Қарағанды облыстық әкімдігінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде балабақшалар құрылысын жүргізу жөнінде концессиялық келісім-шартқа қол қойылды.
Осыған байланысты рәсімде облыс әкімі Серік Ахметов мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аймақтық орталығының республикада алғаш рет ашылып отырғандығын атап өтті.
– Таңдаудың мектепке дейінгі білім беру саласындағы жобаны жүзеге асыруға түскені жайдан-жай емес. Елбасының балабақшалардағы орынның жетіспеушілігі мәселесін шешу тапсырмасына байланысты олардың құрылысын кең көлемде әрі жеделдете жүргізу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік концессия аталатын механизмін қолдануды жөн көрдік. Осынау келісім «Қазақстан Республикасындағы концессиялар туралы» Заңның қабылданғаннан бергі уақыттағы әлеуметтік саладағы қол қойылған бірінші құжат, – деді ол.
Келісім-шартқа облыстық білім беру басқармасының бастығы Есенғазы Иманғалиев пен ашық конкурста жеңімпаз болған түріктің «7 Piramit» компаниясының басшысы Олу Мұстафа мырза қол қойды.
Концессиялық жобаның жалпы құны 6 млрд. теңге шамасында. Оны іске асыру барысында Қарағанды қаласында әрқайсысы 320 орындық 11 балабақша салынатын болады. Бұл – 3 пен 6 жас аралығындағы балалар үшін қосымша 3 520 орын ашылады деген сөз.
Келісімнің қолданылу мерзімі – 14 жыл. Соған сәйкес концессионер 11 балабақшаның құрылысын келесі жылы аяқтауға тиіс. 2025 жылға дейін осы ғимараттарды техникалық жағынан қамтамасыз етеді. Ал білім беру басқармасы жалпы мемлекеттік стандарттар негізінде білім мен тәрбие беру үрдісін жүзеге асырады. Салынған инвестиция жергілікті бюджет пен ата-аналардың төлемақысы есебінен біртіндеп қайтарылады.
Бұл жоба еліміздегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыта түсуге жаңаша серпін береді.
Айқын НЕСІПБАЙ,
Қарағанды.