Астанада «Кәсіподақ: жаңару мен жаңғыру жолында» атты республикалық форум өтті. Іс-шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.
Жиынға Мәжіліс депутаттары, министрлік өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен өңірлік кәсіподақ бірлестіктерінің басшылары қатысты. Форумды Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырды.
Форумда кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым Жолдаудың негізгі ережелері мен тезистері кәсіподақтардың қызметімен тікелей байланысты екендігін атап өтті. «Кәсіподақтардың қызметін түбегейлі реформалау мақсатында орташа мерзімді кезеңге федерацияны жаңғыртудың жол картасы әзірленді. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы кәсіподақтар қозғалысына жаңа леп беруі тиіс», деді Б.Әбдірайым. Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Майра Амантаева биылғы Жолдауда ұстаздардың құқығын қорғау қажеттігін түсіну, олардың білім алу деңгейін арттыру, ұстаздар мен ғалымдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне жәрдемдесу мәселелері көтерілгенін сөз етті.
«Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 10 міндет айтылды. Соның 7-ші міндеті білім саласының қызметкерлеріне арналды. Жалпы, осы 10 міндеттің жүзеге асуының өзі білім саласына, яғни кадрлардың білікті болуына, қазіргі заман талабына төтеп бере алатын маман дайындауға және солардың еңбегіне байланысты. Биылғы Жолдау білім саласы қызметкерлеріне үлкен міндет жүктеп отыр», деді М.Амантаева.
Форум барысында көтерілген мәселелердің бірқатары Кәсіподақтар федерациясы әзірлеген жол картасына енгізілді. Осы құжатта әлеуметтік әділдік және әріптестік қағидаларын дамыту, әлеуметтік-еңбек қатынастарын арттыру, кәсіподақтарды күшейту және нығайту үшін нақты міндеттер айқындалған. Жол картасы еліміздегі құқықтық жаппай оқудың бірыңғай жүйесін құруды, Республикалық үшжақты комиссия жұмысын жаңғыртуды, бекітілген ұжымдық шарттардың сапасы мен мөлшерін арттыруды қарастырады.
Қазақстанның кәсіподақтары жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы жұмыс орындарының сақталуын қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда жұмыс орындарын сақтау жөнінде 115 134 меморандум бекітілген. Бұл еліміз бойынша 2,8 миллион еңбеккерді қамтиды. Форум аясында облыстардағы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтарының төрағалары сөз сөйледі. Кездесуге қатысушылар Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында айтылған міндеттердің маңыздылығын сөз етті.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»