Қасымның ауылынан – Қарағанды облысының Қарқаралы ауданынан «Алтын адам» тапқан белгілі археолог Арман Бейсенов ағамыз бір қызық дерек айтты. Сақ қорғандарын іздеп жүріп Егіндібұлақтан әрі қарай Едірейге, Айрыққа, Қақабайдың қыстауына барса, ауылдың ақсақалдары қызық әңгіме айтып отыр екен...
Қақабай өзі қыстап отырған қыстаудың желкесіндегі төбеге шығып, айғай салғанда қозыкөш жердегі жылқы қайырылады-мыс. Бес-алты шақырым жердегі жылқышыларына айтқан әмірі анық жете береді екен сонда. Ащы айғай емес, әміршіл дауыс. Енді, Мәдиді алып қараңыз. Алты қырдың астындағы ауылға дауысы талмай жете береді. Асқақ үн. Қақабай мен Мәди – Қаздауысты Қазыбек бидің ұрпағы. Дауысы өткір, жеріне жеткізіп айтатын ділмар, шешеннің жұрағаттары. Екеуіне де Құдай зор дауыс берді. Мәселе – Алла берген талантты кім қайда жұмсады?
* * *
Би атаның топырағынан түлеп ұшқан әнші бұлбұлдар да, дүлдүлдер де көп. Алдымен Абай әндерін түпнұсқадан жеткізуші Жүсіпбек Елебековті айтамыз. Көбісі кесімді сөз кемеңгерінің тікелей ұрпағы. Мақпал Жүнісованың да дауысы қайталанбас құбылыс. Әнші Гүлбаршын Тергеубекованың дауысында да даланың кеңдігі көрініс табады. Заманында көрнекті қаламгер Кәрім Сауғабаев «Мақпалдың көмейіне қаздың сүті тамған... Бесікте бөлеулі жатқан жас нәрестенің үстінен ұшып өткен бір топ қаздың қаңқылы көмейге тамып, көкірекке сіңген... Мың жылда бір рет болатын құбылыс!» деп суреттепті әншіні. Бізді ақынның сөзбен салған суреті толқытты. Ақынның қиялы қияндатып-ақ жіберді дейсіз!.. Асылында қазда сүт болмас. Ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап, Түнде сәл Ай сәулесін тыңдап алам» дегені бар. Мәселе, қаз сөзінің төркінінде еді. Ол қаз – дала ділмарының кепиет құсы ғой?!
Қаз дауысты...
* * *
Осыдан тура алты жыл бұрын сол Балқантау баурайындағы Егіндібұлақ аулында «Алла» деп қарқылдайтын қарғаның пайда болғанын естідік. Оны тіпті сол уақытта «Қазақстан» ұлттық арнасының Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Нұрлан Аманов та таспаға басқан екен. Бұл ақпарды таратушы Қайыр Рахметуллин ерекше тылсым оқиғаны баяндай келіп «Кім білсін, Балқантау баурайын мекен ететін қарғалар адамдарға Алланы ұмытпасын дегісі келетін шығар...» деп ойын түйіндепті. Ол дұрыс қой. Дегенмен, заманында қаздың дауысы қаңқылдап ұшқан қасиетті өлкеден қарғалар қарқылдағанын біз ұнатпаған едік...
Екіншіден, сол ауылдың төрінде тұрған Қаздауысты Қазыбек бидің еңселі ескерткішіне қарға қонып, сауысқан саңғымайтынын ауыл тұрғындары ерекше тылсым күшпен байланыстырып әлденеше рет айтып жүрді. Бәрі де кереғар құбылыстар. Әсілі қарға сөйлемес. Ауытқушылықтың ауылын алыстан іздемедік. Себебі бұған дейін Қарқаралы, Семей, Егіндібұлақ, Мыржық, Едірей, Дегелең, Қайнар, Бақты, Балқантау шегінде аса ауыр ядролық полигондағы сынақтар саны 456-ға жеткен. Және олардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп. Яғни, одан бөлінген радиацияның адамға, жан-жануарға зияны шаш-етектен. Бұл орайда ең қауіптісі – иондалатын радиацияның ықпалы гендік кодты дауасыз өзгерістерге соқтыруға мүмкін екендігі. Бұдан кейін қарға қазақша сөйлемегенде қайтеді?! Біз керісінше, адамдардың қарқылдамағанын тілейік. Айтыс ақындары табиғатынан айтқыш келеді. Би бабаның былтырғы ұлан-асыр тойында өткен аламанда бір ақын «Қаз дауысты бабалар келмеске кетіп, қыз дауысты жігіттер көбейіп тұр» деген мағынада терең мағыналы сөз айтты. Расында да, қалмақ ханының қос иығына қабылан боп мінген қаз дауысты қаһар қайда қазір?!
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»