• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 06 Ақпан, 2018

Алыс та жақын Астрахань

1321 рет
көрсетілді

Қиыр жайлап, шет қонған қазақтардың арасында, өз елінен, атажұртынан тағдырдың тәлкегімен бөлініп, лажсыз өзге елдің құрамында кеткендері де бар. Бүгінгі мақаламызда сондай іргелі диаспоралардың бірі – Астрахань қазақтары жайлы көргеніміз бен ойға түйгенімізді жазбақпыз.  

Тарихтан – тәбәрік

Астрахань мен Астананың арасы шамамен 2600 шақы­рым­дай. Біз әуелі Мәскеуге ұштық. Одан әрі ресейлік «Победа» лоукостерімен Астра­хань астық. Кей деректерде «Астархан», я болмаса, «Аджитархан», «Аш­тар­хан» деп әртүрлі этимо­ло­гиялық болжамдар жасалатын қалаға барушылардың қарасы қалың көрінді. Бір ұшақ лық толды. Ресейдің 115 тарихи қа­ласының тізіміне кіретін бұл шаһарды «Ресей Венециясы», «Каспий астанасы» деп те атайды екен. Сондықтан болар қалада шетелдіктердің саны жетерлік. Керек десеңіз, күллі әлем жыл сайын назарын тігетін Нобель сыйлығының негізін қалаған Альфред ақ­сақал осы қалада аз-кем өмір сүріп, кәсіп қылыпты. Қала­­­ға келе сала, өзі­мізді уыл­ды­­рықты өлкеге тап келгендей сезіндік. Қайда қа­расаң да, қызыл, қара уыл­ды­рық­тар­дың жарнамасынан көз сүрінеді. Жергілікті жұрт­тың ай­туынша, бұл – өзен балық­тарынан өндіріледі. Оның сапасы теңіз балықтарынікінен өзгеше дейді. Қырлы өлкенің қазағы болғандықтан, анық-қанығын байыптай алмадық. Біздіңше – бәрі бір уылдырық. Зат­тарымызды қонақ үйге жай­ғастырып, қаланың көрікті жері әрі символы іспеттес «Ас­тра­хань кремлін» көруге асық­тық. Себебі кей деректерге сүйенсек, бұл бекініс уағында жар­ты әлемді тітіреткен Ал­тын Орда астанасы Сарай-Ба­ту қаласының кірпіштерінен қа­лан­ған дейтін ғылыми гипо­­теза бар екен. Жә, бұл туралы сәл кейінірек баяндармыз. 1580-1620 жылдары соғылған Кремль қаланың ең көрікті жері – Еділ мен Құтым өзендерінің қиылысар тұсы, Қоянды төбеде орналасқан. Әу баста, воевода И.Черемисинов 1557-1558 жыл­дары қаланы кө­шір­генде жоспарланған бекініс жұмысына Дей Губас­тый мен Михайл Вельяминов жетекшілік жасайды. Іргесін қалауға қаладан 140 ша­қырым­дай қашықтықтағы Сарай-Бату қаласының кір­піштерін пайдаланады. Ең қызығы, «бұлғақты кезеңде» (М.Мағауин) Мария Мнишек осы бекіністі паналапты.

«Ресей Венециясы» немесе «Каспий Астанасы» деген атақ­тарға ие Астраxаньдағы Кремль аталмыш қаланың көркі десек те болады. Бастапқыда – Қырым xандығынан қорғану мақсатында соғылған бекіністі ағаштан тұрғызған. Орталықтан қашық жатқандықтан теңіз қарақшылары мен ұры-қары­лар да осы маңды жиі мекендеген. Тіпті, оларды айтпағанда, гру­зиннің Ваxтанг VI, Теймураз ІІ секілді қашқын патшаларының тәні осы жерден мәңгіге тыныс тапқан. Биіктігі 3 метрден 8 метрге жететін қамал ірге­сінің қалануына, жергілікті xан­дардың алауыздығын пайдаланып, Астрахань өлкесін тү­гел ба­ғындырған Иван Гроз­ный пат­шаның қосқан үлесі зор. Араб тариxшысы Ибн Бату­таның өзі тамсанған Сарай-Бату қаласының «Астраxань Крем­лінің» қабырғаларына қаланып кетуі осыдан келіп шығады.

Астраханьдағы ана тіл...

Бір кездері қазақтың жері болған Астрахань тарихы алуа­н қырлы. Ұлттық құрамы да сан түрлі. 100-ден астам ұлт­­тың өкілі мекендейді. 1 миллионнан астам халық болса, со­ның 200 мыңға жуығы – қа­зақ­тар. Негізінен кіші жүз ру­ларының өкілдерінен құра­латын қазақтар барынша салт-дәстүрлері мен тілдерін сақтап қалуға жанталасуда. Өзіндік тілдік ере­кшеліктері де жоқ емес. Мы­салы: «садақаны» – «нияз», «шө­берені» – «нементай», «рақ­метті» – «сау бол» деп ай­­тады. Ал кісі қайтыс бол­ған үйді қо­наққа шақырып, көңіл ай­­та­­тын дәстүрді «көңіл­шай» дейді.

Бір байқауымызша, бұрын Астрахань облысында 70-ке жу­­ық қазақ мектебі болған екен. Қазір сұрыпталып-іріктеліп, соның 30 шақтысы ғана қа­лып­ты. Онда да қазақ тілі апта­сына бір рет факультатив тү­рінде өтетін көрінеді. Ал біз бар­ған Краснояр (Қызылжар) ауданы, Байбек ауылындағы Абай атындағы мектепте 90-жылдары «Рауан» баспасы­нан шыққан «Қазақ тілі» оқулығы қолданылады. Себебі соңғы жылдары шыққан біздің оқу­лық­тар бұл жақтың оқу бағдар­ламасына сай келмейді екен. Бірақ қол қусырып отырған мұндағы ағайынды көрме­дік, аптасына бір рет болатын қазақ тілін қиын­сынып, дау шығаратын ата-аналар да жоқ емес екен.

Амалсыз өткен тарихты қо­пардық. Сонау қиын-қыстау 1945 жылдың өзінде 77 қа­зақ мек­тебі болған. Салыс­ты­ру үшін айтар болсақ, сол заман­да 142 ұлттық мектеп, 42 – татар, 23 – аралас мектеп жұмыс істеп тұрған. Қазір­гідей қой үстіне бозторғай жұ­мырт­қалаған заманда жағдай мүлде өзгеше. Ауылдағы ақ­сақалдардың «адам өзгерді ме, әлде заман өзгерді ме?» дей­тін пәлсапалық сөздерін іштей бір қайталап, шынайы ақса­қал­дар мен қазақ тілді мектеп­тер­дің азайып жатқанына шын қын­жылып қалдық.

Құрманғазы киесі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақа­ласында қасиетті жерлер тақырыбы қозғалды. Қай жерде ата-бабасының мазары қалса, сол жерді киелі санайтын қазақ үшін Астраханьда қастерлі орындар жетерлік. Сейіт баба мазары мен Бөкей ханның және Атан ханымның, күй атасы Құрманғазының кесенелерін бір түгендесек жеткілікті. Об­лыстағы маңыз­ды туристік орын­дардың бірі саналатын Құр­манғазы Сағырбайұлының мазарына жылына 25 мыңға жуық турист келеді. Бұл мә­ліметті Құр­манғазы атындағы мәдени орталықтың өкілдерінен есті­дік. Володар ауданындағы Алтынжар ауылындағы Құр­манғазы бейітінің басына ақ шаңқан кесене орнатылған. Ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаев пен Ресей үкі­метінің сол тұстағы басшысы В.Черномырдин қатысқан. Дәу­лескер күйші кесенесі өзі­нің ерекше сұлулығымен көз тартады. Жоба авторы – маңғыстаулық Мақсұт Нұр­қабаев. Құрманғазының неме­ресі Кәрім Құрманғазиевтің ай­туынша, әдеттегідей бір қуғын­нан келген Құрманғазы ұлы Құ­башқа жуынатын құман әке­луді сұрайды. Сонда әкесіне су құ­йып тұрған ол желкеден бастап, жон арқадан белге дейін жалғасқан жалды байқап, жа­ғасын ұстайды. Кейінірек көргенін ұлына айтып, өмірінде 200-ге жуық күй шығарған Құр­­манғазының тегін адам бол­мағанын және оның досы Ишманның қасына жерлеуді аманат еткенін айтады. Кесе­ненің басты есігінен кіріп, кілт солға бұрылып жүрсеңіз, сол жақ бетіңізден араб жазуы­мен өрнектелген шағын ғана құлпытасты байқауға болады. Бұл – Құрманғазының жан қиыспас досы Ишманның басына қойылған белгі. Бертін келе Ираннан арнайы келген ғалымдар құлпытастан оның атын оқып, музей қызмет­керлеріне аталған ақпаратты жет­кізеді. Осы есте­ліктерді айтып отырған Кәрім ақсақал аз-кем үнсіз қалды. Ойын бұзбай отбасылық альбомына көз жүгіртіп, оның Құр­манғазы музейіндегі ұлы атасының кескініне өте-мөте ұқсастығына таң қалдық та, «арман-өкінішіңіз бар ма?»,-деп оқыс сауал тастадық. «Иә, өкінішім аз емес. Домбыра тар­туды үйрене алмадым. Сол өкініш. Уағында ден қой­ма­дым. Көңіл-күйім болма­ғанда «Сарыарқа» мен «Бал­бы­­рауынды» тыңдай­мын. Қан қысы­мым көтеріліп, қи­налғанда Ата басына ба­рамын» деген жауап алдық. Астрахань қазақ­тары Құрманғазы Сағыр­байұлын ауыз екі тілде «Ата» деп айтады.

Домбыра ұстап, өнер жолына түсемін дейтін бұл жақтың қазақтары бір қолына домбыра, екінші қолына таба нан алып, Ата басына түнейді. Егер түсінде домбыра көрсе, дәулескер күйші, ал, таба нан кірсе, қарапайым шаруаға бейім­делгенді дұрыс көреді. Ха­­лық сеніміне шек бар ма? Құр­­­манғазы Сағырбайұлы атын­­дағы аудандық мәдениет орталығының жанындағы музей қызметкері Жұмақыз Иман­баеваның сөзіне сенсек, бала көтермеген жас келін­шек му­зейдегі күйші бюстін жүре­гіне басып, «Ата, отбасы құрға­ны­мызға жеті жыл болды. Сәбиіміз жоқ еді. Сіз­ден сәби тілеп кел­дім» дей­ді. Араға бір жыл салып, сәбиін құшақтап, музей қыз­меткер­леріне алғысын айтып кетеді.

Құрманғазы Сағыр­бай­ұлы­ның кесенесінде Ата аруа­ғына Құран бағыштап, музей аралап жүріп, елеусіздеу тұрған ескі домбыраға көзіміз түсті. Жұмақыз апамыздан сұра­­ғанымызда күйшінің кө­зін көрген көне жәдігер еке­нін жеткізді. Алып қарауға бат­па­дық. Бізсіз де италиялық ға­лым­дар зерттеп, бағасын беріп тас­тапты. Жасалғанына 200 жылдай уақыт өтсе де, домбыра­дағы ноталардың орналасуы мен дәлдігі қазіргі заманау­и аспап­тардан еш кем емес. Бұл – батыс ғалымдарының баға­сы. Ағылшын ақыны Ос­кар Уайльд­тың «өнер – өмір­дің өзі, ол өлімді білмейді» де­ген дана сөзін еріксіз еске алдық.

Астрахань азаматтары

Облыста «Жолдастық» қазақ бір­лестігі толыққанды жұ­­мыс істеп тұр. Аудандарда тү­гел­ге дерлік филиалдары бар. Ұлт­­тық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді насихаттайтын «Ақ-арна» облыстық газе­тін шығарып отыр. Мың данамен тарайтын басылым қазақ және орыс тілдерінде жарық көреді. Бірлестік төрағасы – Нұрлан Қандықов есімді жа­нып тұрған жас жігіт. Өзі осын­дағы облыстық думаның депутаты. Алдында Нариманов ауданының басшысы қызметін атқарған. Айта кететін жайт, бүгінде облыстық думадағы 6 депутат қазақ ұлтынан. Нұр­ланның бастамасымен биыл­дан бастап, «Жолдастық» деп аталатын Астраханьдағы ағайын­дардың басын қосқан үлкен той ұйымдастырылыпты. Біздер осы торқалы тойдың куә­гері болдық. 10 мың қа­зақ жиналған тойда көңіл тол­қымауы мүмкін емес еді. Ұмыт бола бастаған түйе бәйгені тамашалап, таспаға жазып ал­дық. Алыстағы ағайындар мә­ре-сәре. Көптен көрмеген қуа­ныштарын баса алмай, киіз үй тігіп, Нари­манов ауда­нындағы Джакуев ауылын дуылдатып жіберді.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген мә­телді тілге тиек еткен қан­дас­­­тар атал­ған шараға арна­йы ша­қырылған қазақ эстра­да­сының жұлдызы Роза Рым­бае­ваның өнерін тама­шала­ғанша асықты.

Мұнда қызметтегі қазақ­тар аз емес. Мысалы, Астра­хань облысы губернатор әкім­шілігінің жетекшісі – Қанат Шантеміровпен жоғарыда жазған тойда таныстық. За­пастағы полковник. 2008 жылдан бері аталған қызметті абыроймен атқарып келеді. 1989 жылы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ресей­дегі През­идент сайлауында В.В.Пу­тин­нің сенімді өкілі болған.

Ұмытып барады екем, қа­зақтардың тойын дүркіретіп өткізген Нариманов ауда­нының басшысы Валерий Әл­жановтың анасы – қазақ екен. Бар қонақ­тың көңілін табуға тырысып, зыр жүгіріп жүр. Жасы үлкен ақсақалдар «біздің жиен», деп езу тартады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деген.

Ең бір қызық дерек – 2016 жылы ғаламшарымыздың ең қарт тұрғыны ретінде Астра­хань облысы, Красноаяр ауданы, Исламғазы ауылының тұрғыны Тәнзила Бисембеева танылған. Сол жылдың нау­рыз айында Тәнзила апамыз 120 жасқа толыпты. Кеше­гі өткен тарихқа үңілсек, ІІ Дү­ниежүзілік соғыста Астра­хань қазақтарының арасынан 4 бірдей Кеңес Ода­ғының Батыры шыққан. Социа­листік Еңбек Ері ата­нып, «Даңқ» ор­денінің толық­қанды кавалері атанғаны қан­шама.

Екі апта мекен болған Астраханьмен қимай қоштастық. «Жарлысы мен байы тең» құт мекен секілді көрінді. Бір шаңырақтың астында тату-тәтті тіршілік етіп жатқан қаншама ұлт пен ұлыстың өкілдерінің бейбіт өмірі үзілмесін деп тіледік. Ел жаққа қарап, жақсы жаңалық күткен қандастарға қайта айналып келуге уәде еттік. «Балығы тай- дай тулаған, бақасы қойдай шулаған» Ақ Еділдің бойын ар- мансыз араладық. «Қазақтың тарихы – неткен бай тарих!» деп ой құшқан күйі елге жиналдық.

Олжас БЕРКІНБАЕВ

АСТАНА – АСТРАХАНЬ – АСТАНА