Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арналған Жолдауында еліміздің ұстаздар қауымына аса маңызды міндеттерді жүктеп, қандай бағытта жұмыс жүргізілуі қажеттігін нақты атап өтті. Елбасы жаңа талапқа сәйкес «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы үнемі өзгерістерге және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамытуға бейім болуы тиіс», деді.
Расында біздер күрделі де күрмеулі, сәт сайын өзгеріп, жаңаша жағдайлар мен талаптар туындатып отырған ғаламда өмір сүрудеміз. Бүгінде балаларға жалаң базалық білім беріп қою жеткіліксіз. Біліммен қатар функциялық сауаттылықты арттыру мақсаты түнектегі «жарық жұлдыз» сынды біздің негізгі бағдаршамымыз болуы қажет. Бұл дегеніміз – оқушы бойында анализ және синтез жасау, өзін өзі бағалау, сыни ойлау және қорытынды жасай білу сияқты жоғары деңгейдегі машықтарды дамыту. Осы тұрғыдан алып қарағанда Жолдаудың барлық он тармағы, оның ішінде «ақылды технологияларды» дамыту, қаржы секторын «қайта жаңғырту», көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру тармақтары тікелей немесе жанама түрде білім саласын құбылмалы әлемнің, сондай-ақ төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың талаптарына сәйкестендіру қажеттігін көздейді.
Білім беру саласын жаңартылған мазмұнға көшіру барысында алдымызда мынадай төрт міндет тұр. Біріншіден, тұрақты дамып отыру, оқытылып жатқан жалпы оқу бағдарламаларына талдау жасау. Екіншіден, бағалау жүйесін жетілдіру. Себебі бұл жаңа бағдарламаның қалай іске асып жатқанын және оның нәтижесін көрсететін бірден-бір дүние. Үшіншіден, мектептерде игілікті білім ортасын қалыптастыру: бала мектепте өзін еркін сезініп, ұстаздары мен құрбылары арасындағы қарым-қатынас мейлінше мейірімді болуы абзал. Соңғы төртінші талап, материалдық-техникалық базаны тиімді пайдалану. Бүкіл мектеп зертханалары мен инфрақұрылымдары бірлесіп, пәндерді оқыту мен баланы дамытуда барлығы ортақ шығармашылық зертханаға әрі ортақ шығармашылық дамыту орталығына айналып, жұмыла жұмыс атқаруы тиіс.
Президент жас ұрпақты ғылыми-зерттеу және өндірістік технологиялар жұмыстарына тартудың маңыздылығын атап өтті. Балалар үшін жаңа технологиялар қолжетімді болуы керек. Оқу бағдарламасы әрдайым элективті курстармен толықтырылып отыруы қажет-ақ. Егер мектептен тыс ұйымдар робот-техника кабинеттерімен, 3D принтерлермен және басқа да техникалармен қамтамасыз етілсе, ертең мектептегі білім сапасы да дамиды, себебі балада оқуға деген қызығушылық жұмысты техникада өз қолымен жасау және бағдарламалар құрастыру барысында оянады. Жолдаудың жетінші бағытында ұстаздардың біліктілігін арттыру туралы, осыған байланысты педагогикалық жоғары оқу орындарына мамандарды әзірлеу жүйесін толықтай қайта қарау туралы мәселе айтылған. Бұл өте өзекті мәселе, себебі білім саласындағы негізгі тірек – өз ісін, балалардың психологиясы мен жас ерекшелігін және оқыту методикасы мен технологиясын меңгерген мұғалім. Президент оқытушылардың жалақысы мұғалімнің біліктілігіне сәйкес төленетіндігін айтты, сол себепті қазір білім жүйесінде ұлттық біліктілік тестіне дайындық басталып кетті. Бұл жағымды жаңалық мұғалімдерге бұдан әрі өзін өзі дамытып отыруға жол ашатын болды.
Назарбаев зияткерлік мектептерінің миссиясы – үздік қазақстандық дәстүрлер мен халықаралық тәжірибеге негізделген білім берудің инновациялық жүйесін әзірлеу және өзіндік тәжірибені еліміздің жалпы білім беру жүйесіне тарату. Басқа сөзбен айтқанда, біздің мектептер – тәжірибе алаңы. Мемлекет басшысы зияткерлік мектептер білім жүйесіне жаңа стандарттарды енгізуге көмектесетін, өңірлердегі негізгі әдістемелік орталыққа айналуы керектігін тапсырды. Бүгінде олар шын мәнінде көпшілікке бағыт-бағдар беретін әдістемелік орталыққа айналды: біз Назарбаев зияткерлік мектептерінде бағдарламалар әзірлеп, оларды түсіндру бойынша еліміздің түкпір-түкпіріндегі мұғалімдерге арнап көптеген семинар өткізудеміз. Бізде жаңа технологиялардың арқасында онлайн-режімдегі жүйелік-әдістемелік кешен жұмыс істейді. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ жанынан ашылған білім беру ресурсы, педагогикалық шеберлік, педагогикалық өлшемдер, білім беру бағдарламалары орталықтары еліміздің ұстаздарына тұрақты көмектесіп, қолдау білдіріп отырады.
Президент Жолдауы еліміздің ұстаздар қауымына берілген карт-бланш деп есептеймін, яғни Жолдау басымдығы білімде деп білемін. Осы мүмкіндікті пайдаланып, оқу процесіне білім берудің жаңа мазмұнын енгізуіміз қажет.
Күләш ШӘМШИДИНОВА, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы