Елбасының жаңа Жолдауында адам капиталын дамыту ең маңызды бағыт болғандықтан, мен білім саласындағы негізгі міндеттер жайлы пікірімді ортаға салмақшымын.
Елбасы өзінің Жолдауында білім беру бағдарламасының жаңартылған мазмұны шеңберінде оқытуға көшкен мұғалімдердің жалақысын 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 30%-ға көтеру міндетін белгіледі.
Бүгінгі күні Білім және ғылым министрлігі лауазымдық жалақыны арттыру білім берудің бағдарламасының жаңартылған мазмұнына көшу кестесіне сәйкес жүргізіледі деп жоспарлауда. Алайда лауазымдық жалақыны арттыру тетіктерін әзірлеу барысында педагогикалық оқу жүктемесі жоқ қызметкерлердің жалақысына 30% үстемақы қосуды ескеруді жөн деп санаймын.
Жалақыны көтерудің тағы бір шарасы мұғалімдерді аттестаттаудың жаңа моделіне көшуде қарастырылған. Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30%-дан 50%-ға дейін өседі. Бұл мәселелерді жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында біліктілік тестілеу және аттестаттауды өткізу мерзімін қайта қарастыру қажет. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі педагог қызметкерлерді аттестаттаудың жаңа жүйесінің жобасын әзірлегені жөн.
Сонымен қатар мәселенің әлеуметтік маңыздылығына байланысты 2018 жылғы республикалық бюджеттің бірінші нақтылауын өткізуді тездету қажет деп санаймын.
Тағы бір айта кететін жайт, Елбасы, біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда да көп екенін ескеріп, оны төмендетуді тапсырды.
Қазіргі таңда мектеп оқушысының апталық оқу жүктемесін азайту бес күндік оқу аптасына кедергісіз көшуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыс барысында мектепте оқытылатын негізгі пәндер бағдарламаларының мазмұнының қысқармауына, оқушылардың білім сапасының төмендеуіне жол бермеу мәселелерін Білім және ғылым министрлігі басты назарға алуы тиіс. Бұл ретте, оқушылардың оқу жүктемесі қысқарған кезде мұғалім санының да қысқаратындығын ескерген жөн. Сонымен қатар мұғалімнің жаңа заман талабына сай шығармашылықпен жұмыс істеуіне барынша мүмкіндік беру үшін және олардың жауапкершілігінің артуын ескере отырып, «Білім туралы» заңның 52-бабында көрсетілген 18 сағаттық мұғалім жүктемесін азайтып, заңға тиісті өзгерістер енгізу қажет немесе осы норманы заңнан алып Үкіметтің білім беру саласындағы құзыретіне беруді жөн деп есептеймін.
Сонымен қатар мектеп бітірушілерінің жалпы білім беретін пәндер бойынша оқу нәтижелерін отандық жоғары оқу орындарында тану және орта білім деңгейі мен жоғары білім беру деңгейінің сабақтастығын қарастыру қажет. Осы мәселенің барлығы мұғалімнің мәртебесін арттыруға және педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратын бірден-бір құрал екендігі айқын.
Сондай-ақ жоғары білім беру мәселесі де Елбасының ұдайы назарында. Жолдауда атап көрсетілген жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту мәселесінің маңызы зор деп санаймын.
Қазір Парламент Мәжілісіндегі жұмыс тобы еліміздегі «Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері туралы» заң жобасын қарастыру үстінде. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 78-қадамына сәйкес, Назарбаев университетінің тәжірибесі негізінде ЖОО-ның академиялық және өзін өзі басқаруын кеңейту, сонымен қатар халықаралық тәжірибеге сәйкес жекеменшік жоғары оқу орындарын коммерциялық емес ұйымдарға ауыстыру мәселесі көзделген.
Заң жобасы қабылданғаннан кейін жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігі халықаралық акредиттеу органдарының талаптарына сай келетін білім берудің жаңа бағдарламаларын сапалы жасауға қолайлы мүмкіндік береді.
Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты