• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Қаңтар, 2018

«Ақылды ауыл шаруашылығын» құру қадамы

1007 рет
көрсетілді

Климаттық жағдайы Сол­түс­­тік Қазақстан өңірінен де қатал Аустралияда астық да­қыл­­дары­ның өнімділігі 2 есе ж­о­ғары. Ал табиғи жағдайы ұқсас Кана­дада өсімдік шаруа­шы­лығының өнім­ділігі 14 есе артық.

Елбасы биылғы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық технологиялармен дамыту қажеттігін айтты. Себебі еліміздің егістік жерінің 93 пайызы ауа райына тәуелді аймақтарда орналасқан. Яғни егін өнімі жауын-шашын көлеміне тікелей байланысты болғандықтан заманауи агротехнологияларды қолданбасақ, даму көшіне ілесе алмаймыз.  

Қазір аграрлық сектор дамы­ған елдерден әлдеқайда артта қалғаны жасырын емес. Мәсе­лен, климаттық жағдайы Сол­түс­­тік Қазақстан өңірінен де қатал Аустралияда астық да­қыл­­дары­ның өнімділігі 2 есе ж­о­ғары. Ал табиғи жағдайы ұқсас Кана­дада өсімдік шаруа­шы­лығының өнім­ділігі 14 есе артық. Жер көле­мі Қазақстаннан 66 есе кіші Гол­ландияда ауыл­шаруа­шылық өнім­дерінің жыл сайынғы экспорты 100 млрд АҚШ долларын құрайды. Олардың табысқа жетуі­нің негізгі құпиясы – білім беру мен кадр даярлаудың тиімді жү­йесін құру арқылы өндіріске ғы­лым мен техниканың соңғы жетіс­тіктерін енгізе білгендігі. Біз де осы жолмен жүруіміз керек. Үздік ғылыми білім мен нә­ти­­же­лі агротехнологияларды тран­сферт­теу жұмысымен жедел түр­­де ай­на­лысу қажет. Өкінішке қа­­рай, осы маңызды істе әлі нақ­ты нә­ти­же жоқ. Оның себебі – мә­се­­­­лені шешудің барлық аспек­ті­сін қам­титын нақты жүйе­нің жоқ­тығы және оны құрудағы салғырттық.

Бес жыл бұрын С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде дамыған елдер тәжірибесін мұқият сараптап, технологиялар трансферті жүйесін құруға кірістік. Алғаш­қы қадам ғылыми білімді тран­с­ферттеу болды. Онсыз жаңа кезеңнің ғылыми кадр­ларын қалыптастыру және жаңа құзы­реттерге ие мамандарды даярлау, технологияларды трансферттеу мүмкін емес. Қазақ­станда ғылыми мамандар тапшы. Сондықтан стратегиялық іс-қимылдар заман талабына сай өзгертілді. Ауыл шаруашылығы бағытындағы көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі, дүние жүзінің бірқатар елінде (Чили, Малайзия, ҚХР) білім мен ғы­лым жүйесін реформалауда бай тәжірибесі бар Дэвистегі Кали­форния университетімен (АҚШ) әріптестік орнады. Осы универ­ситет ғалымдарының ұсы­ны­сы­мен және қатысуымен оқу ор­нын батыстық үлгідегі зерттеу уни­верситетіне көшіру бағ­дар­ламасы жасалды. 2010 жы­лы жасалып, Мемлекет басшысы­на таныстырылған Шортан­ды­дағы Бараев атындағы егін шаруа­шылығы ғылыми-өндірістік орта­лығының негізінде зерттеу уни­верситетін құру жобасы бас­шылыққа алынды. Бұл – бірін­шіден, әлемде сынақтан өт­кен, дамыған елдерде жоғары нәтижелерге қол жеткізген даму­дың ең қысқа жолы, екін­ші­ден, зерттеу университеті моде­лінде оқу үдерісі, ғылыми зерт­теу­лер, білім беру мен оны тара­ту мәселелері бір жүйеге бірік­ті­ріл­­ген, ал ғалым – барлық ж­ұ­мыс­­тың негізгі тұлғасы. Бү­гін­­ге дейін осы үдерістердің бірікпегендігі аграрлық ғылымға жас мамандардың көптеп келуіне, ғылыми мектеп дәстүрі жал­ға­с­ты­ғына, білім тарату мен ен­гізу жү­йесінің дамуына ке­дергі бо­лып келді. Осы мәсе­лелерді ше­шу мақсатында құрыл­ған ғы­лым са­ла­сындағы бас­қарушы құры­лым­­дардың талпы­ныстары тиіс­ті нәтиже бер­меді. Сондықтан да­­мы­ған елдер­дегі ұйымдастыру жү­йесі үлгісін қабылдау қажет болды.

Қазір барлық іс-қимыл жо­ғары­да көрсетілген бағдар­ла­­маны жүзеге асыруға бағыт­талған. Білімді трансферттеу ая­сында алдымен ғалымдар мен оқытушылардың алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарда білікті­ліктерін көтеру қамта­масыз етілді. Көптеген ғалым­дар білім беру үдерісі мен ғылы­ми зерт­теулерді жаңаша ұйым­дас­тыруға мүмкіндік беретін жаңа білімге қол жеткі­зді. Қол­да­ныстағы оқу бағдарла­ма­лары уақыт талабына сай білім­ді, өндіріске қажетті жаңа құзы­реттерге ие білікті мамандар даярлауға мүмкіндік бере алмай­­тын­дықтан жаңартылуда. Ка­ли­форния университеті про­фессорларының және сонда білімін жетілдірген кадр­лар кү­шімен жаңадан 6 оқу бағ­дар­­ла­масы қолданысқа енгізіл­ді. Осы тектес 62 оқу бағдар­ла­­ма­сын енгізу жоспарланды. Оқы­тудың тәжірибелік бағы­тын күшейту, атап айтқанда, сту­­дент­тердің тәжірибеден өту уақы­­ты 3 айдан 7 айға дейін ұзар­­тылып, ауыл шаруашылығы ма­ман­дықтары бойынша білім алу уақыты мерзімдік ауыл­шаруа­шылық жұмыстары уақы­тымен сәйкестендірілді. Уни­вер­ситет аумағында ет, сүт, дән­ді және майлы дақылдарды қайта өң­деуге арналған заманауи құ­рыл­­ғылармен жабдықталған 4 тех­но­логиялық платформа, соны­мен қатар робот-техника, гео­ақпа­рат­тық жүйе технология­сы бойын­ша зертхана мен жылы­жай ұйым­дастырылды. Бұл тәжі­ри­белік сабақтар өткізуге ғана емес, ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін де қызмет етеді. Сондай-ақ оқу үдерісін үштілділікке көшіру жұмысы әрі қарай жалғасты. Қазір студенттердің 58 пайызы көптілді топтарда білім алса, оқы­ту­шылардың 14 пайызы сабақ­тарын ағылшын тілінде өткізеді.

Екінші бағыт – университеттік ғылым жүйесін жаңғырту. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 42 адамды, гендік және молекулалық деңгейде ғылыми зерттеу жүргізуге қабілетті 10-ға жуық жас ғалымды оқыттық. Бір­қатары Аустралиядағы әріптес­терімен бірлесіп, гендік инженерия әдістерін қолдану арқылы бидай, арпа және нұттың жергілікті сұрыптарының қуаңшылыққа төзімділігін арттыру бағытында ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Жас биотехнологтар жануарлардың қауіпті жұқпалы ауруларын диагностикалау үшін биологиялық тест-жүйесін жасаудың заманауи әдістемесін меңгерді. Бұл осы салада импортты алмастыру мәселесін шешуге мүмкіндік береді, қыр­уар қаражаттың сыртқа кет­пеуі­не жағдай туғызады және әдіс­те­мелерді отандық өндіру­шілер­ге ұсынуға дайын екенімізді көр­­се­­теді. Ғалымдар арасында бәсе­келестік жүйе, мансаптық өсу үлгісін әзірлеу мен қолдану, еңбекақы төлеудің жаңа салыс­тырмалы жүйесі енгізілді.

Үшінші бағыт – технология трансферті жүйесін құру. Бұл бағытта трансферттеудің дұрыс жүйесін құруды басты назарда ұстауды, оны кейін трансферттеу мәселесін практикалық жағынан шешуде база ретінде пайдалануға бағыттауды мақсат еттік. Осы ұстаным негізінде шетелдік серік­тес­термен бірге үздік технологияларды бейімдеу мен тран­сферттеудің 5 халықаралық ор­та­лығы құрылды. Жаңа бас­­тамаларға 1,2 млрд теңге көле­міндегі шетелдік инвестиция тар­тылды. Бүгінде орталықтар база­сында өндіріске енгізуге дайын шешімдер бере алатын жаңа тех­нологияларды бейімдеуге ар­налған ғылыми жұмыстар жүр­гізілуде. Сонымен қатар Беларусь технологиясын бейімдеу мен трансферттеу орталығын құруды инвестициялаған серіктесіміз 50-ге жуық студенттің сол елдің университеттері мен машина жасау зауыттарында білім алуы үшін жұмсалатын шығынды көтерді. Бұл орталықтар нақты нәтиже бере бастады. Мәселен, Геоақпараттық жүйе технологиясы орталығы былтыр Қазақ­станның астық егетін ай­мақ­тарында егін жинаудың ғарыш­т­ық мониторингі бойынша мем­лекеттік тапсырысты бірлесіп орындаушы ретінде қатысты. Бүгінде оны еліміздің барлық аймағында табиғи ресурстар­дың ғарыштық мониторингі бойынша зерттеулерді бірлесіп орындаушы ретінде енгізуге шешім қабылданды. Осы орталық есебінен Ақмола облысы Целиноград ауданының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері цифрлы форматқа көшірілді. Оны ғарыштық суреттермен салыстырып, жер пайдалану процестерін толығымен бақылауға қолдануға болады.

Қытайлық серіктестердің қаражаты есебінен құрылған заманауи қытай технологиясын бейімдеу мен трансферттеудің халықаралық орталығында да біршама жұмыс жүргізілді. Тұзға және қуаңшылыққа төзімді қытай селекциясы ағаштарының 40 түрі мен картоп, басқа да дақылдардың түрлі тұқымын бейімдеу бойынша бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, қытай ағаштары «Аста­наның жасыл аймағының» одан әрі көркеюіне үлес қосса, ал картобы жоғары өнімділігімен республикамыздың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше орын алмақ. Себебі оның өнімділігі оңтүстік облыстардың үздік шаруашылықтары көрсет­кішіне қарағанда 5 есе көп. Ал­ғашқы алынған нәтижелер жоба болашағының зор екендігін көрсетті. Енді солтүстікте кар­топ­­тың элиталық тұқымы өнер­кә­сіп­т­ік негізде өндірілмек. Сон­дай-ақ суарылмайтын егін­ші­лік жағдайында жоғары өнім беруге қабілетті шетелдік соя сұрыпын бейімдеу жобасы қолға алынады.

Ауыл шаруашылығын қар­қын­ды дамытудың маңызды қыры – білімді тарату. Дамыған елдер­дегідей оның айқын жүйе­сін әзірлеу қажет. Былтыр уни­вер­ситетте серіктестердің қол­дауы арқылы білімді тарату кеңсесі құ­рылды. Білім алушылар «өз қолың­мен жаса» ұстанымы ар­қы­лы оқытылып, тәжіри­белік дағ­­дысын қалыптас­тыруға, ке­шен­ді инновациялық шешім­дер қабылдауға үйренеді. Осы уа­қыт­та БҰҰ Даму бағдарламасы және «АстанаЭкоСтандарт» серік­­­тес­тігімен ұйымдасты­рыл­ған жы­лы­жай шаруашылығы мек­тебін­де 200-ден астам кәсіп­кер білім алды. Сондай-ақ ба­лық ша­руа­шылығы саласындағы мектеп іске қосылып, оқыту барыс­ын­­да «hand-on» режімде 100-ге жуық ба­лық шаруашылығы субъек­ті­лері қамтылды. Бүгінде бұл оқы­ту түріне бизнес-құры­лым­дар та­ра­пынан сұраныс күрт өсіп отыр.

Біз Елбасы Жолдауындағы агроөнеркәсіптік кешенді және аграрлық ғылымды дамы­туға қатысты міндеттердің универ­ситеттің білім беру мен ғылыми-зерттеу үдерісін жүйелі қайта құруға бағытталған қызметімен үндес болғанын мақтан тұтамыз. Осы үндестік бізге зор сенім жүк­тейді және алға қойған жос­парларымызды ойдағыдай іске асыруға ынталандырады.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры