• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Ақпан, 2018

Бүгін қысқы Олимпиада басталады

320 рет
көрсетілді

Хош, сонымен миллиондаған жанкүйерлердің жүрегін лүпілдеткен Пхенчхандағы Ақ Олимпиада ойындары бүгін кешкі сағат 20.ОО-де (елімізде  кешкі бесте) Орталық стадионда салтанатты түрде ашылып, үш-төрт сағат бойы көрермендерді қызыққа бөлемек. Әзірше Олимпиаданы ұйымдастырушылар оны құпия ұстап отыр.

Бұл жолғы Ақ Олимпиаданың ерекшелігі, соңғы жылдары дүрдараз боп келген, туысқан бір халық болса да қарым-қатынасын  жақсартудың орнына салқындатып жіберген Солтүстік Кореяның тоңы жібіп, Пхенчхандағы Олимпиадада бір ту астында өнер көрсетуі бейбітшілік сүйгіш қос  кәріс халқын қуанышқа бөледі.

Кеше еліміздің Мәдениет және спорт Министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, фристаилдың акробатика түрінен жарысқа түсетін Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмырзаева, Маржан Ақжігіт, Аяна Жолдас, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры демеушілігімен  ел саңлақтарына жанашыр болып келген бір топ еңбек озаттары Пхенчхан мен Каннын  кластеріндегі қонақүйлерге орналасты.

- Бұл менің тұңғыш Олимпиадам. Жанботаға қарағанда тәжірибемнің кем соғып жатқанын өзім де сеземін. Десек те, намысты жанып, құрбыларыммен бірге бар күшімізді салып секіруге күш саламыз,-дейді  Ақмаржан  Қалмырзаева.

 Сегізінші ақпанда фристаилдың могуль түрімен секірушілер «Феникс сноу паркте» жаттығулар жасады. Небәрі үш жасында шаңғыға тұрғызып, төрт жасында аса қауіпті фристаилге баулыған Аяулымның әкесі Серік Әміренов, талантты шаңғышы, Алматыда өткен қысқы Универсиада ойындарында алтыннан алқа таққан шемонаихалық Иван Люфтің тұрақты демеушісі, іскер азамат Сергей Глушков үшеуіміз фристаилшылардың  жаттығуын тамашаладық. Медальдан үміткер Юлия Галышева, Дмитрий

Рейхерд, Павел Колмаковтың көңіл-күйлері көтеріңкі, сенімді ақтауға күш салатындарын айтты.

- Ертең іріктеу жарысы басталады. Үздік өнер көрсеткен жиырма саңлақ келесі айналымға шығады. Одан кейін І2, сосын үздік деген алтау ақтық сында медальдарды сарапқа салады. Юлия мен Дмитрий осы жолы қалайда медаль алып, жанкүйерлерді қуантсақ деген ойда, ал мен жиырмалыққа енсем- жаман болмас еді,-дейді небәрі он алты жасар Аяулым Әміренова.

Кеше шаңғымен тұғырдан секірушілер іріктеу сайысын бастады. Әзірше С.Ткаченконың нәтижесі көңіл көншітер емес. Оныншы ақпанда шаңғышылар, шорт-трек шеберлері, шана спорты бойынша сайыстар өтеді. Хош сонымен, Ақ Олимпиада басталды. Үміт үзілмесін дейік!                       

Оңдасын Елубай, журналист

Арнайы  «Егемен Қазақстан» газеті үшін Пхенчханнан