«Егемен Қазақстан» газеті мен «Әдебиет» порталының бірлескен жобасы – «Төр» әдеби клубының алғашқы отырысы өтті.
Бас басылым басшысы Дархан Қыдырәлі, жазушылар Төлен Әбдік, Қажығали Мұқамбетқали, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы және Астанадағы жастардың шығармашылық ортасы қатысқан жиында жастар әдебиетінің түйткілді мәселелері сөз болды.
Тұсаукесер жиынның алғы сөзін айтқан Дархан Қыдырәлі: «Егемен Қазақстан» газеті қай кезеңде де басылым ғана емес, әдеби ортаның да қызметін атқарған. Сәкен Сейфуллин, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сияқты классиктерімізден бастап, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сияқты көрнекті қаламгерлеріміз жұмыс істеген орда. Қазірде газетіміз әдебиетке үлкен көңіл бөліп келеді. Тұрақты шығып келе жатқан әдебиет беті жүйелі түрде жанрлық, тақырыптық мәселелерді қозғап жүр. Басылым беті көбейіп, әдеби сынға, көркем шығармаларға көбірек орын береміз. Себебі еліміздегі әдеби басылымдардың таралымы белгілі. Интернет жетпейтін шалғай ауылдар бар. Ал «Егемен Қазақстан» газеті осындай тұста әдебиетті кең көлемде насихаттайтын бірден-бір басылым болмақ. Талантты жастарды қолдап, әдебиет бетіне шыққан шығармаларды жыл соңында антология етіп «Егемен Қазақстан кітапханасы» сериясымен шығаруды да ойлап отырмыз. Сонымен қатар әдебиет бетінде жарияланған шығармаларды жыл соңында арнайы қазылардың талқысына салып, «Егемен Қазақстан» газетінің әдеби сыйлығын тағайындаймыз. Бұл жастарды қолдау үшін керек.
Қазақ баспасөзінің абыройлы ұстаханасы қызметін атқарып келе жатқан бас басылым әдеби ортаның да ұйытқысы болады деп үміттенемін.
«Төр» деген атаудың өзі қазақ үшін қастерлі, аяулы ұғым. Еліміз төріне сыйлы, құрметті қонағын, үлкенін шығарған. Төрде отырып қазақтың сөзін – ұлттық әдебиетімізді төрге оздыратын бұл клуб та төрелік айтатын құтты орын болсын!» деген ақжарма тілегін айтты.
Жас әдебиетшілердің таным көкжиегін кеңітетін, көзқарастарына оң әсер ететін әдеби басқосулар екенін айтқан жазушы Төлен Әбдік: «Адамдардың дүниетанымы, өмірге, әдебиетке көзқарасы бірте-бірте қалыптасады. Адам да дамиды, өседі. Ал қалыптасу осы пікір алмасудан басталады. Кейде дауласудан да басталады. Тек жауласпау керек. Пікір алуандығын жауластыққа айналдыру – үлкен мәдениетсіздіктің белгісі. Әртүрлі көзқарас болады. Әлемге танылған үлкен тұлғалардың өзіне баға әртүрлі. Әрі орыс тілінде, әрі ағылшын тілінде жазған әйгілі жазушы Набоков Достоевскийді жазушы емес деп таниды. Чеховтың жазғандарын оқып отырсаң, Достоевскийді аузына алмайды. Ал бірақ Достоевский бүкіл әлемдік әдебиеттің дамуына ықпал еткен қаламгер екені белгілі. Сондықтан адамның дүниеге көзқарасы, талғамы тәрбиеге байланысты қалыптасады. Дегенмен адам бірте-бірте ортақ ақиқатқа жақындауы керек. Ол үшін пікір алысқанымыз өте пайдалы деп есептеймін. Біз де сіздердей жас болдық. Ол кезде де бас қосатын едік. Үлкен жазушылармен де ептеп араласып жүрдік. Бірақ ең жаманы ол кезде кеңестік идеология деген болды. Сол тұмшалап, сенің ойыңды белгілі бір шеңберден асырмай отырғандай болатын. Алпысыншы жылдары жылымық пайда болды. Еркін ойлау болды. Аксенов, Казаков, Евтушкенколардың шығармашылық көңіл күйі болды...
Бүгінгі бастамаларыңыз өте жақсы. Әдебиетте, өнерде ақыл айту деген болмау керек. Ол ана адамды менсінбеу, менің ақылымды тыңда деген мағына береді. Сондықтан сіздер ақыл атпайтын, пікір алмасатын орта болыңыздар», деді.
Тәуелсіздік алғаннан бері неше буын толқын алмасып, жас талаптар әдебиет есігінен енді сығалап, бірі аттап кіріп келеді. Жаңа қазақ, тәуелсіз ойлайтын, білімге құштар жастар, жаңашыл буын қазақ қоғамында бар ма деген сауалға да жауап ізделді. Үлкен буын қаламгерлер жастарды оқып, соны байқады ма? Әлде жастардың шығармашылығымен таныса алмай жүр ме? Егер таныса алмаған болса, оған не себеп екені де жиын барысында талқыланды.
Жазушы Қажығали Мұқамбетқали: «Жастардың болсын, үлкендердің болсын дүниелерін шыға сала оқуға тырысамыз. Түгел қадағалап, зерттеп оқу жүрмін деп айта алмаймын. Кейде кітап қолға тимейді. Оған таралымның аздығы да себеп шығар. Ал кітап қолға тие қалған жағдайда жұқа кітап болып шыққан. Одан жазушының қаншалықты мүмкіндігі бар екенін толық біле алмайсың», деді.
Сыншы Амангелді Кеңшілікұлы жастардың шығармашылығын қадағалап оқып отыру үшін жастардың арнайы журналы болса деген тілегін айтты. Сыншының айтуынша жастар шығармаларын интернеттен қадағалап оқып отыру қиын. «Сонымен қатар мемлекет талантты жасқа грант бөліп, бір жылда жақсы повесть, роман жазуға мүмкіндік беру керек. Қазіргі күнкөрістің қамымен жүріп жастар әдебиетке толық көңіл бөле алмай жатыр», деді.
Әбіш Кекілбайұлы әлемнің үздік жүз жазушысының қатарына енген кезінде 40 жасқа енді келетін кезі екен. Бұл 1978 жыл еді. Ал қазір біз қырыққа келген жазушыларды әлі жас деп айтамыз. Бұл жас деп айтуымыз жасының кіші болғандығынан емес, әлі үлкен шығарма жаза алмай келе жатқандарына көбірек байланысты сияқты. Неге қазақ жазушысы үлкен проза жаза алмай келеді деген сұрақтың да жауабы әлеуметтік мәселелермен байланыстырылды.
Клубтың ендігі отырыстары, кездесу, талқылау форматтарында өтеді. Клуб мүшелері келер жиында ақындар Талғат Ешенұлы мен Қалқаман Сариннің шығармашылығын талқылайды. Екі ақынның өлеңдері «Әдебиет» порталында арнайы жарияланады.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ «Егемен Қазақстан»