Кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Мейірім» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру мақсатында түрлі деңгейдегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Қарым-қатынас және сезім» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Игі шара танымал мүсінші, Суретшілер одағының мүшесі Еркінбек Есімовтің туындыларын тамашалаумен басталды.
Көрменің басты мақсаты да сол, музейге келуші түрлі деңгейдегі мүмкіндігі шектеулі жандарды жәдігерлермен жақынырақ таныстыру арқылы олардың таным көкжиегін кеңейтіп, қазақстандық және шетелдік мәдени құндылықтарды тамашалауларына жағдай жасау болатын. Көрмеге келген жастар қолөнер туындыларымен танысып қана қоймай, олардың авторларымен де сұхбаттасып үлгерді. Өздерінің сұрақтарын қойып, мүсін өнеріне деген қызығушылықтарын білдіріп жатты. Мұндай көрмелер мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық қабілеттерін арттыра отырып, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне де ықпал етеді.
Көрмеге қойылған қолөнер шеберлерінің, мүсіншілердің, суретшілердің әр туындысынан ұлттық болмыстың бояуын анық аңғаруға болады. Ерекше экспонаттарды келушілер қолмен ұстап, білдіріп жатқан пікірлерінен біз осыны аңғардық. Сондай-ақ көрме экспозициясында Еркінбек Есімовтің туындыларынан бөлек Юрий Буштрук, Сергей Санакоев сынды Қазақстан мен ТМД-ның белгілі мүсіншілерінің туындылары бар.
«Бұл өнермен бала жасымнан айналыстым. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдап, қазіргі таңда елордамызда шәкірт тәрбиелеу үстіндемін. Осы уақытқа дейін 500-дей өнер туындым ел назарына ұсынылды. Соның екеуін осы музейге сыйға тарттым. Олар бүгін балалар тамашалап жатқан «Тәкаппар түйе» және «Ауыл-түйе» деп аталатын туындым», дейді Е.Есімов.
Көрмеге келушілердің көбісінің түрлі деңгейдегі мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, онда қойылған жәдігерлердің этикетаждары Брайл әліпбиімен жазылған. Құлағы нашар еститін келушілер үшін экскурсия сурдоаударма арқылы жүргізілді.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»