміндегіден 0,2 пайызға төмен. Экономиканың жақсаруы бюджет кірістеріне де оң әсер еткендігі байқалады. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған еліміздің Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, салықтық және кедендік әкімшілендірумен қоса алғанда салықтың негізгі түрлері бойынша жоспардың асыра орындалуын қамтамасыз еткен. Мәселен, мемлекеттік бюджетке 4 триллион 327 миллиард теңге, республикалық бюджетке 3 триллион 623,6 миллиард теңге кірістер түскен. Бұлар тиісінше 98,1 пайызды және 97,9 пайызды құрайды. Жоспардың 100 пайыз орындалмауына бюджеттік бағдарламаларды орындауға ақшаның жеткілікті болуына байланысты Ұлттық қордан кепілді трансфертті тартудың қажет болмауы әсер еткен. Республикалық бюджетке түскен салық көлемі 2 триллион 390,5 миллиард теңгені құрады. Бұл осы бойынша жоспардың 102,9 пайызға орындалғандығын көрсетеді. Соның ішінде 2011 жылдың он айында түскен салық көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 863,1 миллиард теңгеге арта түскен. Кеден одағы елдеріндегі кедендік баж салығын бөлу тетіктерінің іске қосылуы нәтижесінде елімізге қосымша 81,1 миллиард теңгенің кірістері келіп құйылды. Ал экспорттық баж салықтарын іске қосу нәтижесінде мұнайдан 335,8 миллиард теңге түсті және 417,2 миллиард теңге ел экономикасындағы жағдайдың осының алдындағы жылмен салыстырғанда жақсара түсу нәтижесінде құйылды. 2011 жылдың он айында Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына 2 триллион 800,2 миллиард теңге қаржы келіп түсті. 2011 жылдың 1 қарашасындағы мәлімет бойынша, Ұлттық қордағы қаржы көлемі 7 триллион 491,3 миллиард теңгені құрады. Мемлекеттік бюджеттің шығындары 4 триллион 535,8 миллиард теңге болды. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 93,8 пайызы. Ал республикалық бюджет 3 триллион 934,8 миллиард теңгеге немесе жоспарланғанның 96,1 пайызына орындалды. Республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің орындалмай қалуына қазан айында бюджетті қайта нақтыландыру үдерісі кезінде шығыс бөлігінің 217,8 миллиард теңгеге арттырылғандығы әсер еткендігін айту керек. Ал бұған бюджеттік бағдарламалар әкімшіліктерінің қажетті бюджеттік үдерістерді дер кезінде орындай алмай қалуы себеп болған. Сонымен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының он айлық қорытындысы жағдайдың жақсарып келе жатқандығын, Елбасының экономикалық дамуды 7 пайыздан төмендетпеу жөніндегі тапсырмасының орындалуда екендігін көрсетіп берді. Енді осы қарқынды жыл соңына дейін ұстап отыру қажет. Сонда бұл ел Тәуелсіздігінің 20-шы жылының өзіндік бір белесі болып табылмақ. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.
•
18 Қараша, 2011
Тұрақтылықтың тамаша көрінісі
319 рет
көрсетілді