• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Ақпан, 2018

Қылмыскерді құрықтаған сардар

609 рет
көрсетілді

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында қылмыскерге ізін жасыруға жол бермей, қолға түсірген майор Тимур Рахимовты құрметтеуге арналған кеш өтті.

Шараға ардагерлер, әскери қызметшілер және майор Тимур Рахимовқа батылдығы мен ерлігі үшін алғысын білдіруге келген жапа шегушінің жақындары қатысты.

Еске түсіріп өтсек,  оқиға 29 қаңтар күні түнгі 23.00 шамасында орын алған. Қызметтен кейін үйіне оралған Ұлттық ұлан­­ның 3660 әскери бөлімінің офи­цері майор Тимур Рахимов аулада жанжалдасқан екі адамды байқайды. Сол сәтте дереу оқиға орнына қарай жүгіреді.

– Алғашқыда жігіт пен қыз арасындағы жай ұрыс-керіс болар деп ойладым. Алайда артынан қол жұмсау басталды, шабуыл жасаушының ойы арам екенін түсіндім. Мен айқай салдым, жігіт қаша жөнелді, – дейді өз ойымен бөліскен майор Т.Рахимов.

Күдіктіні ұландық офицер қуып жеткен бойда қоян-қолтық ұрыс әдісімен қолға түсіреді. Іле оны ішкі істер органдары қызмет­керлерінің қолына табыстайды.

Кейін белгілі болғандай, қаскөй әлгі жәбірленуші қыздың «iPhone-7» ұялы телефонын тартып алып, ізін жасырмақ болған. Қылмыс орнынан пышақ пен қыздың сөмкесі табылған. Қыз Астана қаласының тұрғыны болып шықты. Ал күдікті бұған дейін жасаған қылмысы үшін Ре­­сейде 10 жыл жазасын өтеген көрінеді.

Көрсеткен ерлігі мен қыра­ғылығы, қыл­мыскерді қолға түсі­ру­дегі батылдығы үшін Ұлт­тық ұлан Бас қолбасшысының бұй­рығымен майор Тимур Рахи­мов салтанатты шарада «Құқықтық тәртіп әскеріне – 25 жыл» меда­лімен марапатталды.

Жапа шегуші қыздың ағасы Мұрат Көшербай марапат иесіне алғысын білдірді. Оның айтуынша, суық ауа райы мен кеш мезгілге қарамастан офицер жан­жал­дың өршуіне жол бермей, айбы­­роймен міндетін атқарып, қас­көйге қашып кетуге мүмкіндік бермеген.

Ұландықтың өзі болса, мұны ер азамат­тың міндеті санайды. Кез келген ер жігіт, жауынгер қызды өзі секілді қорғап қалар еді деп ойлайды. Өйткені қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ету – әр офицердің міндеті.

– Біз халық үшін қызмет атқарамыз. Халықты қорғау – әскери қызметшінің міндеті. Бұл әрекетім басқа қаруластарыма үлгі болса екен, – дейді майор.

Астаналық әскери бөлім коман­дирінің тәрбие және әлеу­меттік-құқықтық жұмыстар жө­нін­дегі орынбасары лауазымында қызмет атқаратын Тимур Рахимов кешке жұбайы және екі баласымен бірге келді. Барша қауым жылы сөздерін кеш иесі­не арнаса, ән-би ансамблінің өнер­паздары патриоттық әндер орындады.