«Әуелі бұл шіркінді бастау қиын» дегендей, елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынған кезде оны қай қырынан бастауды ойлап, кідіріп қалған өңірлер де жоқ емес. Осындай жауапты шақта Ақтөбе облысында оны жүзеге асырудың шұғыл іс-жоспары жасалып, бағдарламаны одан әрі байыту мен түрлендірудің жолдары белгіленді.
Бұл істе ең алдымен, қолжетімді коттедждер мен аз қабатты тұрғын үйлер салуға басымдық берілді. Көп кешікпей өткен жылдың наурыз айында қанатқақты сәулет жобалары бойынша құрылыс жұмыстары басталып та кеткен еді. Бұған қоса бағдарлама аясында тоғыз қабатты тұрғын үйлер салу ісі де жоспарға енгізілді. Аз уақыттың ішінде «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысына қатысты аймақта айқындалған жоба Үкімет тарапынан қолдау тапты. Арада екі-үш ай өткенде Ақтөбе облысы тұтастай елімізде өркен жая бастаған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының басты үйлестіруші буынына айнала бастады. Осы бастамамен оң тәжірибені көру, үлгі алу үшін еліміздің өзге өңірлерінен арнайы делегациялардың келуі айтылған тұжырымның басты дәлелі.
Ендігі жерде сөзіміз жалаң болмас үшін Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасынан алынған кейбір деректерге сүйенейік. Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде барлық қаржыландыру көздері есебінен 650 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған екен. Бұл меже 792,3 мың шаршы метр көлемінде орындалған. Яғни алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 128,5 пайызды құрайды. Облыс орталығының «Нұр Ақтөбе» деп аталған шағын тұрғын үй ауданында 2330 бірліктегі дербес баспана салынып, пайдалануға берілді. Оның 194-і коттедж болса, 858-і үш қабатты тұрғын үй. Ал 1278 пәтерден тұратын баспаналар тоғыз қабатты үйлердің еншісіне кіреді.
Ақтөбе өңірінің құрыш қолды құрылысшылары бұл істі Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен бірге іске асыру үстінде, жаңа баспананың кілтіне ие болып үлгергендердің басым бөлігі аталған банктің салымшылары. Олардың қатарында әлеуметтік сала мен бюджет қызметкерлері, аз қамтылған отбасылар бар. Солардың бірі жас отбасы иесі, үш баланың әкесі, Кеңқияқ кенішінде вахталық жұмыс істейтін білікті маман Бауыржан Жұмабаев 3 бөлмелі пәтерге ие болды. Зайыбым Айнұр мен балаларымның қуанышында шек жоқ. Бұл үшін біз үш жыл бойы қаржы жинақтадық. Әсіресе, бізді перзенттеріміздің сабақ әзірлеу үшін өз бөлмесі болатыны сүйсіндіреді, дейді ол.
Ал үш қабатты үйден 2 бөлмелі пәтердің кілтін алған 12 жастағы қызын тәрбиелеп отырған қала тұрғыны Ирина Касьянова өзіне өзге аумақ емес, нақты осы «Нұр Ақтөбеден» баспана бұйыруы жарты бақыты деп есептейді. Оның айтуынша, аталған жаңа тұрғын үй ауданының инфрақұрылымы өте жақсы. Әрі бұл жер экологиялық тұрғыдан өте таза аумақ. Егер жалқыдан жалпыға көшер болса, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ Ақтөбе филиалынан алынған деректер бойынша бүгінде нысандарды жаппай пайдалануға беру үрдістері өткізілуде. Ол үшін салымшылар мен банк филиалы арасындағы сатып алу, сату, пәтерлерді бөлу жөніндегі қат-қабат істер жүргізілуде.
Биыл облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында барлық қаржыландыру көздері есебінен 850 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Бұл шамамен 8 мың пәтер. Сөз жоқ, салыстырмалы түрде алғанда, бұл – өңірлер арасындағы биік көрсеткіш. Бұған қол жеткізу үшін өңірде «Бәйтерек Девелопмент» АҚ арқылы жергілікті атқарушы органдардың құнды қағаздарын пайдалану қарастырылған. Мұның өзі несиелік тұрғын үйлер құрылысына тән басты ерекшеліктердің бірі болмақ. Әрі Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарында жалдамалы тұрғын үйлер мен сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы баспаналар үлесін одан әрі ұлғайту қарастырылған. Оған қоса мемлекеттік емес кәсіпорындар қаражатын да «Нұрлы жердің» есебіне енгізу белгіленген. Оның қатарын негізінен коммерциялық тұрғын үйлер құрайды. Сондай-ақ облыста тұрғындардың өз қаражаттары есебінен тұрғызылатын жеке тұрғын үйлер үлесі де жыл сайын өсіп келеді. Оның көлемі 317 мың шаршы метрді құрайды. Бұл шамамен 2 мыңнан астам үй деген сөз.
Егер «Нұрлы жер» арқылы тұрғызылған құрылыс аудандарында тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық қажеттіліктерін өтейтін нысандар салынбаса, аталған бағдарлама жартыкеш күйінде қалып қояр еді. Жоқ, олай емес. Өңірде бұл тұрғыда кешенді көзқарас қалыптасқан. Соған сәйкес жаңа ауданда 900 орындық орта мектеп, балабақша мен емхана ғимараттары, халыққа қызмет көрсету орталығы және демалыс саябақтары бой көтермек. Әлеуметтік-тұрмыстық дамудың жаңа векторына сай «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Ақтөбеде биыл кем дегенде 100 мың адам тұратын қалашық тұрғызылмақ.
Отандастарымыздың әлеуметтік көңіл күйінің жақсы болуы бірінші кезекте жайлы баспанаға байланысты. Дербес тұрғын үйге ие болу адамның мерейін өсіріп, өз еліне деген сүйіспеншілігі мен еңбекке деген белсенділігін және өмірге деген құштарлығын арттыра алады. Жыл өткен сайын егемен елімізде осындай мүмкіндіктер жиілеп келеді. Ақтөбе өңірінде аталған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында атқарылатын ауқымды жұмыстар одан әрі жалғаса бермек.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ