Қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бұл жағдай 21-25 қаңтар аралығындағы апта күндері облыс орталығындағы Толстой – Иса Байзақов, Чкалов-Хабаровская, Лесозавод аумағындағы көшелеріндегі үйлерде тіркелген.
Бейсенбі, 25 қаңтар күні де қаладағы 1 Мамыр - Торайғыров көшелерінің қиылысында 1 Мамыр, Торайғыров және Крупская көшелеріндегі 15 қабатты тұрғын үйдің тұрғындары уақытша сусыз қалған. Тозған су құбырларындағы ақауларға қатты аяз себеп болған. Сонымен бірге, облыс әкімдігінің сайтына күн сайын тұрғын үйлердегі температураның төмендеуіне байланысты тұрғындардан шағымдар түсуде. Мысалы, Толстой көшесі, 82 үй, Катаев көшесі 12 үйдің пәтерлеріндегі температура 18 градусқа әрең жетіп тұр. Тұрғындар облыс әкімі Болат Бақауовқа пәтерлеріндегі температура 14-16 градус деңгейінде ғана тұрғанын, жылытқыштармен жылынып отырғандарын жазуда. Қазір өңірде қатты аяз. Түнде -35, -40 градусқа жетуде. Барлық бөлімдер кезекшілікте, аязға байланысты коммуналдық салаға қатысты жұмыстар толық бақылауда. Әкімдіктерде жедел телефон байланыстары қосылған.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар