Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жақында жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын парақтай отырып, шын мәнінде Қазақ елінің ұлы дәуірді бастан кешіп жатқанына еріксіз мойынсұнасың, тарихи шежіре көз алдымыздан сырғанап өте бастайды. Осынау сәтте санаңа ең алдымен біз кеше қандай едік, бүгін қандаймыз деген ғаламдық маңызды сауал туындайды. Естеріңізде болса, сол бір кеңестік дәуірде сүйікті Алматымызда метро салу әрбір қазақтың арманы емес пе еді?!.
Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін Кеңес Одағының құрамында болып, күллі еліміздің саяси, экономикалық, өнеркәсіп, өндіріс салаларының барлығы да бір орталықтан Мәскеуден басқарылды. Сондықтан да біздің ұрпақ үшін бүгінгі тәуелсіздіктің титтей жетістігі баға жетпес өлшемге ие. Ең алғаш Алматыда, Орталық Азия аумағында Ташкенттен кейін метро салу КСРО Жоспарлау комитетінің нұсқауы бойынша 1978 жылы бекітілген еді. Ол жобаны 1980 жылы КСРО Министрлер Кеңесі бекітті. Содан 1981 жылы Қазақстанда метро салу жұмыстарына алғашқы дайындық жұмыстары басталды. Бірақ, шын мәнінде алғаш рет 1989 жылы Алматы метросының алғашқы шұңқыры қазылды...
Бұл деректерді мен не үшін тізбелеп отырмын. Себебі Мәскеу заманында Алматыда метро салу ісінің қандай қиындықта болғанын еске салғым келді. Шын мәнінде әсем қаламызда жер асты көлік қатынасын жүргізу еліміз тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана нақты ауқымда жүзеге аса бастады. Оның өзінде де жобалау, жоспарлау іс-шаралары созылып, Алматы метросы «ғасыр құрылысына» айналды.
2005 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл істі бұдан әрі соза беруге болмайтынын баса көрсетіп, тікелей назарына алды. Метроға бөлінетін қаржыны шашау шығармай бақылауда ұстаған Президентіміз 2005 жылдың 7 қарашасында «Алдағы жылы проходкалау ісін аяқтау керек те, 2006 жылдың аяғында – 2007 жылдың басында аялдама бекеттерін салу жұмыстарын жандандыру керек», деді. Ұлы дәуірдегі ұлы бастаманың жемісін қазақ халқы 2011 жылдың 11 желтоқсанында көрді де. Сол күні Алматы метросымен алғашқы жолаушы жолға шықты.
Осының өзі Қазақстанның тәуелсіздік дәуіріндегі бірден бір қол жеткізген халықтық жеңісінің көрінісі дер едім. Президенттің аталмыш кітабын оқыған сайын біздің болашақ ұрпағымыз Қазақстандағы әрбір игілікті істің еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесінде дүниеге келгенін түсінсе, ұғынса деп тілеймін. Кешегідей Мәскеудің қарамағында жүрсек, метро былай тұрсын, бүгіндері күллі әлем халқының назарына ілініп үлгерген Астанадай сұлу қала салынар ма еді Арқа төсінде, кім білсін?! Сол себепті де тәуелсіздіктің жемісін бағалай білейік әманда! Президент осы кітабында «Сол жылдардың аласапыран оқиғалары біз үшін ащы да маңызды сабақ болды» деп жазады. Бүгінде халық 90-жылдардың тауқыметін ұмытты. Алматы тұрғындары күнделікті өмірде метромен жол тартатын болады. Ғажап емес пе?!
Теңдесі жоқ асыл мұра – «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында өткен жолдарымыздың барлығы айна-қатесіз, жіпке тізгендей етіп жазылулы тұр.
Тәуелсіздік бесігіне айналған Алматының метросында бүгінде 1700-ден астам адам еңбек етеді. Олардың 1000-нан астамы тікелей метро құрылысымен айналысады. Бір кездері қол жетпес армандай болған Алматы метрополитенінің екінші кезегі аяқталуға жақындады. Атап айтсақ, 2020-2021 жылдары бүгінгі 8 бекетке «Қалқаман» мен «Батыс автобекет» стансалары қосылатын болады. Үшінші кезеңнің жобасы да дайын.
Қазақстанда экономикалық ілгерілеу болмаса қыруар қаражатты талап ететін метро құрылысы әлдеқашан тежелері ақиқат. Метро құрылысы жалғасу үстінде. Мұның барлығы да елін сүйген Елбасының бастауымен республикамыздың бүгінгі әлемнің озық 30 елінің қатарынан көрінуге ұмтылған құлшынысы дер едім. Өзіміз бастан кешіп отырған ұлы дәуір шежіресінен мен осыны ұқтым. Қандай бір істе болмасын адам факторының алғы шепте жүретіні өмір заңдылығы. Президенттің домна пешіндегі металлург қызметін атқарған сәттері мені ылғи да бір кезде өзімнің «Оңтүстікшахтақұрылысында» проходшы, кен шебері, учаске басшысы болған сәттерімді есіме салады. Алматыға ең алғаш жер асты жұмыстарын жүргізу үшін келген 1990 жылдар көз алдыма келеді. «Байқоңыр» мен «Абай» 18-бис және 112- бис тіреулерін қадаған кездерім көз алдымда...
«Тәуелсіздік дәуірін» оқи отырып еліміздің өміріндегі ұлы өзгерістерге тірнектеп қосқан еліміздің әрбір азаматының үлесі айшықтала түсетінін байқадым. Сондықтан да бұл кітап шын мәнінде тарихи естеліктерге толы халқымыздың ұлы тарихының шежіресі дер едім.
Балажан ҚАЛИБЕКОВ, Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы
АЛМАТЫ