Алматы қаласында екі жылдан бері AParking белгісі бар паркоматтар жұмыс істейді. Әрине қомақты инвестиция салынған бұл жобаның артықшылықтары да бар. Жүргізушілерден жол жағалағандар бұрынғыдай 100 теңгеден жабайы түрде жинап жүрмейді.
Қала әкімдігінің өз көздегені бар болса да Алматы кәсіпкерлері тоқтауға, көлік қоюға тыйым салынатын жаңа жол белгілері мен велосипедке арналған жолақтар кәдімгідей шығынға ұшыратып отырғанын алға тартуда. Мемлекетіміздің басты доноры болып саналатын мегаполис іскерлерін де түсінуге болады. Орта және шағын бизнесті дөңгелетіп отырған алматылық кәсіпкерлер бюджетке аз салық төлемейді.
Жалпы, қаланы абаттандыруға және көлік көп жиналатын көшелерді босатуға қатысты Алматы қалалық әкімдігі орталықтағы бірқатар көшелердің жиегін ақылы тұрақ орнына айналдырған болатын. Көлік жүргізушілері тұрақ ақысын сағатына 100 теңгеден жол жиегіндегі паркоматтарға төлеуі тиіс. Алайда қазір паркоматтарға қатысты дау-дамай аз емес. Ақылы көшелерге жұмыс орындары орналасқан немесе сол көшелерде тұратын жүргізушілер көліктерін қайда қаңтарарын білмей, квартал жағалап жүргендері. Болмаса мардымсыз жалақының бір бөлігін күнделікті паркоматтарға құйып отыруға тура келеді. Айына немесе жарты жылға төлеп, тұрақ абонементтерін сатып алуға болады. Көлік иелері жаңа тәртіпке көндіккенше мұны жүргізушілерге түсіндіретін адамдар жоқтың қасы. Сондықтан ақылы паркоматтар мен жол белгілерін аңғармай, машиналарын қалдырғандар 3 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Басқа да машақаттары баршылық.
Қала бюджеті үшін тиімді жағы бар екенін де жоққа шығармаймыз. Қазір бұл жүйе қаланың әр аумағында 11 мыңнан астам тұрақ орнын қамтиды. 120 паркоматқа ие «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС 230 миллион теңге көлемінде 2016 жылдың салығын төлегені туралы есеп берген.
Десек те, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасына іскер орта, яғни бизнес өкілдері қаланың құрылымдық көркін жаңғыртудан зардап шегіп отырмыз деп шағымдануда. Қала тұрғыдарына 1969 жылдан бері таныс «Восход» сауда үйінің директоры Юрий Ковтун бүгінде дүкен бірте-бірте шығынға бата бастағанына шағымданды. Сауда жағы өте төмен. Соңғы 3 айда жалға алушылардың 17 пайызы бас тартқан.
«Мәселенің барлығы біздің ғимараттың жанына велосипед жолағы жасалғаннан басталды. Көлік қоятын орын жоқ. Клиенттердің келуі күрт төмендеді. Біз әкімдіктен жолдың арғы бетінен ең болмағанда ақылы автотұрақ жасауға өтініш білдірдік. Бірақ келіспеді. Біз қаланың абаттандырылуына қарсы емеспіз. Бірақ бізде қанша адам велосипед тебеді?!» деп шағымданады Ю.Ковтун.
«Корея» кафесінің иесі Нелли Нигай «тоқтауға болмайды» белгісінің кесірінен дәмханаға келушілер саны азайғанын, тіпті ғимаратты сата да алмай отырғанын жасырмады. Табыс 30 пайызға төмендеген. Қызметкерлердің жартысы жұмыстан шығарылған.
«Мақпал» республикалық сән орталығының жетекшісі Базиля Әбілмановадан бірінші топтағы мүгедек қызметкер жұмыстан шыққан, себебі оның жұмысқа қатынауы қиындаған.
Бүгінге дейін кәсіпкерлер палатасына осындай мәселемен бизнестің 95 субъектісі шағымданды. Ендігі жерде бұл мәселе Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің күн тәртібіне шығарылып, журналистер қатыстырылған жиынға зардап шеккендер де шақыртылды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органның өкілдері де келді. Шағымданған кәсіпкерлерге Алматы қаласы ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандолла Шайхиев жауап берді.
«Алматыда 530 мың көлік құралы бар. Сонымен қатар сырттан келушілер, әсіресе облыстан қатынайтындар бар. Автокөліктер – ең бірінші ауа ластаушы. Кәсіпкерлерді де түсінеміз. Автотұрақ жобасымен біз айналыс- паймыз. Бізге тек келісуге алып келеді. Егер сәйкес келмесе, көлік құралдарының тұрағына рұқсат бере алмаймыз. Егер қандай да бір ұйым автотұраққа қатысты нақты ұсыныс алып келсе, біз барып көреміз. Бастысы, ұсынылған нұсқа жол қозғалысының басқа да қатысушыларына кедергі келтірмеуі тиіс», деп ой бөлісті Жандолла Шайхиев.
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің мүшелері қала тұрғындарының абаттандыруды қолдайтындығын атап өтті. Алайда Алматы – шағын және орта бизнестің қаласы. Мұнда ірі кәсіпорындар жоқ. Кәсіпкерлер төлейтін салық қала бюджетінің негізгі бөлігін құрайды. Сондықтан абаттандыруға қатысты шараларды қабылдауда бизнеспен мәмілеге келмесе, мәселе шиеленісе беретін түрі бар.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ