• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Футбол 09 Ақпан, 2018

Еуро-2018. Футзалдан Қазақстан құрамасы пенальти сериясында Испанияға жол берді (видео)

220 рет
көрсетілді

Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының жартылай финалында Испаниядан жеңіліп қалды. Дей тұрғанмен жанкүйер қауым нағыз тартысты бәсекенің куәсі болғаны анық. Ойынның негізгі уақыты 5:5 есебімен аяқталғанмен, пенальти сериясында 3:1 есебімен испаниялықтар басым болды.

Отандастарымыз кездесудің 8-минутында алға шықты. Бұл голды Дуглас Жуниордың пасынан кейін Тайнан өз еншісіне жазды. Бірақ үзіліске дейін испандар таразы басын теңестіріп қана қоймай, есепте алға шықты. 16-минутта Шыңғыс Есаманов бұрыштамадан келген допқа аяғын ыңғайсыз қойып, өз қақпасына соғып алса, 19-минутта Марк Тольра өз құрамасын алға шығарды.

Ал екінші таймды Какау шәкірттері жаңа қарқынмен бастады. Бомбардир қақпашымыз Игита 25-минутта Дуглас Жуниордың пасынан кейін жойқын соққысымен қарсы қақпаны дәл көздеп, 2:2-ге жеткізді. Араға 45 секунд салып Павел Таку құрамамыздың үшінші добын салды. Бұл жолғы нәтижелі пастың авторы да - Дуглас Жуниор.

Пиреней түбегінен келген құрама қол қусырып қарап отырмады. Осыдан кейін өткір шабуылдарын бірінің артынан бірін ұйымдастырды. Нәтижесінде 28-минутта Хоселито есепті теңестірсе, төрт минуттан кейін Пола таблодағы көрсеткішті 4:3-ге жеткізіп, Испанияны алға шығарды. Ал 39-минутта Дуглас Жуниордың өзі есепті теңестірді. 

Мұнан кейін қос команда арасындағы тартыс овертаймға ұласты. Алғашқы экстра-таймда Мигелинаның пенальтиден соғатын сәті болған. Алайда мүмкіндігін жіберіп алды. Бірақ 43-минутта осы қателігін жуып-шайып, Испанияның бесінші добын салды. Алыспай беріспейтін Қазақстан құрамасы 48-минутта есепті 5:5-ке жеткізді. Голдың авторы - Серік Жаманқұлов. 

Ал пенальти сериясында Испанияның жолы болды. Алғаш болып нүктеге келген құрамамыздың ойыншысы Тайнан мүлт кетті. Қорытынды есеп 1:3.

Жартылай финалдың екінші жұбында Португалия 3:2 есебімен Ресейден басым түсті. Енді 3-орын үшін өтетін ойында Қазақстан 10 ақпан күні 23:00-де (Астана уақыты бойынша) Ресеймен сынға түссе, чемпиондық атақты Испания мен Португалия өзара сарапқа салады. Финалдық ойын 11 ақпан күні 02:00-де (Астана уақыты бойынша) өтеді.

Айта кетейік, соңғы рет 2016 жылы өткен Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы қола жүлдегер атанған.