Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға қатысты кеше Үкімет үйінде баспасөз мәслихаты өтіп, онда Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы туризмді дамыту мәселелеріне байланысты қолға алынған жұмыстарға тоқталды.
Министрдің айтуынша, былтыр Қазақстан туризмді өркендету тұрғысынан жаңа кезеңге қадам басқан. Әсіресе, халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрмесі осы саланы дамытуға үлкен мүмкіндіктер жасаған. «Көрмені сәтті өткізудің арқасында еліміз Батыс және Шығыс мәдениетінің қиылысқан тұсындағы жаңа туристік дестинация ретінде танылды. Осылайша, тәуелсіздік алғалы алғаш рет Қазақстан әлемдік туризм картасында айқын кескінге ие болды», деді министр.
Туризм саласын өркендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған А.Мұхамедиұлы осы саланың ішкі жалпы өнімдегі үлесін 2016 жылғы 1 пайыздан 2025 жылы 8 пайызға жеткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Осыған байланысты былтыр біраз істер тындырылған. Айталық, туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасы қабылданған. Саланы дамыту тарихында алғаш рет Мәдениет және спорт министрлігі мен еліміздің өңірлері арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған. Сондай-ақ туризмі қарқынды дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің үздік тәжірибелері бойынша мемлекеттік деңгейде туризмді басқару жөніндегі кеңсе құрылыпты.
Министрлік елімізге келетін туристер ағымын көбейту үшін визалық-көші-қон режімін де оңтайландыру жұмыстарын бастаған. Мәселен, қазірдің өзінде бірегей визасыз режім енгізіліп, ол 2018 жылдың соңына дейін ұзартылған. Мысалы, Алматы мен Астана қалалары арқылы өтетін Қытай Халық Республикасы азаматтары үшін 72 сағаттық транзит енгізіліп, соның нәтижесінде тек ЭКСПО көрмесіне осы елден 4,5 мың турист келген екен. Енді осындай режімді Үндістан азаматтары үшін де енгізу жоспарланып отыр.
Еліміздің сыртқы туризмі ғана емес, ішкі туризмді дамытуға да күш салынуда. Былтырғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша ішкі туризмдегі ағым бұрынғыдан 25 пайызға артып, 3,5 млн адамды құраған.
Министр Қазақстандағы көрікті орындарды әлемге дәріптеп, туризмнің қайнаған ортасына айналдыру бағытында да бірқатар жұмыстар қолға алынғанын айтты. Мәселен, Астана мен Щучье-Бурабай курорттық аймағының инфрақұрылымын дамытудың бағдарламалық құжаттары қабылданған.
Алайда өз елімізде де мақтан етерлік көрікті мекендер көп болғанымен, ондағы қызмет көрсету сапасы мен бағасы көңіл көншіте бермейді. Бурабайда демалғаннан гөрі Түркияда тыныққан арзанырақ деп халық бекерден-бекер айтпаса керек. Осы мәселені көтеріп, сауал қойған журналистің сұрағына министр халықаралық стандарттарды енгізу арқылы барлық демалыс орнындағы қызмет көрсету сапасын көтеруді мақсат етіп отырғанын айтты. «Бұл ахуалды түзеп, туристер легін арттыру үшін Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың түбегейлі әдісі қабылданды. Бірінші кезекте жол инфрақұрылымы жақсарып, қызмет сапасы түзетілетін болады», деді ол. Оның айтуынша, Бурабайда туристерге қолайлы жағдай жасау үшін жаңа нысандар салынады. Бурабай көлінен басқа, Үлкен және Кіші Шабақты көлдерін абаттандыру да жоспарланып отыр. Министрдің сөзіне сенсек, 2018-2019 жылдары Щучье-Бурабай курортты аймағындағы ахуал мүлдем басқаша түрленіп, адам танымастай өзгермек. «Жалпы туризмді дамытуға қатысты жоспар көп. Әсіресе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру арқылы ішкі туризмді дамытуды ынталандыруды жалғастырмақпыз. Ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін ауқымды ақпараттық науқанды іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан өзге, электронды визаны енгізу де туристер ағымын көбейтеді деген сенімдеміз. Ең бастысы, туризмге деген жаңа көзқарас қалыптасып, әлемдегі ең үздік туристік климат қалыптастыра алуымыз керек», деді ол.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»