• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Футбол 04 Ақпан, 2018

Алматыға футболдан әлем чемпионатының алтын кубогы әкелінді

776 рет
көрсетілді

Жаһан жұртшылығы асыға күткен футболдан әлем чемпионаты биыл Ресейде өтетіні көпшілікке белгілі. Осыған орай, әлемдік  теңбіл доп бәсекесінің басты жүлдесі, салмағы 6 кг тартатын алтын кубок Алматыға келді. Естеріңізде болса, алғаш рет Әлем Кубогі Алматыға 2010 жылы келген болатын. Қазақстан осы трофейді екінші рет қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет атанып отыр.

Әлем чемпионаттарының алдында өткізілетін дәстүрлі тур 9 қыркүйек күні Мәскеудегі «Лужники» стадионында басталған. Басты трофейді әуежайдан күтіп алған Алматылықтар, артынша осы тарихи сәттің құрметіне орай қаладағы «Мега» орталығында бас қосты. Бұл Алматы тұрғындарына ғана емес, бүкіл елімізге ФИФА-ның ресми өкілдері тарапынан жасалған үлкен сый, қайталанбас естелік  деп айтуға болады.

ФИФА өкілдерімен қатар Алматыға келген Әлем және Еуропа чемпионы,  XX ғасырдың Үздік футболшысы Кристиан Карамбё бұл тариxи оқиғаның маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, танымал футболшы жылы қонақжайлық үшін алғысын білдіріп, тілшілердің барлық сұрақтарына жауап бере отырып, кубок 9 елді аралап үлгергенін айта кетті. Оның айтуынша, бұл трофей біздің елге Пәкістаннан келіп, өз сапарын Қырғызстанда жалғастырмақ.

– Қазақстан үшін бұл үлкен қуаныш. Біз Әлем Кубогін өз қаламызда тамашаладық. Әсерімді айтып, жеткізе алмаспын. Әрине, еліміздің құрама командасы бұл додаға қатыспайтыны өкінішті-ақ. Бірақ, бүгін футболдың жанкүйерлері үшін үлкен мереке. Ұйымдастырушыларға осындай мүмкіндік сыйлағаны үшін шексіз алғысымды білдіремін, – дейді  қала тұрғыны Темірлан Қуанышев. Теңбіл доп додасының ең басты трофейінің келуіне орай жиналған қонақтардың айтуынша, бұл әлем спортындағы ауқымды оқиға тек қуаныштың белгісі. Қонақтарға алғысын білдірген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев та бұл сөзді қуаттап, бұл еліміз үшін үлкен абырой екенін жеткізді. 

«Осы Әлем чемпионаты қарсаңында өтіп жатқан ауқымды спорттық іс-шараға қатысуға мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз. Әлем кубогі ол жай ғана жүлде емес, бұл әлемдегі спорттың ең атақты додасы. Елбасымыздың қолдауымен Алматы қаласы қазір тек қана Қазақстанның емес, орталық Азияның да спорттық орталығы болып саналады» деді Арман Қырықбаев.

Аталған жоба 2006 жылдан бері әлемдік футбол қауымдастығы мен Coca-cola компаниясының мұрындық болуымен іске асып келе жатыр. Ұйымдастырушылар Алматы әкімдігіне Кубоктің кіші нұсқасын сыйлап, қолдау көрсеткеніне алғыс білдірді. Сондай-ақ шараға жиналған барлық  қонақтар Әлем кубогіның жанында естелік суретке түсіп мәре-сәре болып тарқасты.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ