7 ақпан күні Астана уақытымен түнгі сағат 2:45-те америкалық Space X компаниясының иесі Илон Маск Falcon Heavy атты ауыр зымыранды алғаш рет ғарышқа ұшырды, деп хабарлайды BBC ақпараттық агенттігі.
Falcon Heavy Флориданың Кеннеди ғарыш орталығындағы ұшыру кешенінен ғарышқа сәтті көтерілді. Бұл - әлемдегі ең қуатты және ең көп жүк көтере алатын зымыран. Аталған зымыран орбитаға өзімен 64 тонна жүк көтере алады, ал Марсқа 17 тонналық жүкті жеткізуге мүмкіндігі бар. Space X компаниясы өкілдері «оське түсетін осыншама салмақ пен қысымды ескерсек, Falcon Heavy болашақта адамдарды Марсқа апара алады» деп айтқан болатын. Сонымен бірге, әуе кемесінің бортына Илон Масктың Tesla Roadster спорттық көлігі орнатылып, скафандр киген қуыршақ адам отырғызылған.
Зымыран әуеге ұшырылған соң, шамамен сегіз минуттан кейін оның екі жағындағы үдеткіш блогы Жерге оралып, Канаверал мүйісіне жақын әуе күштері станциясына қонған болатын. Сонымен қатар, Space X компаниясы зымыранның үдеткіш блоктарын екінші рет ғарышқа ұшыруды жоспарлап отыр. Егер бұл ойдағыдай жүзеге асса, онда ғарышқа ұшу мен жүк жеткізу бағасы арзандауы мүмкін.
2017 жылдың мамыр айында SpaceX Falcon Heavy ауыр зымыран тасығышының орталық блогын сынақтан өткізген болатын.