• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Ақпан, 2018

Иранбақтың тамсандырған төлөнері

757 рет
көрсетілді

Алматыда  Иран ислам  Республикасының  Бас консулдығы  жанындағы  Мәдени өкілдігі  және Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен Иран Ислам Республикасы тәуелсіздігінің және Ислам революциясы жеңісінің 39 жылдығы мерейтойына арналып «Иран елінің ұлттық қолөнері» атты көрмесі   ашылды.

Әлемдегі ең көне өркениет ошақтарының бірі, Фирдоуси, Хайям, Саади және Хафиздың Отаны. Иран десе көңілімізде Парсы елінің  салтанатты сәулет өнері, мешіттердің күн түстес күмбездері, көздің жауын алар оюлары мен нақыштары, әсем ыдыс–аяғы мен үй жарақтары, көне сарайлар мен кітап беттерінің қайталанбас миниатюралары, сурет өнері мен қолөнері қылаң беретіні сөзсіз. Иран мәдениеті мен қолөнері әлемдік өнер мұрасы мен жетістіктері айдынында өзіне лайық орны мен құрметін тапқан және өнер сүйер қауым үшін әрқашан асыға күтетін мерекеге айналған. 

Аталған көрмеде Иран қолөнерінің талантты өнерпаздарының, суретшілерінің, миниатюршыларының, көркем жазу және ағаш өнері шеберлерінің туындылары көрермен назарына ұсынылады. Сонымен қатар көркем жазу өнері бойынша шеберлік сабақтары өткізіледі.

Көрменің ашылу салтанатына Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы мәдени өкілдік басшысы Сейед Джавад Джалали Киясари, Бас консул Хамид Реза Аршади, қазақстандық мәдениеттанушы ғалымдар, өнертанушылар, ұстаздар мен студенттер қатысты.

Өнердің тылсым сырын ұқтырар ғажайыптар қойылған көрмеде мозаика, миниатюра, ағаш ою және жазу өнері экспонаттары сізге сол сырдан үзік-үзік ой айтар деп ойладық. Қағаз бен темір бетіне төгілген мың-сан өрнектер қиялыңды әлдилеп қанат бітіргендей болады.Тамсанып көріп керемет өнерге таңдай қағасыз.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

   АЛМАТЫ