Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында 300 оқушыға арналған жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Бұл Қарашығанақ кенішінің экологиялық аймағына кіргендіктен тұрғындары көшірілген Березов және Бестау ауылдарының тұрғындарына арнайы салынған Аралтал шағын ауданында ашылған мектеп.
Ақсай қалалық №8 жалпы орта білім беретін мектебі аталған білім ғимаратына былтыр салынған 100 үйлік Аралтал шағын ауданының балалары барады. Мектеп ғимараты толықтай заманауи үлгіде салынып, қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етілген. Мұнда спорт залдары, асхана, зертхана кабинеттері мен шеберхана, сондай-ақ шағын орталық жұмысына арналған арнайы орындар ашылған.
Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов барлық ата-аналар мен мұғалімдерді, оқушыларды айтулы оқиғамен құттықтады.
– Елбасы биылғы Жолдауының «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші бағытында еліміздегі білім беру саласына ерекше көңіл бөліп, бұл істе озық жүйені қалыптастыру керектігіне тоқталды. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да мемлекеттің алға дамуы тек білімнің салтанат құруы арқылы ғана мүмкін деп айтылған. Бұл орайда облыс көлемінде атқарылған ауқымды іс көп. Жыл сайын білім сапасын көтеру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытында тынбай жұмыс атқарылып, жаңа білім беру нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр, – деді Ғабидолла Оспанқұлов.
Өткен жылы өңірде 24 білім беру нысаны салынса, биыл қаңтар айының өзінде жаңадан 2 мектеп пайдалануға берілді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы