Тәуелсіздік – кез келген халықтың маңдайына жазылмаған, тағдыр-талайына бұйырмаған ғажап сый. Адамзат тарихының өзі – тайпалардың, ұлттар мен ұлыстардың, халықтардың дербес мемлекет, еркін ел құру жолындағы жан алып, жан беріскен күрестер тарихы. Жылнамаға түскен соңғы екі мың жылдың ішінде осы азаттық күресінен үстем шыққандардан гөрі, жеңіліс тапқандар мыңдап саналады. Біздің маңдайымызға жазылған, тағдыр-талайымызға бұйырған бағымызға қарай үстем шыққандардың ұлы көшінде Қазақстан да бар.
Біздің ұрпақ – бақытты ұрпақ. Себебі, біз дәл осындай, жауапты да жақсылыққа толы дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Жасыратыны жоқ, кейде ұлттық кеудемсоқтыққа, әлеуметтік тоғышарлыққа салынып Тәуелсіздікті «көктен түсті, жерден өнді» деп жататындар да бар. Әйтсе де, біз өткен шақтың сабақтарын жадымыздан шығармауға тиіспіз. Ол шақтың шежіресі бізге ел болудың бейнеті мен қиындығын ғана жайып салмайды. Саяси көрегендікті, барды бағалауды, жоқты іздеуді үйретеді. Ескі сүрлеудің мүмкіндіктері мен жаңа көкжиектің кеңістігін ашып береді.
Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған салтанатты жиналыста: «Біз ешқашанда қол жетпейтін армандарға ұмтылған жоқпыз. Біз, бәлкім, кей тұстарда келіспесек те халықтың әл-ауқаты мен еліміздің өркендеуі жолындағы ұлы мақсатта біріге отырып, өз болашағымызды бірлесе жоспарлап, оны белсенді түрде құра алдық», деген еді. Елбасы бұл уақытты «ғасырға бергісіз он бес жыл» деп бағалаған.
Тәуелсіздіктің жиырма жылдық тарихы оңай жазылған жоқ. Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы әлем үшін «Қазақстан» ұғымы Еуразияның меңіреу түкпіріндегі, артта қалған қоғам сипатында ғана болғаны ақиқат. Шығандағы еуропалық түгілі кешегі бауырлас республикалар өкілдерінің өзі бүгінгі экономикасы қарышты дамыған, орнықты да мығым Қазақстанды тіпті қиялында елестете алмағаны анық. Елестеткісі де келмеген болар. Олар түгілі Қазақстанның болашағына күдікпен, үреймен қарағандар біздің өз арамызда да аз болған жоқ.
1989 жылы КСРО-дағы экономикалық дағдарыс ресми түрде жария болғаны белгілі. 1989-1991 жылдардағы энергетика көздеріне деген бағаның тоқтаусыз төмендеуі, жосықсыз тауар дефициті, сыртқы саясаттағы солқылдақтық, бүкіл елді жайлаған әлеуметтік апатия ақыры тәуелсіздік шеруіне ұласты.
Кеңес Одағы тарағаннан кейін, оның орасан аумағында сансыз тұрақсыздық нүктелері пайда болады. Әлеуметтік, ұлтаралық шиеленістердің соңы алапат апаттарға соқтырады. Оның бір ұшы Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда жатыр. Сол уақыттағы геосаяси болжам осындай еді.
Шындығында, АҚШ-тың сыртқы саясаттағы беделді идеологтарының бірі, халықаралық саясаттың гуруы атанған Збигнев Казимеж Бжезинский өзінің «Ұлы шахмат тақтасы: Американың үстемдігі және оның геостратегиялық императивтері» кітабында Еуразияны, соның ішінде, Орталық Азияны ұлы мемлекеттер үшін «ең үлкен геосаяси сыйлық» деп атаған болатын. Өз тәуелсіздіктерін ала салысымен, іле-шала Орталық Азиядағы жас мемлекеттер, әсіресе, Қазақстан Еуразиядағы осы бір үлкен ойынның шырмауына ілігіп үлгерген болатын.
Іс жүзінде қоғамның үйреншікті формациядан мүлде бейтаныс формацияға шұғыл ауысуы адамдардың ой-санасына да, дүниетанымына да алапат әсерін тигізді. Бұрынғы коммунистік догмалардың орнын басқан азаматтық қоғамның парадигмаларын бойға сіңіру оңай болған жоқ. Онымен қоса, бұрынғы саяси жүйенің тұтастай күйреуі, плюрализм мен сөз бостандығы, көппартиялық қағидасы әу баста қарапайым адамдарды қойып, биліктің өзін әрі-сәрі күйге түсіргені айқын. Үшіншіден, жоспарлы экономикадан нарыққа өту, жеке меншік құқының енгізілуі әдеттегі шаруашылық басқару ісінің астын үстіне шығарған болатын.
Сарапшылардың болжамы ақиқаттан алыс кеткен жоқ. Кеңестік кеңістіктегі ешбір мемлекет сол дүрбелең жылдардағы ұлтаралық шиеленіс пен азаматтық соғыстан, әлеуметтік қақтығыстардан тыс қалмады. Олардың кейбірі ыдырап тынса, енді бірі қанға бөкті. Өзгесінің даму, өркендеу жолы ондаған жылдарға кейінге шегерілді. Сарапшылар Қазақстанға келгенде ғана қателесті. Біз ғана мұның бәрін тек газеттен оқып, теледидардан көрдік.
1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды. 1992 жылғы 3 наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне өтті. Еркін елдің дербес өмірі осылай басталған еді.
1991-1993 жылдар Қазақстан үшін ең ауыр да күрделі кезең болғаны анық. Егемендігін жаңа алған, экономикасы мен өнеркәсібі басы бүтін орталыққа байлаулы қалған, әлемдік рынокқа шығар жолы тұйық, көпұлтты, көпдінді мемлекеттің мұндай қысымға шыдас беруі де оңай шаруа емес еді. Және ол кезде мұндай шаруаны шешудің дайын рецепті де жоқ болатын. Саяси, экономикалық, әлеуметтік транформация үнемі пышақтың жүзінде жүргізілді десе болады. Сол жылдардағы қиыншылықты бетперде етіп, жас мемлекеттің іргесін шайқалтқысы келгендер елдің ішінде де, сыртында да мол болғаны ақиқат.
90-жылдары тәуелсіздік алған өзге мемлекеттердегідей, Қазақстанда да мәдени, интеллектуалдық ой мен ғұрып шын мәніндегі тектоникалық өзгерістерге ұшырады. Ғасырлар бойы жаншылған, тепкі көрген халықтың ұлттық санасы оянды. Отарлық езгіден шыққан қазақ халқы үшін осы тұста ұлттық-мәдени түлеу ауадай қажет болатын. Бұл, өз кезегінде, жаңа рухани құндылықтарды қалыптастыру, жаңа сападағы білім жүйесін жасау, адам капиталын дамыту арқылы ғана іске асырылатын еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекет осы рухани мұқтаждықтың өтелуіне көп күш пен қаржы жұмсады. Ұлтымыздың жоғалуға айналған тілі мен діні, ділі қайта оралды.
Сол бір аумалы-төкпелі кезеңде Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің арасында да сақтық пен өз болашағына деген үрейдің болғаны анық. Коммунистік мұрадан қалған ұлт саясаты жаңа заман талаптарына мүлде кереғар еді. Бірақ біз осы жиырма жыл ішінде 140 ұлт пен 40-тан астам конфессияның өкілдерін мемлекет құру ісіне жұмылдырып, топтастыра алдық, толыққанды қазақстандық ұлтты қалыптастырдық.
Әлемдік қоғамдастықтың, көрші ірі державалардың Қазақстанға ерекше назар аударуының тағы бір шетін себебі бар болатын. Кеңес Одағы тарағаннан кейін Қазақстан әлемдегі ядролық қаруға ие мемлекеттердің төрттігіне еніп шыға келді. Бұл, әрине, әлемдегі жетекші мемлекеттерді алаңдатпай қойған жоқ.
Осы тұста Қазақстан Президенті Н. Назарбаев адамзат тарихындағы ең ұлы гуманистік қадамдардың бірін жасады. 1991 жылғы 29 тамызда Президенттің арнайы Жарлығымен дүниедегі ең үлкен ядролық сынақ алаңы – Семей полигоны жабылды. Артынша, 1993 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық державалардың үкіметтеріне ядролық, химиялық, биологиялық сынақтарға мораторийді 2005 жылға дейін ұзарту туралы үндеу тастады. Осылайша жас, тәуелсіз мемлекет әлемдегі бейбітшілік пен ізгі ниеттің үлгісіне айналды.
Алайда, өз дамуының жаңа белесіне көтерілген Қазақстан үшін жаңа саяси, заңнамалық, экономикалық алғышарттар қажет еді. Мемлекеттік шекараны бекітіп, егемен елдің қарулы күштерін жасақтау, ұлттық экономиканың іргетасын нықтап, ұлттық валютаны енгізу, ұлттық бизнесті аяғынан тұрғызу бірінші кезектегі мемлекеттік шаруалар еді.
1993 жылғы 15 қарашада Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық валютасы айналымға енгізілді. Бұл, шын мәнінде, біздің мемлекеттің дербес ел ретіндегі зор жеңістерінің бірі еді.
Дәл осы 1991-1993 жылдары Қазақстанда жүргізілген жекешелендіру кезінде алғашқы жекеменшік иелері пайда болды. Бұл өз кезегінде жеке шаруашылықпен, жеке іспен айналысқысы келетін мыңдаған азаматтарымыздың қолын ұзартты. Жалпы, өткен ғасырдың соңғы он жылдығында Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту бағытында жасалған жеңілдіктер тәуелсіз елдің орта табының қалыптасуына өлшеусіз ықпал етті. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның нарық экономикасының негізін қалаушы, ұйытқысы деп атауға тиіспіз әрі ол заңды да.
1993 жылы 28 қыркүйекте қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы түрлі әңгіме айтылады. Тіпті, бұл Конституцияны эталонға балайтын кертартпа, сыңаржақ пікірлер де бар. Шындығында, 1993 жылы қабылданған Ата Заң өтпелі кезеңнің басты заңдық құжаты еді және ол өз миссиясын толықтай орындады да.
Уақыт өте келе 1993 жылы қабылданған Конституциядағы олқылықтарды бітіспес қарсыластардың өзі мойындады. Қазіргі заман көкжиегінен қарасаңыз, аталған конституциялық құжатта көбіне социалистік қағидалардың қамтылғаны көзге ұрады. Нарықтық экономиканың өзегі саналатын жекеменшік пен жерге қатысты мәселелер мүлде қарастырылмаған. Биліктің үш тармағы арасындағы міндет бөлінісі айқындалмаған. Сот пен құқықтық органдардың өкілеттігі үстірт. Аталған заң шын мәнінде, жаңа заманның талаптарына жауап бере алмайтын еді.
1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституция Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы жаңа белестерге жол ашты. Биылғы жылы біз Ата Заңымыздың 16 жылдығын жоғары деңгейде атап өттік. Өз дәуірінің талаптарына толыққанды жауап беретін, Қазақстанның тұрақты, орнықты дамуына кең мүмкіндік ашқан 95-тің Конституциясы әлі де өміршең екендігіне сөз жоқ.
1995-2000 жылдардағы саясаттағы, экономикадағы орасан өзгерістер қоғамдық ой мен адамдардың санасына да төңкеріс алып келді деуге әбден болады. Аз ғана уақыттың ішінде қоғамда жаңа өмір сүру стилі, жаңа құндылықтар мен игіліктер, жаңа мәдени-рухани сипат пайда болды. Халқының 99 пайызы сауатты, сауаттылық деңгейі жағынан әлемдегі он мемлекеттің бел ортасында тұрған қазақстандықтар үшін жаңа заманға, жаңа қалыпқа бейімделу қиынға соқпағаны анық.
Біз бұрынғыдай «Кремльдің ожауына», «орталықтың нұсқауына» алаңдамайтын болдық. Біз кешегі «кеңестік шинельден» шыққан, қарабайыр, жасық ұлттан аяғынан тік тұрған, саяси еркі мен таңдауы бар, болашағы жарқын мемлекеттің азаматтарына айналдық. Ал, Тәуелсіздіктің құрдастары, жасы жиырмаға толған ұрпақ бодандықтың не екенін білмей жетілді.
Әлемдік қаржы ұйымдары тарапынан Қазақстанның экономикасы «нарықтық экономика» деп танылған соң, елдегі инвестициялық ахуал да мейлінше жақсарды.
Шыны керек, Қазақстанның қазба байлығының қаншалықты мол екенін Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана сезіндік. Мұнайдың нақтыланған қоры 35 млрд. тонна, газ қоры 3 трлн.-нан астам текше метрді құрайды. Жылына 90 млн. тоннадан астам көмір өндіреміз. Уран қоры жөнінен әлемде үшінші орындамыз және т.т. Осының арқасында Қазақстан дүние жүзіндегі алып қаржы-өндірістік топтардың көзқұртына айналды. Бүгінгі таңда Орталық Азия аймағына құйылған инвестицияның 80 пайызы біздің елдің үлесіне тиесілі.
Әрине, жетістіктерге оңайшылықпен қол жеткізілмейді. Бір ғана мысал. Белгілі қоғам қайраткері, Қазақстанның бұрынғы Сыртқы істер министрі, Біріккен Ұлттар Ұйымы төрағасының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Отандық дипломатияның он бес жылы» мақаласында: «Президент Н.Назарбаев халықаралық іскер орталарға Қазақстанның мол мүмкіндіктерін түсіндіру ісіне батыл кірісті. Тіпті, бастапқы кезде шетелдерге сапарлары барысында Елбасы қолына таяқ алып, Қазақстанның қай жерде тұрғанын картадан өзі көрсеткен кездері де жиі болатын» деп еске алады. Міне, бізге бүгінгі тоқшылық пен құт-береке осындай жанкештіліктің арқасында келгенін көпшілігіміз біле бермейміз.
Біз Батыс пен Шығыстың бар жақсысын сүзгіден өткізе отырып, өзіндік жолды – қазақстандық жолды таңдадық және аз ғана жылдың ішінде осы жолда аяғымыздан нық тұрдық. Өткен жиырма жыл біздің таңдаудан қателеспегенімізді дәлелдеп отыр. Әлем тарихында мұндай мемлекеттер ілуде біреу болса керек.
Біреудің басқан ізін айна-қатесіз салу мүмкін емес. Үлкен саясатта, әсіресе, мемлекет құру ісінде мұндай клоншылдыққа үйір болу еш елді ұшпаққа шығармаған. Осыдан жиырма жыл бұрын мызғымастай көрінген қайсыбір заңдылықтар мен принциптер бүгінгі таңда керексіз боп қалған жайы бар. Бүкіл әлем біздің қарсыластарымыз қайталаудан жалықпайтын либералдық демократияның бүгінгі күні бар ауруға болмайтынын түсінді. Өз мемлекетінің құрылысын, құрылымын, демократиялық қағидалар мен ережелерді жүз жылдап енгізген Батыстың өзінде қазір бұл жүйенің олқылықтары көп екені ашық айтыла бастады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «алдымен – экономика, сосын – саясат» қағидасы Қазақстанның жиырма жылдық дамуы мен өркендеуінің нағыз кепіліне айналды. Қазақстан жайлы жазылған сансыз кітаптар мен зерттеу еңбектерде, сараптамаларда халықаралық, отандық мамандар тәуелсіз елдің даму тарихын үш кезеңге бөліп қарастырып жүр.
Бірінші кезең – 1991-1995 жылдар. Жоғарыда айтқандай, бұл кезең Қазақстан үшін ең ауыр да күрделі кезең болды. Соған қарамай, біз барлық атрибуттары мен алғы-шарттары бар жаңа геосаяи жоба – жас мемлекеттің іргесін қаладық.
Екінші кезеңге сарапшылар 1995-2000 жылдарды жатқызады. Бұл жылдары саясаттағы, экономикадағы құрылымдық, заңнамалық, өзгерістер егемен мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына жаңа мүмкіндіктер жасап берді.
Егер, 1991-1995 жылдар ел үшін күрделі кезең болса, 1995-2000 жылдарды мемлекет дамуындағы шешуші кезең деп атауымызға болады.
2000 жылдан бастап Қазақстанның жаңару, жаңғыру, дәуірлеу кезеңі басталды деп айтуға толық негіз бар. Саяси тұрақтылық, үдемелі экономикалық даму және қоғамдық келісім еліміздің өркендеу жолындағы үштағаны болды. Бізді әлем таныды, біз әлемді таныдық. Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі, Орталық Азиядағы мойны озық мемлекетке айналды.
Жаңа онжылдықтағы ең ауыр сын жаһандық қаржы дағдарысы болғаны белгілі. Бәрі де салыстырудан туады. Өткен ғасырдың 90-жылдарының аяғындағы қаржы дағдарысы «Азияның төрт жолбарысы» атанған Оңтүстік Корея, Сингапур, Гонконг, Тайвань елдерін есеңгіретіп кетсе, 2008 жылғы жаһандық дағдарыс бүкіл әлемді шарпыды. Бұл дағдарыстан әлем елдері әлі есін жия алған жоқ.
Тіпті, экономикалық кепілдемесі мығым саналған Еуроодақтың өзі қаржы күйзелісінен құтыла алмай отыр. Қаржы мамандары «PIGS» атандырған еуропалық төрт мемлекет – Португалия, Италия, Грекия мен Испания қазіргі кезде халықаралық қаржы ұйымдарының көмегіне ғана сүйеніп, үнемдеп өмір сүруге мәжбүр болып отыр. Ал, Шығыс Еуропа мемлекеттерінің жағдайын сөз етпесе де болады.
Қазақстан жаһандық қаржы дағдарысының алдын алу шараларын сауатты да сәтті жүргізгенінің арқасында жоғарыда біз атаған мемлекеттерге, ТМД елдеріне қарағанда, бұл сыннан сүрінбей өтті деуімізге болады. Қазақстанның қаржы дағдарысы кезіндегі іс-қимылын халықаралық сарапшылар да жоғары бағалап отыр. «Меніңше, Қазақстан Үкіметінің жаһандық қаржы дағдарысын еңсеруге қатысты іс-қимылы нақты әрі тиімді болды. Төлем жүйесінің күйреуіне жол бермей, дағдарыстан зардап шеккен қаржы ұйымдарына мемлекеттік көмек беруі, ақшалай-несиелік, фискалдық жеңілдіктер жасау арқылы экономиканы демеуі дағдарыстың салмағын жеңілдетті», дейді Еуропа Қайта құру және даму банкінің экс-президенті Жан Лемьер.
Ең бастысы, Қазақстанда жаппай жұмыс орындарының қысқартылуына, жалақының кесілуіне, өндіріс орындарының жабылуына жол берілген жоқ. Біз жаһандық қаржы дағдарысынан өзімізге сабақ алып, ысылып, пісіп шықтық.
Қайта сол кезеңде Қазақстан өзінің экономикалық әлеуетін арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды бағдарламалар қабылдады. «Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы», «2020 жылға арналған бизнестің жол картасы» бекітілді. Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кірудің саяси, экономикалық, әлеуметтік алғышарттары жасалды.
Қазақстанда тәуелсіздік жылдары заңды айналымнан шығарып әкетілген капитал мен мүлікке екі мәрте амнистия жарияланғаны белгілі. Халықаралық тәжірибеде бар осы іс-шара бюджеттің қазынасын едәуір толтырды. Көлеңкелі экономикадағы салықтан жалтару, табысты жасырып қалу тәрізді қылмыстарды азайтып, олардың алдын алуға жол ашты.
Сонымен қоса, бизнесті жойдасыз, жөнсіз тексеруді тыю мақсатында жарияланған мораторий де экономиканың үдемелі дамуына серпін берді. Күні кеше қылмыстық кодекске, басқа заңнамалық актілерге экономикалық қылмыстарға қатысты саясатты мейлінше ізгілендіруге бағытталған өзгерістер енгізілді. Мұндағы ең үлкен жеңілдіктер экономика саласына тікелей қатысты болды. Мемлекет тарапынан қабылданған бұл шешімдер елдегі экономиканың, бизнестің еркін дамуына алғышарт болып отыр.
Әрине, мұның бәрі жеке мемлекеттің, биліктің немесе жекелеген кәсіпорын, кәсіпкерлердің қолынан келетін шаруа емес екені анық. Мұндай жетістікке біз мемлекеттің, билік пен бизнес өкілдерінің, қоғамның тізе қосып жұмыс істеуі арқасында қол жеткіздік. Осы ретте, уақытында өзім басқарған Қазақстанның «Атамекен» Ұлттық экономикалық палатасының да осындай үлкенді-кішілі игі істерге бастамашы болғанын, Қазақстан экономикасының дамуына, шағын және орта бизнестің өркендеуіне қарапайым үлес қосқанын мақтанышпен айта аламын.
Соңғы он жылдықтағы Қазақстанның экономикалық өсімі орта есеппен 9-10 пайызды көрсетіп келеді. 2011 жылғы қаңтар-шілде айларындағы көрсеткіш бойынша ішкі жалпы өнім көлемі 10 108,6 миллиард теңгені құраса, өнеркәсіптік өнім көлемі 8 943 миллиард теңге болды. 2011 жылғы маусым айындағы дерек бойынша еліміздегі орта есептік айлық жалақы 88 296 теңгеге жеткен. Жұмыссыздардың саны 5,3 пайызға дейін төмендеді.
Соңғы жиырма жылдың ішінде Қазақстанда жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі 700 доллардан 10 000 долларға жетті. Бұл көрсеткіш бойынша біз Орталық Азия мен ТМД-ны да, Шығыс Еуропа елдерін де басып оздық.
2000-2010 жылдар Қазақстанның сыртқы саясаттағы жұлдызды жылдары болды десек, артық айтпаймыз. Осы уақыт ішінде Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құрудың бастамашысы болып қана қоймай, осы ұйымдарға басшылық етті. Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы еліміз тарихына алтын әріптермен жазылып қалды.
Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің басын қосқан Кеден одағы біз үшін мүмкіндіктердің көзін ашты. Біз аз ғана уақыттың ішінде Кеден одағының Қазақстан үшін қаншалықты пайдалы екенін сезініп үлгердік. Қазақстан Кеден одағы арқылы көршілес мемлекеттерге ғана жол салып қойған жоқ, Еуропадағы, Азиядағы орасан зор рынокқа есік ашты. Кеден одағы елдері арасындағы алыс-беріс, тауар айналымы бір жылдың ішінде-ақ еселеп өсті. Қазірдің өзінде, 1000-нан астам Ресей компаниялары өз істерін Қазақстанға көшіріп отыр. Осының өзі Қазақстандағы бизнес-климаттың қаншалықты жайлы да тартымды екенін көрсетеді.
Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіз Қазақстанның жиырма жылдағы бар жетістігі – біздің жарқын болашағымыздың темірқазығы. Қазақ халқы бақуатты да бақытты өмір сүруге, қуануға, армандауға болатын елде тұруға қақылы әрі лайықты. Бұл үшін біздің туған елімізде барлық жағдай жасалған.
Қарны тоқ, көйлегі көк адам өз төңірегіндегі өзгерістерді, жақсылықтарды байқай бермеуі мүмкін. Жасыратын несі бар, кейде осы мінезді біз өзіміздің бойымыздан да көріп қаламыз. Сондықтан, жоғарыда айтқандай, Тәуелсіздікті «көктен түсті, жерден өнді» деп желпінетін ағайынға да түсіністікпен қарауға тура келеді. Мұның бәрі де біздің туған Отанымыздағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың, береке мен бірліктің арқасы. Әйтсе де, Тәуелсіздікті мәңгілікке берілген сыйға балап, арқаны кеңге салу да өсер елдің әдеті болмаса керек. Өткен шақтың сабақтарын жадымыздан шығармау керек дегенде айтпағымыз осы еді.