• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2018

Балетмейстердің шеберлік сабағы

561 рет
көрсетілді

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында әлемге танымал француз педагог-балетмейстері Янник Бокуин шеберлік сабағын өткізуде.  

Янник Бокуиннің есімін естімеген жан некен-саяқ. Ол әлемдегі ең айтулы өнер ошақ­тарында шеберлік сабағын өткізетін бірден-бір балетмейстер. Олардың қатарында Корольдік швед балеті, Дрезден мемлекеттік операсы (Германия), Фин ұлттық балеті, Лозаннадағы Бежар балеті (Швейцария), Монте-Карло балеті, Хьюстон балеті (АҚШ), Гонконг балеті, Ресейдің Үлкен театры, т.б. бар.

Айта кетерлігі, әлемдік деңгейдегі танымал шебер өзінің хореографиялық білімін Париж операсының балет мектебі мен Париж ұлттық консерваториясында алған болатын. Балет өнерінде атақ-даңқы өрлеген азамат кезінде Бонн операсы балетінің, Фландрия Корольдік балетінің, Рим опера театрының, Берлиндегі Неміс операсының жетекші солисі болып өнер көрсетсе, кейін өзінің шығармашылық жолын Вена Мемлекеттік операсы балет труппасының тәлімгер ұстазы ретінде жалғастырған еді.

Бокуин әдісі делінетін сабақтарға француз мектебінің үлгісі тұрғысынан қарағанда, көптеген бағыт-бағдарлар енеді. Өмір белес­терінде талай танымал тағдырлармен, педагог-мамандармен жұмыс істеген майталман сонымен қатар шеберлік сабақтарында кәсіби түрлі жарақаттарды жеңу тәжірибелерімен бөлісуді ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Атақты педагог қозғалыс координациясына ерекше көңіл бөледі: олар балет тілінде «пор де бра» деп аталады, яғни дене, қол мен бастың дұрыс қалпын сақтау арқылы жасалатын әдіс. Сабақ үстінде әртістер жылдам ырғақта жасалатын «ұсақ» қимыл техникасы, әуенділік, серпін, аяқтарды дұрыс қою бойынша оқып, үйренеді.

– Қазақстанға келгеніме өте қуаныштымын, «Астана Операдағы» жұмыс – мен үшін жаңа­лыққа толы, әрі қызықты тәжірибеге кезігудемін. Мұнда келген себебім, жақында балет труп­па­сының көркемдік жетекшісі Алтынай Асы­л­мұратовадан арнайы шақырту алдым. Астаналық әріптесімнің өнері Р.Пети мен К.Макмиллан сынды әйгілі хореографтардың есімдерімен тікелей байланысты, ол – тәжіри­белі мамандармен әлемнің жетекші театрларында, түрлі балет мектептерінде қыруар табыс­қа қол жеткізген жан. Труппа жетекшісі ретінде оған қазақстандық әртістердің бұл тәжірибені қабылдауы ерекше маңызды. Ал «Астана Опера» театры балет солистерінің дайындығына келсек, деңгейлері өте жақсы әрі қимылдары ұлпадай жеңіл, сергек, оның үстіне ең бастысы, олардың көкірек көздері ашық, зерек, өздеріне әзірге тың дүние болып саналатын әдістемемен құлшына жұмыс істеуде. Әртістер әлемдік деңгейді бағындыру жолында өздерінің күш-жігерлерін аянып қалып жатқан жоқ және мен олардың алға қойған осы мақсаттарына жететініне сенемін, – деді Янник Бокуин.

Айтулы балетмейстер еліміздің тарихы мен бүгінгі жарқын бастамаларына таңданып, Отанымыздың ордасы мен «Астана Опера» театры туралы шат-шадыман рәуіште пікір білдірді.

 – Сәні мен сәулеті келіскен керемет театрды көріп қызығасың. Әсіресе маған Мәр­мәр залының көркемдігі ұнады, фойенің қа­быр­ғаларын сәндеп тұрған Қазақстан таби­ғатының картиналары қандай тамаша. «Астана Операның» үлкен залы айрықша әсер қалдырады, дайындық залдары кең, балет едендері сапалы – мұндай жайт әрбір театрда кездесе бермейді, – деді маэстро қысқа да нұсқа берген сұхбатында.

Қаршыға КҮЛЕН