• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Әдебиет 06 Ақпан, 2018

Асқақтаған «Айбозым» немесе Біржан сал әндерін тыңдағаннан кейінгі әсер

2145 рет
көрсетілді

Кеңес өкіметі тұсында Қазақстанға Мәскеуден қонақтар келіпті. Бір топ кісі Біржан салдың басына барып тұр дейді. Академик Мұхамеджан Қаратаев Біржанның айналасын, оның бір бойындағы бірнеше өнер тоғысқан асқан талантты қонақтарға қалай түсіндірсе де олар ұқпай қойыпты. «Бір сөзбен айтқанда Біржан кім болған?» деп қоймаса керек. Сонда Мұқаң тұрып «Дорогие братья, вы Пушкина знаете?» депті. Олар «Да!» депті. «Чайковского, Шаляпина знае­те?» десе тағы да «Да!» депті. «Так Біржан сал и есть Пушкин, Чайковский, Шаляпин в одном лице» деген екен.  

Мұның біз неге айтып отырмыз? Иә Біржан бабамыздың өз­геге ұқ­са­майтын өмірі мен өнері ха­қында жуырда елордамыздағы «Қазақстан» Орталық концерт залында өткен Астана қаласы мем­лекеттік академиялық филар­мониясының камералық хоры дайындаған ғажайып концертке куә болған едік қой. Бір­жан салдың шығармашылығына арналған «Айбозым» атты сол өнер тойын­да ақын Баянғали Әлімжанов «Биылғы жылды Біржан салды ардақтау жылы деп атасақ та болады. Алдымен, Елбасы Жарлығымен Ақмола облы­сының Еңбекшілдер ауданы Біржан сал ауданы болып аталса, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Асқар Сүлейменовтің «Адасқақ» драма-диалогы сахналанды» деп елдің еңсесін көтерер көшелі сөз бастады.

Біз тамашалаған таңғажайып кеш Біржан әндері бағындырған жаңа белес болатын. Шын мәнінде Біржан әндерін бірыңғай орындаудан біз жалықпаспыз, бірақ өнер дамымайтыны анық. Хордың көркемдік жетекшісі және дирижері, белгілі мәдениет қайраткері Гүл­мира Құттыбадамова бастаған Қа­зақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышева, халықаралық ән байқауларының лауреаттары Жақ­сыгелді Маясаров пен Данияр Мұқан және «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы Ел­басы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлтымыздың тарихи, мәдени, рухани құндылықтарын насихаттап, Біржан әндерін жаңа қырынан камералық хормен жұртшылыққа ұсынғаны осы сөздерімізге айқын дәлел.

Ахмет Жұбанов бірде Біржан «қазақтың ха­лық­тық музыка мә­дениетінің алыбы» деген екен. Аталмыш кеш те тура сондай салтанатпен басталып кетті. Қоянды жәрмеңкесіндей Қара­өткел бойын­дағы қызықты кешті Жақсы­гелді әнші «Айтбаймен» ашты.

Бос сахна бір сәтте сымбатты, көр­кем, орыс-қазағы аралас 38 әнші­ге толды. Алдарында дирижер Г.Құт­тыбадамова. Отыз сегіз әнші кенет сілтідей тына қалып, көңіл-күй кеме­сінің капитанына қарап ішкі дауыстарын тыңдап тұрғандай үнсіз қалды. Олар бір кезде баяу ыңылдай бастады. Түрлі-түсті әлем. Көкшенің көгілдір алқапты ормандарынан жеткен көкек­тің үні құлағымызға келе жатыр. Құбылып, құлпырып шыққан әуезді ән бұрынғы біз естімеген иірімдерге тартып барады. Біз естімеген «Көкек». Біржанның сайрандап келе жатқан сал дәурені сахнаны тастап біржола көне көкірекке көшіп алған. Арқа-басы­мызды шымырлатқан әуезді әлем сонау Біржан заманына жетелеп әкетті дерсің...

Бөлек тыныс, бөгеліссіз келесі ән, келесі классика... Бір деммен шыр­қалған «Алқаракөк», «Бурылтай», «Ға­шығым», «Ақ жорғажан» бәрі-бәрі қазақ даласынан Еуропа төріне көш­кен. Біржан әндері фрак киіп, пырақ мініп аппақ сарайларда жүр. Біз осы жерде әр әнге жаңаша жан бітірген, хорға өңдеген Г.Ахметова, Д.Мацурин, Г.Бек­­босынова, К.Боранбаева, С.Бәй­те­реков, Б.Демеуов еңбегін айта кет­ке­німіз де жөн.

Бір ерекшелігі, аталмыш кеш тек камералық хордың өз орындау­ларындағы Біржан әндерімен шектелмеген. Әр қадам сайын жаңа тыныс, жорға екпін тыңдармандарды тыңға сала түседі. Белгілі әнші Қ.Құ­лышевамен бірге шырқаған «Жо­нып алды» әні, «Қорқыт» дәстүрлі саз ансамблімен бірге орындаған «Он саусақ» әндері де әлем классикаларымен иық тіресіп, тіпті олардан да бай табиғатпен Біржан күрделене түскен.  Мың түрлі бояумен көрермендердің көңіл көкжиегін күймен көмкеріп кетті. Ұрпақ сабақтастығы, дәстүр жалғас­тығы шырқаған Жаяу Мұса­ның «Ақ сисасы», Ақан серінің «Қара­торғайы», Сәкеннің «Тау ішіндесі» де біртұтас қазақ ән өнеріндегі биік мәдениетті айғақтап, құлақ құрышына қанық естілді.

Әр әнге әр беріп тұрған тек қана камералық хор емес, Бір­жанның та­биғаты мен тағдыры да бөлек жырланып жатыр. Біржанның әрбір әні бұл орындаушылардан ерекше вокалдық қабілетті, мінез бен күшті талап ететіндей. Біржан өлеңдері – қазақ музыкалық шығармашылығының інжуі іспетті.

Біржанның өмір соңында әндері амалсыз мұңға толып, қайғыны көрсетті. Хордың Д.Мұқанмен бірге шырқаған «Теміртас» әні осы көңіл-күйді тереңнен толғай жеткізген кезде көрермендер көзіне жас іріккен еді. Бәрі шынайы, дауыс та, дала да, дарын да... Бір сөзбен айтқанда, камералық хор Біржандай біртуар тұлғаның ішкі дауысы мен сыртқы дауысы бірдей екендігін бізге әйгіледі. Ертең әлемге осы жауһарды көрсетер күн тусын деп тілейміз, әрине.

Бұл хорды біздің бүгін ғана біліп жатқандығымыз қынжылтады. Өйт­кені мұндай концерттер күнде көрсетіле бермейді. Экраннан мүлде жырақ өмір сүріп жатыр. Эстрада есімізді алып, камералық хорлар қор болып құмыққандай кеп. Ара-арасында жарқ еткенінің өзінде аталмыш топ халықаралық байқаулардың лауреаты, оның ішінде Халықаралық «Шабыт» XVII шығармашыл жастар фестивалінде Бас жүлде, Бүкіләлемдік хор олимпиадасында екі алтын медаль, Бүкіләлемдік хор форумында екі алтын кубок, «Жұбанов көктемі – 2012» Халықаралық байқауында Бас жүлдені жеңіп алған. «Қандай марапатқа болсын лайық дейміз» қошеметімізді еселеп соғып жатып...

Кештің бір жағынан бұлай ақ­сүйек өнермен өрнектелуі заңды дер едік. Тарихтан білетініміздей, Біржан сал текті, затты, шынжырлы тұ­қымнан шыққан. Оның әкесі Қожағұл Қытайға екі рет елші болып бар­ған. Өзі би, өзі батыр, өзі түйе палуан болған кісі. Оның алтыннан жасалған қанжарын, күмістен қақтаған ер-тұрманын заманында Шоқан Уәлиханов Петербургтің өнер көрмесіне қойғызған. Текпен кел­ген өнердің текке кетпейтіні осы мы­салдардан-ақ көрініп тұр. Сол се­бепті де, Біржан салдың кез келген шығармасы драмаға толы болып келеді. Біржан-Сара айтысын алайық, атақты «Теміртас» әні болсын, олардың ішінде бір ғана адамның өмірі емес, ұлттың болмыс-бітімі, тағдыр тұтас талайы жатыр...

Текті ақын кекті заманға тап келіп таршылық көрсе де, бұл күні Біржан жұлдызы қайта туып келе жатқандай. Оның өзі тәлім алған Сегіз сері, Дүйсен сері, Нияз сері, одан кейін Бір­жанның шекпенінен шыққан Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Доскей, Шашу­бай, Құлтума, Қанапия сияқты да­рындардың дәстүрі бұл күнде даң­ғыл жолға айналған. Қазақтың осындай ән-күй мәдениеті барда Біржанның аты әрқашан шарықтай бермек.

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»