Өмірге құштарлық дегенді біз кейде ертеңге деген үмітпен шатастырып жатамыз. Ал атыраулық Ерлан Күмісқалиев үшін өмірге құштарлық қайырымдылық, қарапайымдылық, қажырлылық деген үш сөзбен түсіндіріледі. «Бауырыңда қатерлі ісік бар, көрер жарығың аз қалды» деген дәрігер үкімін естігенде ол 36 жаста еді. Алғашында, иә, жүрегінде діріл пайда болды. «Не істеп үлгердім?» деп жанталасты. «Осыдан тәуір болып кетсем, қалған ғұмырымды адамзатқа жақсылық сыйлаумен өткіземін», деп серт берді.
Ауру әкесінің ауыр халі мектеп оқушысы Ерланды көп алаңдататын. «Дәрігер болсам көмегім тиер еді» деген балалық пейілі оны Атырау медицина колледжіне алып келді.
Оқуға түсті, бірақ әкесін ажалдан арашалай алмады. Колледжді тәмамдаған соң Жылыой ауданының шалғай бір ауылына медицина қызметкері болып жұмысқа орналасты. Бірақ не істесе де жаны тыным таппайтын жас жігіт ауылда екі жылдан артық тұрақтай алмады. «Заңгер болуым керек» деп бір күнде мамандығын ауыстыруға бел буып, жолға шықты. Оның да оқуын оқығанмен, журналистика әлемі тартты да тұрды. Алғаусыз арманның жетегінде Мәскеуге дейін барып, білім алды. Облыстағы мәдени шаралардың бел ортасында белсенділік танытып жүрді. Алайда қызылды-жасыл өмір де Ерланның жан қалауын тауып бере алған жоқ.
...Тағдыр шығар. «Тағдыр шығар» деп жазу бізге әрине оңай. Ал жүрегінің шын қалауын тапқанынша тағдырдың қатал сынағынан өткен Ерлан үшін ауыр дертпен, азаппен, ажалмен арпалысу оңайға соқпағаны аян. Бірақ ол жеңді. Қатерлі ісікпен күресте қажырлылық танытты. «Ресейдің Самара қаласындағы емханада жатқанымда иттердің көмегімен сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге болатынын көрдім. Бұл жағдай маған ой салды. Аурухана төсегінде жатып «Егер осы аурудан жазылсам, мұқтаж адамдардан жәрдемімді аямаймын, қайтсем де адамдарға жақсылық жасаймын» деген үлкен мақсатпен қауыштым. Мені сол мақсат төсегімнен тұрғызды десем де болады», дейді Ерланның өзі.
Ауыр күндер артта қалды. Ауруынан айыға бастады. Алайда өзіне-өзі берген сертін ұмыта алмады. «Қайтсем де...» дейтін тістеніп. Өмірдің дәмін татып та үлгерместен қиын жағдайға душар болған сәбилердің мөлдіреген көздері мен аналарының жаутаңдаған жанары жанына тыныштық бермеді. Ақыры «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық қорын құрып, бас миы мен жұлынына зақым келген балаларға қолдау көрсету орталығын ашты. Бұл – 2012 жыл еді.
Содан бері бір тыным таппаған Ерлан Күмісқалиев бүгінге дейін 300-ден астам балаға көмек көрсетіп үлгерді. Лабрадор тұқымдас Форбс пен Федя атты иттері сенімді серіктеріне айналды. Аяқ-қолдарының бар екенін де сезбейтін қаншама бала осы әдіс арқылы тұрып, жүріп кеткеніне мысал аз емес. Ауру бала баққан ананың да жүрегі шерлі. Оның үстіне, баласы сал болып туған аналардың жетпіс пайыздан астамы жалғызбастылар екен. Ал барлық ем-домды тегін жүргізетін Ерлан аналарға арнап орталықтан түрлі үйірмелер ашқан. Енді канистерапияны қолданысқа енгізуді жоспарлап жүр. Бұл ойын облыс басшылығы мақұлдап, орталық ғимаратын салуға жер телімін бөлді. Алдағы көктемде иппоорталық ашылады. Осылайша Ерланның «Жаным аман қалса, жер бетіне ізгіліктің дәнін себемін» деген ойы оңынан орындалып келеді.
Ерлан Күмісқалиев бүкілхалықтық дауыс беру нәтижесімен «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» қатарына енді. Елбасымен кездесу құрметіне ие болды. Жақында Атырау облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен бір кездері өзі білім алған медицина колледжіне барып, жастармен жүздесті. «Жетістік формуласы» атты шарада өмірінен сыр шертіп, басынан өткен жайттарды баяндады.
Ешнәрсе кездейсоқ емес. Мүмкін Ерланның басынан кешкен қиындықтары оны осы жолға, денсаулығы дімкәс сәбилердің қамқоры, қорғаны болуына дайындаған шығар. Қазір оның 300-ден астам баласы бар. Ем қонса деген ақ үмітпен алдына келетін әр баланың жансыз аяғына жан бітіп, кішкене саусақтарымен қолын қысқан сәттерде ол өзін дүниедегі ең бақытты жан сезінеді. Өмірге құштарлық деген адамдарға, айналаға мейірім мен махаббаттың шоғын үрлеу шығар, бәлкім?
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ