Талдықорған қаласында орналасқан өлкетану музейлеріне енді ғаламның кез келген жерінен виртуалды саяхат жасауға болады.
Бағдарламашы маман Мейірхат Толқыновтың бастамасымен қолға алынған цифрлы жоба «Жетісу-360» деп аталады. «Цифрлы бағдарламаны қолдана отырып, желіге жүктелген суреттерді барлық қырынан, яғни 360 градуста көруге болады. Жобаның атауын осыдан алдық. Әлемдік технология күн сайын жаңаруда, бұрын 3D форматындағы көріністерді арнайы құрылғының көмегімен ғана көруге болатын еді ғой, қазіргі мүмкіндікті игеріп үлгеру керек. Біздің 3d-Tour.kz сайтына кіріп, Жетісу өлкесіндегі музейлердің құнды жәдігерлерімен танысу оңай әрі қызықты. Кез келген смартфоннан, интернетке шығатын мүмкіндігіңіз болса жеткілікті, тұтас тарихты көз алдыңызға әкелеміз», дейді жоба авторы.
Қазір күні бұл жоба бойынша Мұхамеджан Тынышбаев және Ілияс Жансүгіров атындағы музейлерге виртуалды саяхат жасау мүмкіндігі бар. Мұхамеджан Тынышбаев атындағы музейде сақтаулы тұрған 27 454 экспонат 3D форматына көшірілсе, Ілияс Жансүгіров атындағы мұражайдың 6 мыңға жуық жәдігерін де әр қырынан, түрлі-түсті бейнеде тамашалауға болады.
Айтпақшы, 26 жастағы кәсіби фотограф әрі IT маманы Мейірхат Толқынов Жетісу өңіріндегі үлкенді-кішілі музейлерді 3D форматына көшіруді армандайды. Ол қазір өңірлік коммуникациялар қызметіндегі жұмысын осы бағытпен ұштастыруда.
«Облыста 22 музей бар, барлығымен жұмыс істеуге дайынмын. Әрбір экспонат тарихи жәдігер болғандықтан, адамдар үшін қолжетімді әрі сапалы болуы керек. Осыған үлесімді қосқым келеді. Барлық музейге виртуалды саяхат жасап, мұрағатарды 3D форматында жасап, VR көзілдірігімен де көруге болатындай етіп жасап шығамын...», дейді Мейірхат.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Алматы облысы