• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
07 Ақпан, 2018

Құқықтық дамудың құндылығы

678 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» атты Жол­дауында жемқорлықпен күрес және заң үстемдігіне ерекше тоқ­тал­ды.

Оның өзіндік мәні де бар. Өйткені елде заң үстемдігі орнамаса әділдіктің ауылы алыс кетеді. Ал оның салдары қолға алған істердің ойда­ғыдай атқарылуына, елдің дамуына тұсау салады.

Міне, сондықтан да біздің елде заң бұзушылықпен, сыбайлас жемқорлықпен күрес жалғаса береді. Өйткені қазынаның қаржысына суық қолын сұққысы келетін теріс пиғылды жоғары лауазымды шенеуніктер аз емес. Оларды тәртіпке шақырып, қолдарын қағып отырмаса елдің дамуына орасан қауіп төнеді. Бұл төртінші өнеркәсіптік жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асыруға да кедергі келтіреді. Демек, жемқорлықты тыю мен заң үстемдігін орнату арқылы Елбасы айтқандай, мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру аса маңызды. Ал сандық технологиялардың игілігін алдымен халық көруі үшін, оның соны жаңалықтары халыққа қызмет көрсету барысында іске асады. Бұл ретте Қазақстан 2025 жылы сандық технологиялар бойынша бәсекеге қабілеттілікті анықтайтын әлемдік рейтингте 30-орыннан көрінуі тиіс. Елімізде сандық технологияларды енгізу жолында энергетика мен шикізат, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, IT, логистика сынды 9 салаға басымдық беріліп отыр. Демек, Президент айтқандай, цифр­ландыру – бұл тек нәтиже емес, бұл Қазақстанның жетістікке жетудегі түпкілікті басымдығы. Осы арқылы барлық салада бәсекелестік артады. 

Міне, осы кезде Қазақстанның заңнамасы кәсіпкерлік бастамаларды ынталандырып, ғылыми-зерттеулерді, әзірлемелер мен жаңа технологияларды енгізуді қолдауы тиіс. Бұл орайда азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық және заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстары бір сәтте баяуламауы қажет. Өйткені Елбасы айтқан бұл бағытта даму үшін заңдарымыз да жан-жақты жетілген және соған сай оның орындалуы, яғни іске асуы тиімді болуы керек. Әрине, бұл жағынан құқық қорғау органдарымыз кенде қалып жатқан жоқ. Басқа заңдарды былай қойғанда, төрт бірдей жаңартылған кодекс өмірге келіп, ізгілендіру ісіне ықпалын тигізіп жатыр. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді. 

Демек, басқа да ізгілікті заңдар секілді Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстерді заман талабынан туындаған заңдар деп айтуға болады. Бұл жөнінде Елбасы: «Соттар қызметінің заңнамалық және іс жүргізу нормаларын жүйелі түрде жетілдіру маңызды. Жаңа қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық-атқарушылық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстері ұзақ әрі тыңғылықты дайындалды, оны барлығы, мен де қарадым. Онда соттардың жаңа құзыреті, соның ішінде сот жүргізудің жеңілдетілген жаңа тәртібі қарастырылған. Сот бақылауы мен сот тексеруі барысындағы судьялар өкілдіктерінің аясы кеңеюде. Әрине, ізгілендіру жүріп жатыр, бірақ ол мақсат емес, ең бастысы біз босаңсып кетпеуіміз керек. Тиянақты қарау керек. Бұл кодекстердің жүзеге асуы қылмыстық сот төрелігінің сапасы мен жеделдігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады», – деген болатын. 

Ендеше төртінші өнеркәсіптік жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асыруда әрқашан заң үстемдігі жоғары тұруы қажет. Ал заң үстемдігі дегеніміз не? Оны еліміздің кез келген азаматы жақсы білуі тиіс. Ол – құқықтық заңдылықты, адамның құқықтары мен бостандықтарын мемлекетте ең қымбат қазына деп білу. Барлық жақсылық адамның бақытты болуы үшін жасалынуы тиіс. Осылайша құқықтық, демократиялық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет құру үшін біз заңдылықты, заңға бағынуды ең жоғары тұрған және мүлтіксіз орындайтын міндет деп қабылдауымыз керек. 

Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»