Спикер Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірқатар заң жобалары мақұлданды. Оның бірі – теңіз кеме қатынасына қатысты құжат болса, екіншісі – ЕАЭО елдерінің Еуразиялық экономикалық комиссиясының келісімін ратификациялау жөніндегі заң жобасы болды.
Жалпы отырыстың алғашқы бөлігінде бекітілген күн тәртібіне сай, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешовтің баяндамасы негізінде Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаевтың өзге қызметке ауысуына байланысты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде қаулы қабылданды.
Содан кейін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің таныстыруымен депутаттар «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелікті субсидияларды Еуразиялық экономикалық комиссиямен ерікті келісу және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруіне байланысты талқылауларды Еуразиялық экономикалық комиссияның жүргізу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады. Айта кетейік бұл Келісім 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 93-бабын және Өнеркәсіптік субсидиялар берудің бірыңғай қағидалары туралы хаттаманың 7-тармағын іске асыру мақсатында әзірленген.
«Мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелікті субсидиялар беруіне байланысты мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық комиссия арасындағы өзара іс-қимыл тетігін, мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидиялар беруін комиссиямен ерікті келісу, сондай-ақ мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидиялар беруіне байланысты талқылауларды комиссияның жүргізу тәртібін айқындайды. Оған қоса Келісімде көзделген ерекшелікті субсидияларды беруге болатын өлшемшарттар еліміздегі қазіргі субсидиялау практикасына сәйкес келеді», деді министр Т.Сүлейменов.
Депутаттар арасында қызу талқыланған заң жобасына қатысты пікір білдірген Мәжіліс Төрағасы қазіргі кезде ЕАЭО аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты өзекті мәселеге тоқталды. «Біз экономикалық одақ ішінде де бәсекелестіктің барын түсінуіміз керек және ол нарық заңдылығы. Сондықтан да бұл саладағы мамандарымыз өз экономикамыздың ғана емес, Одаққа қатысушы елдердің де экономикалық ерекшеліктерін білуі тиіс. Ал ұлттық мүддені қорғау үшін министрліктердің құрылымдық бөлімшелерінде де, мемлекетаралық интеграциялық органдарда да даярланған мамандарымыз болуы қажет. Алайда біздің шенеуніктер отандық тауар өндірушілердің құқығы мен заңды мүддесін ЕАЭО аясында толыққанды қорғап жатыр деп айта алмаймыз», деген Нұрлан Нығматулин бұл мәселеге қатысты нақты мысал да келтірді.
«Нақты айтар болсам, қазіргі біздің нарықта бір мәселе өте көп талқыланып жатыр. Ресей тауар өндірушілері біздің елге жыл сайын 700 мың тоннаға жуық цементті кедергісіз экспорттайды. Ал қазақстандық кәсіпорындар сол цементті Ресейге жеткізгенде күрделі мәселелерге тап болады. Интеграциялық органдағы біздің өкілдер Ресейдегі жаңа стандарттардың, экспортталатын цемент бойынша сертификаттау бойынша жаңа ережелердің енгізілгенін уақтылы ескертпеген. Яғни бізге ақпарат дер кезінде бермеген. Нәтижесінде отандық тауар өндірушілер күрделі жағдайға тап болып отыр», деді Н.Нығматулин.
Осылай деген Мәжіліс Төрағасы шағын және орта бизнесте шенеуніктер ұлттық мүдде тұрғысынан жұмыс істеуі керектігін айтып, министрліктер мен интеграциялық бірлестіктердегі өкілдерге ерекше талап қойылуы қажет деп санайтындығын жеткізді. «Егер біздің шенеуніктер осындай ұйқылы күйде жұмыс істей берсе, онда отандық бизнес өте үлкен шығынға ұшырайды», деді ол.
Ал аталған заң жобасына қатысты қосымша баяндама жасаған Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Альберт Рау құжатты қабылдау республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржы шығындарын талап етпейтіндігін айтты.
Осы күнгі отырыс аясында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің таныстыруымен «Теңіз кеме қатынасы қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы конвенцияға 2005 жылғы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Министрдің мәлімдеуінше, 2005 жылғы 14 қазанда Лондонда жасалған Хаттама аясында теңіз кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жаңа актілерді қылмыс санатына жатқызу көзделеді.
Ал осы мәселеге қатысты қосымша баяндама жасаған Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Жанат Жарасов аталған Хаттама аясында ақпарат алмасудың тұрақты тетігі әрі туындайтын жаңа қауіптердің алдын алу мен жолын кесу бойынша бірлескен операциялар үшін стандартты жедел рәсімдерді әзірлеу шеңберінде халықаралық ынтымақтастық құпталатындығын алға тартты. «Осыған байланысты Хаттаманы қабылдау теңіз кеме қатынасына қатысты заңсыз актілердің барлық ауқымымен күресте ынтымақтастықты айтарлықтай жандандыруға және қауіп дәрежесімен шамалас немесе теңіз кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды уақтылы іске асыруға мүмкіндіктер береді», деді ол.
Жиын соңында бірқатар халық қалаулылары тиісті ведомстволар мен орталық мемлекеттік аппарат жетекшілерінің атына депутаттық сауалдар жолдады. Олардың қатарында Гүлнар Бижанова, Меруерт Қазбекова, Дания Еспаева, Гүлжан Қарақұсова, Ольга Шишигина, Айқын Қоңыров, Шаймардан Нұрымов, Азат Перуашев, Қанат Мусин сынды депутаттар бар.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»