Елімізде жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарында белгіленген кәсіпорындар 2018 жылдың соңына дейін сатылуы тиіс делінді. Біздің өңірден жекешелендіру тізіміне 39 нысан алыныпты. Үкімет шешіміне орай былтыр біразы сатылымға да шығарылды. Мақсат – еліміздің экономикалық өсуіне жаңа қарқын беру, жекеменшік бизнесті дамыту.
Облыстық қаржы басқармасының мәліметінше, өткен жылы Павлодар ауданы «Коммунсервис» ЖШС, «Ақсу-Коммунсервис» ЖШС, «Екібастұзлифт» ЖШС, «Павлодар облыстық диагностикалық орталығы» КМК және «Спортсервис» МҚКК мекемелері жекешелендірілген. Ал «Шымыр» сауықтыру кешені, «Сапаржай Павлодар» ЖШС, №1 және №2 емханалар, «Өңірлік ғылыми-технологиялық орталық» ЖШС және басқалары кейін сатып алу құқығымен сенімді басқаруға берілген-ді. Өңірдегі Шарбақты ауданы «Коммунсервис» және «Железин аудандық жол-пайдалану учаскесі» кәсіпорындарының материалдық-техникалық құрылымдары аудандық әкімдіктің бөлімдеріне өткізілді. Облыс орталығындағы Орталық, «Жұлдыз» стадиондары, «Баянтау» спорт сарайы, «Астана» мұз сарайы және Ақсудағы «Достық» стадионы әлеуметтік тұрғыдан маңызды нысандар. Сондықтан заңды тұлғасын жойып, нысандарды мемлекеттік меншікте қалдыру көзделді. Бар мүліктерін облыстық спорт мектептерінің балансына өткізу жөнінде шешім қабылданды делінді.
Өңір қаржыгерлерінің айтуынша, жекешелендіру еліміздегі экономикалық өсімге қарқын беруге тиіс. Мемлекеттік активтерді анағұрлым тиімді меншік иесіне өткізу арқылы жекеменшік бизнес дамиды. Әлемдік тәжірибе жекешелендіру басқару сапасын арттыруға, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретінін көрсетуде. Облыста жекешелендіруге алынған нысандар тізіміндегі 39 нысанның 31-і коммуналдық меншікте болса, қалған 8-і- «Павлодар» ӘКК» ҰК» АҚ-тың еншілес және бағынышты тәуелді мекемелері екені анықталды. Құжатта әрбір нысанды сатудың кезең-кезеңімен жүргізілетін іс-шаралары да белгіленді. Арнайы жол картасы да жасалыпты. Мысалы, «Екібастұзлифт» ЖШС кәсіпорнының бастапқы бағасы 42 миллион теңгеге бағаланыпты. Облыс орталығындағы қалалық №1 және №2 емханалар да қазір бір жылға сенімді басқаруға берілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы емханаларды бәсекелестік ортаға беру арқылы ұтпасақ, ұтылмаймыз деп отыр. Облыстық диагностикалық орталық та жекенің қолына өтті.
Бірақ, емханаларды сату кезінде алғашында түйткілдер де шықты. Электронды аукцион нәтижесінде қостанайлық компания облыс орталығындағы қос бірдей емхананы басқаратын болып шешілген-ді. Алайда келісімшартқа қол қояр сәтте инвестор бұл ойынан бас тартқан. Бұдан басқа да өңірде жекешелендіруге орай сәтсіз жағдайлар кездесті. Мысалы, үш рет аукционға қойылған облыс орталығындағы «Толқын» бассейні үшінші ретте қалай сатылғанын бүкіл павлодарлықтар біледі. Яғни, нысан кейінгі сатылымдарда өз құнынан әлдеқайда арзан бағаға жекенің қолына өтіп кеткен-ді. Қалалық прокуратура бұл келісімді жарамсыз деп танып, сатуды тоқтатты. Іс сотқа да жетті.
Қалалық қаржы бөлімінің хабарлауынша, жекешелендірудің ережелеріне сәйкес, облыс орталығында екі кешенді жоспар әзірленген. Алғашқысы 2014-2016 жылдары жүзеге асырылды. 2016-2020 жылдарға арналған екінші кешенді жоспар бойынша облыс орталығындағы нысандарға сатылымның басталғаны туралы ақпарат берілген еді. Жекешелендірудің бірінші кешенді жоспарына енген облыс орталығындағы «Лифт» ЖШС, «ГеоКарта» ЖШС , «№1 автобус паркі» ЖШС сатылған болатын.
Енді сатылды деген осы №1 автопарктің жекешелендірілу жайын баяндап көрелік. Парктің сатылуы бүкіл қала халқының көз алдында өтті: алдымен 2015 жылы жазда «Павлодар қаласындағы қоғамдық көлік қозғалысы кешенін жаңғырту» мақсатында Алматы Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институтының мамандары келіп, жоба жасамақ болған-ды. Осылайша, көшелердегі автобус бағыттары оңтайландыру жүйесіне сай өзгеріске ұшырады. Алматылық ғалымдардың тосыннан келіп, негізсіз оңтайландыру жүйесін енгізгендеріне халық әлі күнге дейін наразы. Қоғамдық көліктермен қарапайым халық жүретіндіктен оңтайландыру мәселесі қала тұрғындарымен талқыланып, қоғамдық тыңдаулар өтуі керек еді. Солтүстік өңірдің ауа райы ызғарлы. Автобус бағыттарын жасау, аялдамалар орнатуда ең алдымен осы жай алынады. Жоба бойынша тұрғындар қоршаған ортаға зияны көп ескі автобустардан құтылады делінген. Тіпті жол жүру ақысын электронды түрде төлеу мүмкіндігін де қарастырыпты. Облыс орталығында 200-ге жуық терминал қоюға тиіс болған. Алматылық ғалымдардың Павлодардың негізгі көшелеріндегі қоғамдық көлік қозғалысын азайтамыз деп әбден қателескендері өте өкінішті-ақ.
Ал құрылғанына 50 жылдан аса уақыт өткен автопарк жаңа қожайын келгенше қалалық әкімдіктің меншігі саналып келді. Тасымалдау қызметіндегі парктің үлесі қаладағы тасымалдаушылардың 50 пайызға жуығын құрайды. Кәсіпорын басшылығы бағыттарда автобустардың қызметін ұйымдастыруға және жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көп көңіл бөлді. Диспетчерлік бекеті болды. Жұмысты реттеу үшін автобустарда GPS треккер-ақпараттар қолданылды.
Автопаркті сатып алған кездегі келісім бойынша жаңа қожайын мекеменің барлық қарызын өз мойнына алмақ еді. Кейін дау-дамай басталды. Анықталғандай, автобус паркін сатып алған «Қазақстан құрылыс компаниясы» ЖШС фирмасы келісімшартта көрсетілген міндеттерді орындамаған. Ақыры, екі жақты келісімшарт бұзылды. Сөйтіп 2016 жылы жекешелендірілген №1 автобус паркінің облыс орталығының көшелеріндегі жаңадан берілген 36 автобусы бағыттардан алынып тасталды.
Ал ескірген автобустар әлі күнге дейін облыс орталығында жүр. Қаңтардағы қақаған аязда біраз қоғамдық көлік тиісті бағыттарына шыға алмай да қалды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы бөлімінің хабарлауынша, ескі көліктерді жөндейтін арнайы бригада құрылып, қосымша бөлшектер дайындалып, қосалқы экипаждар жасақталыпты. Бағыттардан алынып қалған ұзақ уақыт қолданыста жүрген автобустар аязға төтеп бере алмады. Олардың арасында 17-20 жыл пайдаланылған автобустар бар.
Күнделікті қала ішінде жүрген соң, автобустардың жағдайын білеміз. Жүргізушілер бөлек кабинада емес, жолаушылармен бір жерде отырады, айналасы толы қаптаған сым, қызған пеш, артық заттар. Жолаушылар қауіпсіздігі сақталмаған. Онсыз да әбден тозған көліктердің аязды күндері жолға шыққаны жұртқа қауіп төндіреді. Мәселен, жақында қаланың Кутузов – Шөкин көшелерінің қиылысында № 22-автобус өртеніп кете жаздады. Жаңа, жайлы қоғамдық көліктер жүретін уақыт келді дейміз, бірақ оны жүзеге асыруға тәртіп, талап, бақылау жетпей тұрғандай.
Таяуда әкімдердің халықпен кездесуіне орай, облыс орталығына қарасты Ленин атындағы кентке келуге тиіс болған қала әкімі Нұржан Әшімбетовті тұрғындар асыға күткен. Облыс орталығы мен Ленин кентінің арасына №38 автобус жүреді. Халық қоғамдық көліктің белгіленген кестеден кешігіп жүретінін, кейде бағытқа шықпай қалатынына әбден-ақ наразы. Кент тұрғыны Ерке Тоқтохтың айтуынша, қалада оқитын студенттер, жұмыс істейтіндер еріксіз такси жалдайды. Әкімге «автобус әбден ескірді, жолда қауіпті, жаңарту керек!» деген өтініш-ұсыныстар айтылды. Светлана Калашникова автобустың қозғалысын екі жақты айналмалы бағытта жасау жайында әкімдікке бірнеше рет хат жазыпты. Тұрғындар автобустар ескірді, бұлардың орнына шағын автобустар шығару керек деген ұсыныстарды ортаға салды.
– Өздеріңіз білесіздер, №38 автобус бағыты бойынша «№1 автобус паркі» ЖШС қызмет көрсетеді. Кәсіпорын осыдан біраз уақыт бұрын жекешелендіру аясында жекенің қолына өтті. Бірақ кәсіпкер өз міндеттерін орындай алмаған соң, қайтадан мемлекетке қайтарып отыр. Енді тасымалдаушы компанияны тағы да жеке инвесторға берерміз. Немесе бюджеттен қосымша қаражат қарастырып, коммуналдық меншікте өзімізде сақтап қалармыз. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Тұрғындардың шағымдарын назарға алып, мәселені шешуді қолға аламыз, – деді қала әкімі Н.Әшімбетов.
Жуырдағы Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жекешелендіру барысында инвентаризация бойынша сатуға шығарылатын кәсіпорындардың нақты тізімі жасалса да, уақыт өте келе жаңа нысандардың көбейіп кететінін сынады. Жекешелендірілетін нысандарға ешқандай бақылау болмай тұрғаны айтылды. Өкінішке қарай, кейбір келеңсіздіктер қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізіп жатыр.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР