• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2010

АРКТИКАНЫҢ АЯЗЫ АЛТАЙҒА БАУЫР БАСЫП АЛДЫ

1170 рет
көрсетілді

Осылай деп айтуға тура келіп тұр. Мамандығымыз журналист болған соң сапарға жиі шығуға тура келеді. Өкінішке қарай, биыл тұсаулы аттай болып іссапар тек түске енгендей. Дәл биылғыдай ұзаққа созылған (желтоқсаннан бері) кей күндері түнде 41 градусқа дейін жеткен Арктиканың қатты аязы табандап он бес күнге дейін жылжымай тұрып алған суықты жиырма-отыз жылдан бері кездес­тіре қойған жоқпыз десек, ешкім дау­ласа қоймас. Алтайдың арқы­раған ақшұнақ аязы сәл сынып, Өр Алтайдың төріндегі Катонқарағай ауданына сапар шегуді ұйғардық. Биік таулар жан-жағына тәкап­парлана қарайтындай. Облыстық кеңестің депутаты, есімі елге белгілі сыйлы азамат Темірбек Исабаев осы­дан алты-жеті жыл бұрын “Өс­кемен-Зырян-Үлкен Нарын-Ка­тон­қарағай-Рахман қайнары” рес­пуб­ликалық трассасына Северный де­ген елді мекен арқылы 46 шақы­рым­дық төте жолды салып таста­ған. Жол салудың шебері шынында да сапаға қатты көңіл бөлген екен, осы уақытқа дейін асфальттың мұр­ты қисаймастан сол теп-тегіс қалпы жатыр. Алайда, қалың қар көп жерді басып қалған. Жол бойындағы би­ік­тігі төрт-бес метрлік омбы қатты бо­ран соға қалса басып қалатын тү­рі бар. Северныйдан аса бере “Абай­лаңыз: қар көшкіні жүретін жер” деген тақтайшаны көрдік. Зырян қаласына жеткенше осындай бір­неше қауіпті бекеттер бар көрінеді. Зырян қаласында жанталасқан халық. Қолдарына күректерін ұстап алған аула қызметкерлері қарды аршып жатыр. Зырян ауданының әкімі Рымхан Мусин биыл қар мөлшерінің жылдағыдан үш-төрт есе көп түскенін тілге тиек етті. Қар тазалауға бюджеттен арнайы қаржы бөлінбейді. Бірді-бірге жалғас­тырып, тұйықтан шығып жатырмыз, дейді аудан әкімі. Зырян қаласынан 25 шақырым жердегі Богатырев деген ауылға атбасын бұрдық. Бұл жерде Грехов кенішін ашқан атақты геолог Анатолий Федорович Куд­ряв­цев деген қария тұрады. Сол кісіге сәлемдесіп, қала болашағы, кен қорының қанша жылға жететіні жайлы дерек алмақпыз. КСРО Мемлекеттік сыйлығы­ның лауреаты А.Кудрявцевтің үйіне жету оңайға түспеді. Бір-екі жерде “Джип” қардан шыға алмай батып та қалды. Қарт геолог бізді жылы қарсы алды. “Дәл биылғыдай қыс­ты ширек ғасырдай көрмеппіз. Өткен күзде де жауын-шашын мол болып, астықты әрең жинап алдық. Биыл да аман­шы­лық болса, ылғал мол, демек, мол­шылық бола ма деген үміт бар, деп қария ағынан жарылды. Ендігі бағытымыз – Катон­қа­рағай ауданы. Жол-жөнекей қалың қарды бұрқыратып аспанға атып ке­ле жатқан екі “оноханы” жолық­тырдық. Алып трактор биіктігі бес-алты метр қарды бұйым көрмей, алысқа лақтырып тастайды. Үш-төрт жерді қар басып қалыпты. Ұз­ақ тұрған жоқпыз, тез өте шықтық. Үлкен Нарын ауылы да қалың қардан тазаланған, тіпті көше­лер­дегі плита мен асфальт жарқырап көрініп жатыр. Аудан әкімі Серік Зайнулдин әр ұжымда, мекемеде сен­білік ұйымдастырылып тұраты­нын айтты. Зейнеткерлер де қар тазалағаны үшін көк тиын талап етпейді. Өз ауылдарының тазалығы үшін еңбек ететіні көрініп-ақ тұр. Катонқарағай ауылында көп істер тындырылып жатыр. Аурухана құрылысы аяқталып қалған. Т.Иса­баевтың пантымен емдейтін ши­па­жайы бүгін-ертең ашылмақ. “Қа­ратай” деген саябаққа өткен күзде үш жүз түп шырша отырғызы­лып­ты. Мектеп пен бала бақшалар ау­ла­лары да тап-таза, көз сүйсіндіреді. – Осыдан екі-үш күн бұрын ауа температурасы түнде – 45 гра­дусқа жетті. Облыс әкімі Б.Сапар­баев төтенше жағдайлар жөніндегі штаб құрған. Оған облыс әкімінің орынбасары С.Тәукебаев жетек­ші­лік етеді. Ол кісі бізге бірнеше рет келіп, жұмыспен танысып қайтты. Қазір күндіз-түні техника қырағы күзетте, рас, кей кезде бірнеше са­ғатқа жолдың жабылып қалатыны бар, – деп аудан әкімі С.Зайнул­дин жағдайдан хабардар етті. Қайтар жолда да қар тазалап жатқан бірнеше техниканы көрдік. “Міне, Арктиканың аязы Алтайға сағындырмай тағы келіп жетті. Бүгін, яғни сегізінші ақпанда Өскеменде түнде ауа температурасы – 41-ді көрсетіп тұрды. Солтүстік аудандарда – 47 градусқа дейін жеткен. Бүгін қаладағы, аудан­дар­дағы барлық мек­тептер мен кә­сіп­тік оқу орындарын­да, лицейлерде, тіпті жоғары оқу ор­ындарының барлық курс студенттері үшін сабақ болмай қалды. Біздің есептеуіміз бойынша шәкірттер кем дегенде жар­­ты айға жуық сабақтан қалған сияқ­ты. Облыстық білім беру де­пар­таменті бастығының орын­ба­са­ры Ду­манғазы Арғынғазиннің ай­туын­ша, мектептер сабақ бағдар­ламасын толықтырып, оқып жат­қан сыңайлы. Иә, Алтайда биыл қыс қатты. “Өскемен-Алматы”, “Омбы-Май­қап­шағай” республикалық деңгей­дегі жолдар соңғы екі-үш айда қа­лың қар мен бұрқасынның салд­а­рынан бірнеше рет жабылып, ар­тынан ашылған. Мұнда да жол тазалаушы мекемелердің қажырлы еңбегін атап өткен орынды. Кеше түнде төтенше жағдайлар жөніндегі басқармада қызмет ететін Аман­гел­ді деген азамат хабарласып, аэ­ро­мобиль қызметінің “Аягөз-Ақсуат” трассасында жолда қамалып қалған екі автобустың жолаушыларын аман-есен құтқарғанын хабарлады. Ақпан айы да аязды болатын сыңайлы. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен. СУЫҚТАН САҚТАНҒАН ЖӨН Қазақстанда күн суытып тұр. Республика бойынша ауа райы­ның ақпан айына арналған бол­жамына сәйкес, орташа ауа тем­пе­ратурасы – 20 градус. Оңтүс­тік-шығыс, солтүстік аймақтарда күннің күрт суытуына байланыс­ты ескертулер жасалуда. Сондық­тан күтпеген жерден келуі мүмкін аязға дайын болған жөн. Сақтық танытпасаңыз, үсікке шалдығу, суық тию, тіпті суықтан болатын аллергияға да шалдығу қиын емес. Дені сау адамның орташа тем­пературасы 36,6 градусты құраса, температураның тіпті аздаған өзгерісі де адам үшін айтарлықтай жайсыздықтар тудырады. Адамдар көшеде ғана емес, үй мен кеңсе­лерде отырып-ақ жаурап қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда суық­тан қалай қорғанып, жылы жүру үшін не істеу керектігін білген жөн. Күн қатты суытып, аяз ұрған кезде денеге жабысып тұратын тар киімдер киюге әсте бол­май­ды. Мұндай киім қан айналымын баяулатып адам ағзасы жылдам тонады. Сондай-ақ, қүн суықта арақ ішіп “бой қыздыратындар” да қатты қателеседі. Өйткені, спирттік ішімдіктің әсерінен қан тамырлары кеңейіп, соның сал­дары­нан адам ағзасы жылуынан тез айырылады. Темекі шексеңіз де қан айналымы баяулап, қол-аяғыңызға жылу мен оттегі жетіспей қалады екен. Суықтан қорғану үшін бірнеше қабат киім киіңіз. Қабат-қабат киімнің ара­сында қалатын ауа денедегі жылу­ды сақтап қалуға көмек­теседі. Мамандардың пікірінше, аязды күні тоңып қалмас үшін жылы киініп қана қоймай, дұрыс тамақтану да керек. Біздің халқы­мыз әдетте, қыста ыстық сорпа мен ет жеп, көже ішіп үйренген. Мамандардың айтуынша, бұл өте дұрыс. Күн суықта диета ұстаған орынсыз. Өйткені, бізге белгілі диеталардың дені ауа райы жұмсақ елдерде ойлап табылған. Ал қаһарлы қыста адам ағзасын­дағы энергияның көбі денені жылытуға жұмсалады, сондықтан, күнделікті ас мәзірінде май мен протейннің мол болғаны жөн. Мұндай тағамдар жылу беріп қана қоймай, асқазан-ішек, жүрек-қан тамыры жүйелерінің жұмысына қажетті майлы қыш­қыл­дармен қамтамасыз етеді. Ауа райы күрт суытқан күндері сүт өнімдерін азайтқан дұрыс. Өйт­кені, сүт құрамындағы қышқыл­дар ағзаны суытатын қасиетке ие. Қала базарларында қыста қаптап кететін апельсин мен мандарин де адам денесіндегі жылуды тар­тып алады. Ал сусындарға кел­сек, қыста қара шай ішкен дұрыс. Оның адам бойын жылытатын қабілеті көк шайдан да жоғары. Аязды күндері абай болыңыздар! Серік БЕЙСЕМБЕКОВ, Астанадағы ТЖД “Алматы” аудандық ТЖБ қызметкері.