• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2018

Бабалар сөзі, елдіктің көзі

3492 рет
көрсетілді

Жұрт болып жұмылудың, ұлт болып ұйысудың үлгісіне бабалардан қал­ған сөздерді естіп, өнегелі жазбалар­дан оқып отырғанда көз жеткізесің. Әсі­­ресе, қазақтың төрт құбыласын тү­ген­деп, кемін толтырып, кетігін бітеп отыр­­ған, бір ананың, бір әкенің те­те ұлың­дай үш бидің өнегесін ту етіп тө­беңе көтерсең, көкейіңе шырақ етіп жа­ғып жүрсең, алдыңғының ақыл-парасатын қарынның қамы демей, көңіліңнен кетірмей, қарауылдай баға білсең – береке бірлік салтанат құрып, ұтыл­майды екенсің. 

Көзінде оты бар баланы бабалар қы­ран­ның балапанындай баулыған. Бетін қақпай, белін буып, сол жолды толқын- толқын ұрпақ жалғаған. Алдымен үш бидің кісілігі мен кішілігін үлгі етсек, ұлттық рухымыз биіктей беретіні сөзсіз. Бұған мысал келтірер болсақ үш арысымыз ағалы-інілі ретінде бірін-бірі төмендегіше бағалап, ізет көрсетіпті.

Төле би: «Уай, қос інім, қос шыра­ғым!» десе, Әйтеке би: «Уай, Төкем! «Аға – бордан, іні – зордан» демей ме. «Іні – найза, аға – қорған» дейді. Ал Қазыбек би: «Уай, Асыл ағам! Уай, асқақ інім! Ағасы бардың жағасы бар емес пе! Інісі бардың тынысы бар емес пе!» дейді. Бұл неткен жарасымдылық, мейірім төккен мына сөздер бүтін қазақты ақ киіздің үстіне алқа қотан отырғызғандай күй кештірмей ме?!

Сол бүтін қазақ, шүкір, бүгінде ала тайдай ала-құла емес, бабалар салтымен елі кенелген, төлі теңелген бүтіндікпен күн кешіп отыр емес пе!

Бабалар сөзінде «Бұл заманда не ғаріп?» (Асанқайғы) дейді. Сөйтеді де, «Ата жұрты бұқара, Өз қолында болмаса, Қанша жақсы болса да, Қайратты туған ер ғаріп» дейді Асанқайғы. Тәубе, ата жұрт өзімізде, ел бірлігі сөзімізде. «Күлдір, күлдір кісінетіп, Күреңді мінер күн қайда?!» деп алып, Доспамбет жырау «Бетегелі Сарыарқаның бойында» «Аққала ордам қонған жұртта» отырсақ депті.

«Қол аяғым бұғауда: Тарылды бай­тақ кең жерім!» (Жиембет жырау), «Дұшпан­нан көрген қорлығым, Сары су болды жүрекке, Он жеті де құрсанып, Қылыш ілдім білекке, Жауға қарсы аттандым, Жет­кіз деп Құдай тілекке» (Ақтамберді жырау) деп зар кешкен бабалар тілегі орындалды. Қазір азат елміз. Сол бабалар ел болғанда «Осынша берген дәулетті, Көтеріп тұра алар ма екенбіз!» дегені де бар (Ақтамберді жырау).

Ширек ғасырдан асты. Бір замандары жақсыларымыз: «Жақсылар кеңес құрғанда, Мұртымыз көкке шаншылып, Бұрын да сөйлер ме екенбіз» (Ақтамберді жырау) десе, қазір ол тілекті де Тәңірім берді. Топты жарып төрге озып «Мынау жалған сұм дүние, Өтпей қоймас демеңіз» (Бұқар жырау) дейтін дәрежеге жеттік. Ендігі тірлікте береке-бірлікке, жұрт болып жұмылып, «Қазақтың сахарасы жүз құлпырған, Қытай мен орыстарды қызықтырған» деп Қожаберген жырау ескерткендей, бабалар сөзіне бағып, ұлттық рухты жанып, әр қазақ мәңгілік елдің мәйегіне айналса, «Айнала алмай ат өлсін, Айыра алмай жат өлсін» (Бұқар жырау) деріміз хақ.

Егер бабалар сөзін ұқпасақ, ол бірте-бір­те қағыс қалып ұмытыла беруі мүмкін. Бір толқын ұрпақ әлемдік деп алда кетіп барады атойлап. Олар ұлтым, жұртым деп артына қарамаса бабалар сөзі архаизмге айналып кетуі ғажап емес. Біз мұндай жолдан өткенбіз. Кеңес тұсында ұлт сөзін, ұлт құндылығын архаизм деп мұрнымызды шүйірген кезіміз де болған. Кейін барлап қарасақ, оның бәрі архаизм емес, қазақтың болмысынан жаралған, таза қан, мөлдір жандай жауһарымыз екен ғой. Зұлым саясат архаизм деген сөзді біздің уланған санамызға сіңіру арқылы жадымызды жаңылтыпты.

Дәл қазір әлемдік өркениетке ұмтыл­ған тұста жас ұрпаққа осындай ұлт қасие­тін, ұлт сөзін ұқтыра алмасақ, бүгінгі күн- кө­ріске риза болып жүре берсек, ертең барымыздың біразын көнерді деген желеу­мен тағы да архаизмге ысы­рып жіберуіміз кәдік. Соны ерте болжаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев рухани жаңғыру идеясында, «...Ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға...» үндеді. «Егер жаңғыру елдің ұлттық – рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деп соқырға таяқ ұстатқандай қадап айтты. Ендеше бабалар сөзі, Абай сөзі әр қазақтың, әсіресе ұлттың тізгін шылбырын ұстаған азаматтардың көңілінде жүрсе, тіпті ондай құндылықтарымыз қызмет үстелінің үстінде жатса, қане!

Ойды ой қозғайды Түркістанның 1500 жыл­дығын атап өту кезінде сол қала­дағы атқарылып жатқан жұмысты бас басылымға беріп отыру үшін сонда бір айдай жүргеніміз бар еді. Күнде ертеңгісін қала әкімі қабылдап, кеше не біттімен, бүгін не істелетінімен таныстырып отыратын. Бір жолы әкімнің орынбасары сол үрдісті жалғады. Қызмет үстелінің шетінде Абайдың бір томдығы мен Д.Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» кітабы жатқанын көрдік. Әлгі азамат «Мен осы екі кітапты бір шолып шығып барып жұмысымды бастаймын. Сабақ алатын дүние көп мұнда» дейді. Орынбасар өзбек жұртының өкілі еді.

Қазақтың бүгінгі ұл-қызы да осылай ұлт жақсыларын ұлықтаса, олардың үлгісін өнеге тұтса, бабалар сөзін бағаласа, елдіктің сөзі екен-ау десе, даналар өсиеті­нің құнын ұқса жан әлемі жаңғырар еді. Бүгінгідей алмағайып заманда сап алтындай сақталған жауһарларымызды қазақ ұлтының өкілі ретінде өзі де танып, өзгеге де танытар еді. Бұл кейінгі ұрпаққа сабақ болып, ұлттық қасиетіміз, киелі асылдарымыз мәңгі ел тұғырында мызғымай тұрар еді.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»