Тәуелсіздіктің өліара кезеңіндегі қиындықтар, тығырыққа тірелген тұстар, жеңістер мен жемістер – бәрі-бәрі көз алдымызда. Еліміз жаңғыртудың үш толқынын бастан кеше отырып, қалыптасқан, дамыған мемлекет деңгейіне жетуі шұрайлы тілмен, нақты мысалдармен баяндалып, қазіргі көпэтносты қазақстандық қоғамды іштей біріктіруші фактор ретіндегі ұлттық идеяның рөлі ерекше атап өтіледі.
Мұны «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының негізгі өзегі, басты ұстанымы десе де болады. Өйткені елдік мұрат жолында бабаларымыз әр кез татулықты, бірлікті нысана еткен. «Алтау ала болса, ауыздағының кететінін» жақсы түсінген. Сын сағатта туған жерге деген перзенттік парызын өтеуді бәрінен биік қойған. Осы себепті тағылымы мол еңбекте «Мәңгілік ел» жалпыұлттық қазақстандық идеясының негіздері жан-жақты сараланады. Жаһандану дәуірі кезінде ұлттық идеяның егемендікке қызмет етуі, идеологиялық қауіпсіздікті нығайту айрықша маңызды. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандық идея – бұл демократиялық ашық қоғамның, әділеттіліктің идеясы, жаңа рухани-игіліктік кеңістіктің қалыптасуы мен соның негізінде әрбір этностың ұлттық санасының қайта түлеуінің, келісім, бейбітшілік және саламатты өмірдің кепілі ретіндегі күшті өркениетті тәуелсіз мемлекетті құру идеясы екендігі кеңінен ашып көрсетіледі.
Кітапта ұлтты ғұмыр бойы тұтастырып келген, болашаққа да тастүйін топтасқан қалпымызда жетуге жәрдемдесетін ұлы тетіктердің бірі – ана тілімізге деген ыстық ықылас, жылы сезім самал желдей есіп отырады. «Бүгінгі таңда ана тілін білу әрбір қазақтың парасаттылық және ұлттық қажеттігіне» айналғаны даусыз. Мемлекет те қазақ тілін дамыту үшін, ең бастысы, институттанған мүмкіндіктер жасап беріп отырғаны айдай шындық. Ұлттық тұтастығымызды, өзіндік болмыс-бітімімізді сақтаудың тағы бір кепілі – ұлттық мәдениет және қазақ халқының мәдениеті еліміздегі бүкіл мәдениеттерді біріктіруші рөл атқаруға тиіс делінген еңбекте. Қазақ мәдениетінің мұндай қуатына күмәнмен қараушылардың күдігін нақтылы дәлелдермен сейілте отырып, автор ұлттық мәдениеттің сипатына біліктілікпен талдау жасайды. Расында да әлемдік қауымдастық құрамындағы өзіндік болмыс-бітімімізді, төл дүниетанымымыз бен ұлттық мәдениетімізді серік етіп қана сақтап қала алатынымыз анық. Ұлттық бірегейлену, негізінен, қазақ ұлтының өз ішінде өтуі қажет деп есептейді Елбасы. Сонда ғана ұлттық мемлекетін құрып отырған ұлт өзге этностық 135 топты құрамына кіріктіріп, әлемдік қауымдастыққа біртұтас халық ретінде таныла алады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылында Қазақстандағы өзге ұлттар өздерінің тарихи отанына көше бастады. Оны табиғи түсіністікпен қабылдасақ та осы тұста көптеген ауылдар мен моноқалалар қаңырап бос қалды. Бұл экономикаға кері әсерін тигізді. Бірақ шетелдерде атажұртына келуге ынтығып отырған бес миллионнан астам қандастарымыздың атажұртқа орала бастауы тарих бетіне теңдессіз оқиға ретінде жазылды. Қазақстан Республикасы өзі алғаш құрылған күннен бастап қандай қиын жағдайларға тап болғанына қарамастан, сырттағы қандастарымызға көмек беруді назардан тыс қалдырған емес. Нұрсұлтан Әбішұлы қазақтар тұратын мемлекеттер басшыларымен кездесулерінде олардың хал-жағдайына қатысты мәселелер сан мәрте ресми түрде қозғалды. Қазір атажұртына біртіндеп оралуына, азаматтық мәртебе алуына, тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етілуіне Үкімет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалуда.
Елбасы өте маңызды елдік мәселелердің бірде-бірін айналып өтпейді. Сол арқылы тақыр жерде мемлекет құрудың қаншалықты ауыр мехнат екенін ұғындырады. Мәселен кітаптың 266-бетінде «Кеңес Одағы ыдыраған сәттен осы күнге дейін шекарасын бекемдеп үлгермеген елдер әлі бар. Ал Қазақстан көрші елдермен сызығын нақтылап алды. Бұл жұмыс 2005 жылға дейін жүргізілді. Жоспарлаған уақыттан 2-3 жыл бұрын аяқталды», деп баяндалады. Барлық көрші елдермен шекара мәселесі оңтайлы шешіліп, халықаралық-құқықтық тұрғыдан ресімделуі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің іс жүзіндегі нақты құралы бола алды. Осы кезден бастап 14 мың шақырымдық құрлықтық мемлекеттік шекараға ие болдық.
«Тәуелсіздік дәуірі» кітабы – дәуір айнасы, жасампаз мемлекеттің жылнамасы, іргелі энциклопедиялық еңбек деген пікірлерге алып-қосарым жоқ.
Халқымыз ежелден отансүйгіштікті, патриотизмді паш ететін ұят, ар, намыс, рух сияқты асыл қасиеттерді ұрпақтың санасына жасынан сіңіруге күш салған. Қазақтың ұлттық рухының тағы бір биік көрінісі – ата-ананы ардақтау, үлкенді құрметтеу, кішіні қадірлеу. Шынайы патриотизм – жалпыадамзаттық құндылықтардың шыңы іспеттес, басқа халықтарға, ұлттар мен ұлыстарға сыйластықпен, адамгершілікпен қарауды көздейді. Қазақстан сияқты көп ұлтты мемлекетте жекелеген этнос өкілдерінің ұлттық патриотизмі елде тұратын барлық халықтың ортақ патриотизмімен тұтаса байып отырады. Осылайша жалпықазақстандық патриотизмнің даму дәрежесі ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің деңгейін сипаттайды. Бүгінгі таңда қазақстандық патриотизмнің орнықты үлгілері мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады. Президентіміздің қай еңбегін алсақ та, өне бойынан сұңғыла саясаткерге тән парасат-пайым анық аңғарылып отырады.
Сағындық САЛМҰРЗИН,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы
Солтүстік Қазақстан облысы