Сөз – ұғым. Ұғым танымды қалыптастырып, таным тұтас ойлау жүйесін түзеді. Сөзіне қарап отырып жеке адам ғана емес, бір ұлттың да ойлау жүйесіне үңіліп көруге болатын секілді. Қазақтың мақал-мәтел, қара өлеңі, қысқасы, жалпы ауыз әдебиеті ұлттық ойлау жүйесінің көрсеткіші іспетті. Оған, әрине, музыкасы қосылады. Әңгімеміз ән төңірегінде болған соң, классикалық әндер сөзінің табиғаты жөнінде өте өзекті санаған ойымызды қысқаша ғана айта кетсек.
Қазақ сөзінің көзге алдымен түсер бір ерекшелігі – астарлылығы. Ол қасиет қарсы жақтың да сол астарды қапысыз түсінуі себепті, тіпті де жетіле түскен. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деңгейі ұлттың ойлау жүйесінің ұшқыр, бойындағы сөз қуатының күшті, түйсіктің соншалықты сезімталдығын көрсетеді. Қазақтың классикалық әндерінің қай-қайсысын алсаңыз да жалаңаш мәтін жоқ. Сөздердің мәні адам бойындағы небір қалтарыс, бұлтарыс сана сезіміне соқпай өтпейді. Бұл сөздер сол сезім түйсіктерді үнемі шынықтырып, жетілдіріп отырады. Осыдан адамның ойлау жүйесі (формасы) қалыптасады. Ол форма – өте алуан қырлы, сан тараулы, кез келген жерден өзге мағынада ойлап үлгеретін, тұйыққа тірелмей шығар жол таба білетін әмбебап ойлау формасы. Енді мұнан үлкен мәселе туындайды. Қараңыз!
«Адам жол таппай адаспайды, ой таппай адасады» дейді атақты жырау Алмас Алматов. Ой тұйыққа тіреліп шығар жол таппағанда адам өзін өлімге тірейді екен. Физиканың заңдылығы бойынша электр жүйесінен шығатын өрттің екі сымның қысқа тұйықталуынан болатын секілді, адамның өзін өлімге итермелеуі сол ойдың тұйықталуынан болатыны туралы ғалымдар көптеген зерттеулер нәтижесінде тұжырымдамалар жасаған. Мұндайда, біздің қоғамда кейінгі уақытта қаншама өрімдей жастардың өмірінің қыршынынан қиылып кетіп жатуына бүгінгі жалаң сөз, жалған ырғаққа құрылған есер әндердің де кесірі жоқ деп айта аламыз ба?
«Сен мені іздеме», «аққайыңның түбінде жігіт пен қыз кездесті», «не деген бітпейді, айтпашы өкпеңді, саған не жетпейді?», «қателіктерімді менің түсіне алсаң кешір» деген секілді тақырға түскен тарыдай тақылдаған сөздер жастар жанын жалаңаштап, адами сезімдерін семдіріп, түйсіктерін тұмшалап жатқанын байқай алдық па? Түзу барып түзу келетін жол секілді қатып қалған сөздер олардың санасын бір мәселеге тап келгенде еркін ойлай алмайтын, келесі бір жағынан шығар жол тауып кете алмайтын, өмірдің иірім-қайырымына икемсіз, қауқарсыз күйге түсіруде. Ал, біз қызығып айта беретін аталарымыздың ірі мінезі, кең кісілігі, қандайда бір жағдайға тап келгенде аспай-саспай айналып өтер жол табар ерекшелігінің бір себебі өздерінің әндеріндей астарлы, кең, еркін ойлау жүйесін қалыптастырған қазақы сөздің табиғатында жатқан жоқ па? Бұл әннің сөзіне байланысты жағы ғана. Оның арғы жағындағы қара өлең, әуеннің әңгімесі бөлек...
Кезінде композитор, музыкатанушы Хасен Қожа-Ахмет «Қазақ әндері қалай космополиттанды?» деген мақала жазып, генетикалық жадымызға жат ырғақтардың жаппай етек алуын тайға басқан таңбадай көрсете отырып, «бұл жағдайымызды түзеуге кіріспей ренжіп, бүлінген күйі бүк түсіп жата беру, түбі, қазақты ұлттық суицидке әкелетіні анық» деп жазған еді. Онда мұндай жат музыканың ұлттық сөйлеу құрылымы мен ырғанын да танымастай өзгертетінін дәйекті дәлелмен шегелеп тұрып айтқан. Бүгін біз сол тұсқа да кеп қалғандаймыз. Кешегі мен бүгінгі әннің сөзі сазын қоса талдап, оның адам жанына, ойлау жүйесіне әсерін ғылыми түрде жіліктеп тұрып алдыға тартар арнаулы еңбектер көптеп жазылса, осы айтып отырған ойымыздың ақиқатына көп адамның көзі жетері еді...
Ең бір өкініштісі, классикалық ән мен күйді қалай айтқысы келсе, қалай тартқысы келсе солай тартып оның әуелгі табиғатынан мүлде алыстатып жүрген өз өнерпаздарымызды ұлттық өнердің насихатшысы ретінде танитын болдық. Жанғали күйші айтпақшы, күйді қазір көзбен тыңдайтын күйге түстік. Бар шеберлігі – жылдамдығы! Оның басқа мың бояу, толғанысын өзі де, өзге де сезбейді. Оларға бірдеңе айтсаң «сұранысқа қарай, қазір жұрт оны қабылдамайды» дейді. Қабылдамаса оны бүлдірмей, өзің күй шығарып тарт, өзіңнің қабылданатын әніңді шығарып айт. Ал, ғасырлар бойы қалыптасып, уақыттың қаншама дауылы мен жауынына ұшырап, қандай қағажу көрсе де тасты жарып көктеген күрең тобылғыдай ән мен күйіміздің құлағын өз білгенінше шұнтита беруге ешкімнің қақысы жоқ. Пайдалан, бүлдірме! Өтпесе, тұрсын, тиме! Келешекте дәл сол түпнұсқаға қайта оралар уақыт келеді. Бұл ойымызды «Әуен жұмбағы» тақырыбында ары қарай жалғайтын боламыз.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»