• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2018

Алаш әскері туралы туынды

466 рет
көрсетілді

Кеше Түркі академиясы халықаралық ұйымының мұ­рын­­д­ық болуымен «Тұлғалар тағылымы» сериясы аясында, былтыр кеңінен атап өтіл­ген Алашорданың 100 жыл­дық даталы мерекесінің жал­ға­сындай «Алаш әскері: тарихтан тағылым» атты үсті­міз­дегі жылдың беташар семинары елорда төріндегі Ұлттық академиялық кітапханада болып өтті.

Шараның мақсат-мұраты жайлы көпшілікті хабардар еткен Түркі академиясы халықаралық ұйымының басшысы Дархан Қыдырәлі, мұндай басқосулар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласында айтылғандай тарихи жадымызды жаңғыртып, ұлттық кодты оятуға негіз болатынына тоқталды.

Расында мұндай келелі кеңестер мен толымды талқылаулардың ұлт ру­ханиятына берері мол. Өткен жылы аталмыш тақырып бойынша ұйымдастырылған алғашқы семинарға жапондық танымал түр­кі­­­танушы ғалым Хисао Коматсу келіп, татар халқының қайраткері Әбдірашит Ибрахим жайлы кең кө­лем­де дәріс оқыған болса, бұл жолғы жи­ының бас баяндамашы ретінде қо­ғам қайраткері, алаштанушы Берік Әбдіғали таң­далыпты.

– Алаш феномені әлі толық зерт­теліп болған жоқ. Беті ашылмай жат­қан тақырып қаншама. Соның бірі – бүгінгі семинарға өзек болып отырған Алаш әскерінің тарихы, – деп, баяндамасын бастаған алаштану­шы осы мақсатта ізденіс жасап, Түркі академиясы халықаралық ұйым­ының қолдауымен Мәскеу, Петербор, Омбы, Том қалаларындағы мұрағаттардан Алаш әскеріне қатысты көптеген дерек тапқанын жеткізді.

 Әсіресе, Ресей Федерациясының әскери-тарихи мұражайындағы кезін­де­гі ақгвардияшыларға қатыс­ты деректер қорында Алаш әскеріне қатыс­ты құжаттар көп екен. Сондай-ақ Семей және Алматы архивтеріндегі құжат­тар қорын сүзіп шығудың арқа­сында ізденуші «Алашорданың әскери құрылымы (1917-1920 ж.ж)» атты құжаттар негізінде кітап жазып шы­ғыпты. Басқосу барысында аталмыш туындының да тұсауы кесілді.

Көлемі 300 беттік құнды еңбекте: Алаш әскерінің жоспарлары мен қалыптасу кезеңдері, азаматтық со­ғыс жылдарындағы Алаш әскерінің әре­кеті, Алаш әскерінің Жетісу май­да­нындағы жорық жолдары, ақгвар­дия­шылар баспасөзіндегі Алаш әскері жайлы ақпарлар қатарлы 90-нан астам деректі-құжаттар топтас- тырылыпты.

 Сондай-ақ тұңғыш рет алаш сарбаздарының тізімі болжамды түрде анықталып, Ақсу, Аягөз, Үржар, Мақаншы өңірлерінде құры­л­- ған Алаш сарбаздары барлығы 2 мың адамның тізімі жасалып, осылардан 700 сарбаздың аты-жөні толық анық­талды.

«Болашақта жоғарыдағы тізімде есімі анықталған алаш сарбаздарының ұрпақтарын іздестіріп, сол кездегі тарихи жағдайлар туралы естіген-біл­ген адамдардан естелік жинас­тыруды қол­ға алмақпыз. Алдағы жазда осы мәселе бойынша арнайы экспедиция ұйым­дастыру ісі де қарастырылуда», деді Берік Әбдіғалиұлы.

Жоғарыдағы Алаш әскері жайлы туындының біз байқаған екінші бір ерекшелігі – мұнда нақты құжаттық деректердің молдығы. Болашақта алаштанушылар дайын деректерді пайдаланып, оны ғылыми тұрығдан тәпсірлеу мәселесі кезек күтіп тұр­ғаны анық.

Яғни, сол жылдары Алаш әскері­нің құрамына кіретін батыс өңірдегі 3 полк, Торғай-Қостанай жеріндегі 2 полк, еліміздің шығыс бөлігінде жа­сақ­талған 5 полк және кадрлық резерв дайындауға арналған 1 полк, бар­лығы 10 полктың тарихы мен жо­рық істерін жеке-жеке талдау-зерт­теу мәселесі күн тәртібінде тұр. Мысалы, алаштықтар әскерді кадрлық жасақтау үшін Орынбор юнкерлер училщесін пайдаланып, 1918 жылдың көктемінде Самарадағы ақгвардияшылар үкіметімен келіссөз жүргізу арқылы 2 млн сом ақша 2000 мылтық, 38 пулемет, 2 зеңбірек алғаны жайлы деректі аталмыш кітаптан танысу барысында, қазақ қайраткерлерінің қиын-қыстау заманда халқын қорғау жолында аянбай еңбек еткенін аңғаруға болады.

Жиын үстінде жаңадан тұсауы кесілген туынды жайлы пікір біл­дірген Парламент Мәжілісінің депу­таты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, бұл кітап қазақ Қарулы күш тарихының бастауын құжаттайтын тың дүние екенін атап шығармадағы құжаттардың уақыттық маңызын анықтау арқылы қазақ әскерінің пайда болу датасын тарихи тұрғыдан жаңғыруға мүмкіндік бар екеніне тоқталды.

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАР,

«Егемен Қазақстан»