• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2018

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан»

40665 рет
көрсетілді

Абай атамыз кезінде «Осы күнде қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның мәнісі «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалығынан жетерсің» деген сөз» деп жазған еді. 

Байқасаңыз, бұл бүгінгі күнге сай айтылған ба дерсіз. Өйткені бұл сөздің мәні қолынан іс келетін адамды шеттетіп, амалын асырған адамды билікке отырғызу. Расы керек, қазір айналаңызға қарасаңыз, қоғамымыз осындай күй кешіп жатқандай. Әрине жеке бастың мүддесін ғана көздейтін адамның ниеті көпшіліктің қамын күйттеумен ешуақытта ұштас­пайтыны анық. Сондықтан «кісі­сі біл­ген» адамнан жақсылық шық­пай­ты­ны рас.

Халық мақалы да осыны рас­тағандай: «Жақсы адам атқа мінсе жарасады. Жаман адам атқа мінсе адасады» дейді. Ал адасып жатқандар аз емес. Бірақ мұны ат үстінде отырған адамның аңғара қоюы қиын. Ол «мен білетін болғандықтан, керек болғандықтан мені атқа отырғызды» дейді. Сөйтіп екі көзі тұмшаланады. Тек талай жанды жазғырып, жазықсыз жаза­лап барып, болары болып бояуы сіңгенде ғана мұны орынтаққа отыр­ғыз­ған «кісісінің айлалығы» қа­те­лікке ұрын­дырғанын жоғары жақ байқауы мүмкін. 

Сондайда амалсыз «Ештен кеш жақсы» дейсіз. Және осындай қате­лік­тердің бәрін әуелі халық кө­ріп, байқап қоятыны көңілге медет. Сон­дықтан ол жайлы әңгіме алдымен аннан-мұннан қылтиып, айтылып қалып жатады. Әйтсе де оның дер кезінде назарға алына қоймайтыны көңілге күдік ұялатады. Әйтпесе мұны дер кезінде аңғарып, сол кезде іс басына келген «ісінің түзулігінен» жетістікке жеткізе алатын, яғни ел қамын күйттейтін жанның пайдасы көп болар еді. Сонда Сүйінбай Аронұлының «Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ, Көреді бәрін де өз баласындай» дегеніндей, оған ортақ мақсатқа қол жеткізуде алаламау, жанына жақпағандарды жақтырмау жат болар еді. Ондай адам жұрттың ырысына айналары да сөзсіз. Ал «кісісінің» айтқанымен тізгінге ие болып, сосын не істесем де еркімде дейтіндердің оңбай сүрінгені бар.

Тәуелсіздік алғалы бері теріс ісімен елді қақсатқан қаншама шенеунік ұсталды. Абыройсыздыққа ұшырады. Араларында кім жоқ дейсіз. Солардың дені «көкесінің кереметтігінен» кеуде кергендер. Мұндайлардың қолына билік тізгіні тисе, өздерінің кім екендіктерін шынайы түрде көрсетеді дейді сарапшылар. Рас сөз. Өйткені белгілі бір іске жете кәсіптенбеген, оның қыр-сырын біле қоймаған адамға әлгі тұңғиығы таныс емес мамандықты кенеттен иығына жүктер болса, сол сәтте-ақ оның өзін өзі ұстауы, мінез-құлқы, әрекеті бірден өзгереді екен. Жақсы жаққа өзгерсе бір сәрі ғой.

Іс барысын білмегендіктен адасатын көрінеді. Бұған сарапшылар нақты мысал да келтіреді. 1971 жылы психолог Ф.Зимбардо тәуелді адамдар мен қолында билігі бар адамдардың іс-әрекетін сынап көргісі келеді. Ол үшін Стэндфорд университетінің студент-еріктілерін екі топқа: ұсталғандар мен қарауылдарға бөледі. Нәтижесінде бас бостандығынан айырылып «түрмеге» қамалғандар мен оларды күзететін, қарауылдайтын «айдауылдар» пайда болады.

Сонда осы тәжірибе барысында психолог күзетшілердің бойынан қатыгездік көріністерін байқаса, қамаудағылардан керісінше, қауқарсыздық пен сағы сынғандық көріністерін байқайды. Бұдан кейін Зимбардо сынақты доғара қояды. Өйткені екі топтың әрекетінен қауіпті нышандар ашық аңғарыла бастаған. Міне, өркениетті елдердің заңгер­лері ізгілік қағидасын дамыту, қыл­мыс­­тық саясатты ізгілендіру керек деп айтқанда, әр саланың білікті өз маманы болуы қажеттігін алға тартады. Біліксіздік, іс барысын жете білмеу өкінішке соқтырады.

Заңды біліп қою жеткіліксіз, оның орындалуы үшін адамгершілік қағидалардың ұштастырылуына жол ашатын ізгілік қажет. Әйтпесе студент бірден тәжі­ри­белі заңгер, тіл маманы – хирург, агроном – ұшқыш, құрылысшы, тіс дә­рігері болып істі тындыра салмайды. Бірақ қолынан іс келмесе де «кісісінің көме­гімен» барып, тұнық суды лайлап жатқандар бар ғой. Сонда халық арасында денсаулық саласына, білім саласына, ауыл шаруашылығына қатысты айтылатын әңгімелер өзегінде өтірік жоқ-ау деп ойланасыз. Небір салалардың басшылары айтты деген күлкілі әңгімелер де туындап жат­қан жайы бар.

Соның негізі Абай ата­мыз­дың «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген сөзіне мән бер­мей, өз кетігін таба алмауында-ау ша­масы.

Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»