Оқырман азайып, көрермен көбейген бүгінгі заманда ғаламшардан іздегеніңді ғаламтордан табу қиындық тудырмайды. Жаһандану дәуірінде жас ұрпақты ұлттық нәрмен сусындатудың өзі үлкен мәселе. Дегенмен телефонға телмірген қазіргі адамдардың назарын телеарнаға бұрғызу үшін Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің атқарған жұмыстарынан аттап өтуге болмас. Бұрындары отандық арналардан корей мен үндінің телехикаялары көп берілгендігі жасырын емес. Осы және өзге де олқылықтардың орны толғанын отандық телетуындылардың көбейгенінен көруге болады.
«Қазмедиа» орталығында өткен жиында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өткен жылы әртүрлі жанрдағы, түрлі тақырыпты қамтитын 40 сериал көрермен назарына ұсынылғанын атап өтті.
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазір біз отандық сериалдарды дамытуға барынша көңіл аударып отырмыз. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша, халқымыздың салт-дәстүрін, тарихы мен ерекше құндылықтарын насихаттайтын телеөнімдерге баса назар аударып келеміз.
Мәселен біз өткен жылы әртүрлі жанрдағы, түрлі тақырыпты қамтитын 40 сериалды көрермен назарына ұсындық. Отандық телехикаяларды түсіруді тек қана мемлекеттік арналарға емес, коммерциялық каналдарға да тапсырған болатынбыз. Жанрлар жан-жақты әрі әртүрлі жастағы аудиторияға арналғандықтан бұл жұмысты жауапты мамандарға табыстадық деп ойлаймын. Бұл сериалдардың бірнеше бағыты болды. Мәселен, қоғамның әлеуметтік тұстары, отбасылық құндылықтар мен береке-бірлікті насихаттап, халқымыздың бай тарихы мен дәстүрін де көрсетуге тырыстық. Әрине көрерменнің көзқарасы әртүрлі болады. Сондықтан сериалдардың рейтингі де бірден артып кетуі мүмкін емес. Ең бастысы, осы жұмыстар шығармашылық топтардың кәсіби деңгейінің өсуіне ықпал етеді. Біз оған сенеміз. Құрметті көрермендеріміздің, зиялы ортаның пікірлерін біліп отырмыз. Экранды шетелдік сериалдар жаулап алды дейтіндер де бар. Сондықтан біз алдымызға ауқымды стратегиялық мақсат қойдық. Бұл мақсатымыз – сапалы отандық телефильмдердің санын арттыру, көрермен талғамына сай, жақсы сериалдар түсіру. Сондықтан да бұл жұмысты жалғастыра беретін боламыз», деді Д.Абаев.
Сонымен қатар министр өткен жылы 131 әлеуметтік бейнеролик түсірілгенін және бұл Қазақстан телеарнасының тарихы үшін рекордтық көрсеткіш екенін жеткізді.
«Ақпараттық технологиялар күннен-күнге дамып жатқан заманда біз ата салтымызды сақтап қалуға, эфирде көрсетілетін дүниелердің сапасын арттыруға үлкен назар аударуымыз қажет. Халқымыз «Елдік мұрат – ең биік мұрат» деген қанатты сөзді бекер айтпаған. Сонымен өткен жылы «Қазақстан» телеарнасы 15 сериал, «Хабар» 13 сериал, жеке телеарналар әртүрлі жанрлар мен түрлі тақырыпты қамтитын 12 өнім шығарды», деді министр.
Жиынға қатысқан «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаев «Хабар» арнасында шығатын сериалдардың 95 пайызы қазақ тілінде екенін атап өтті.
«Өйткені бізде отандық өнімге, оның ішінде қазақ тіліндегі өнімге деген сұраныс жоғары. Сол себепті біз көпшілік көрерменнің қазақтілді азаматтар екенін ескере отырып, қазақтілді аудиторияның қатары артып келе жатқанын алдыңғы орынға шығара отырып, мемлекеттік тілдегі өнімді көптеп шығарамыз. Бұрындары сериалдар аз түсірілетін кезде бір жылға арналып жоспарланып түсірілген сериалдарды біз сол жылдың ішінде түсіріп, көрсетіп бітіретінбіз. Ал соңғы жылдары Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің сериал өндірісін қолдауы, сериалдарды қаржыландыруды арттыруы арқасында былтыр шыққан сериалдардың ішінде әлі де болса қаңтар, ақпан айларында эфирге шығаруға жоспарланып отырған дүниелер бар. Бірақ барлық сериалдар өндіріс бойынша жоспарланған мерзімде түсіріліп, тапсырылып үлгерді. Отандық сериалдардың түсірілуі телеарна үшін де үлкен көмек. Өйткені, телеарнада екі маусым бар. Олар: көктемгі және күзгі маусым. Сол маусымдардың ортасындағы үзілістерді сездірмей, көрерменнің отандық сериалдарды жыл бойы көруіне жақсы мүмкіндік беріліп отыр деген ойдамыз», деді ол.
Ал «Астана» телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбай негізінен сериалдардың тілі ол арнаның бағытына, аудиториясына байланысты дейді. Сонымен қатар Л.Танысбай «Астана» арнасы аудиториясының 87 пайызы қазақ тілінде болғандықтан, сериалдар тек қазақ тілінде түсірілетінін тілге тиек етті.
«QAZAQSTAN» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин Ұлттық арна түсірген «Тар заман» телесериалына тоқталып, кеңінен ақпарат берді. «Тар заман» сериалы ХХ ғасырдың басындағы түрлі тарихи драмалық оқиғаларға арналған туынды. Бұл ауқымды жоба болды. Біз оған мұқият кірісіп, ұзақ дайындадық. Тұрсын Жұртбай, Берік Әбдіғалиұлы бастаған арнайы кеңесшілер тобы құрылды. Берік Әбдіғалиұлы жобаның басынан аяғына дейін өзі кеңесші болды. Біз оның сценарийін мұқият зерттеп, қарап, ойнайтын актерлерді де бүкіл республика бойынша іріктедік. Сериал бірнеше жерде түсірілді. Нақтырақ айтсақ, Алматыда, Талдықорғанда, Таразда, Меркіде, Павлодарда, Баянауылда және Орынборда түсірілім жұмыстары жүргізілді. Бұл сериалда 37 тарихи кейіпкер суреттелген. Негізгі кейіпкерлері – Алаш қайраткерлері. Аталған туынды көрермен назарына наурыз айында ұсынылады», деді Ерлан Қарин.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»