Қарағанды облысында құқық қорғаушылар жекеменшік валюта айырбастау пунктері үшін жарғылық қордың ең төменгі мөлшерін қайта қарауды сұрап, дабыл қақты. Бұған Ұлттық банктің «Қазақстан Республикасында қолма-қол шетелдік валютаны айырбастау операцияларын ұйымдастыру ережелерін бекіту туралы» қаулысындағы өзгертулер себеп болды.
Бұл мәселе жақында Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығында да талқыланды. Қауымдастық президенті Ермек Әбілдиннің айтуынша, облыс орталығындағы жекеменшік валюта айырбастау пункттері үшін жарғылық қордың ең төменгі мөлшері 5 миллион теңгеден 20 миллион теңгеге дейін, ал басқа қалалар мен аудандағылар үшін 10 миллион теңгеге дейін көтерілетіні туралы хабар оларға аспаннан жай түскендей әсер етіп отыр.
– Ұлттық банк өкілдерінің түсіндіруінше, бұл шешім шетелдік валюта операцияларымен шұғылданатын жеке тұлғалардың қаржылық тұрақтылығын нығайтып, жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында қабылданған, – дейді ол.
– Жарғылық қордың ең төменгі мөлшерін көтеру 2010 жылы да болған, бірақ ол ақылға қонымды еді – 3 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейін. Ал қазір талап етіліп отырған мөлшер тым көп. Мұндай өзгеріс әділетсіз бәсекеге, валюта айырбастау курсын астыртын келісуге апарып соқтырады деп ойлаймын. Жекеменшік айырбастау пункттері жабылса, екінші деңгейлі банктер білгенін істеуге көшеді. Меніңше, бұл бағыттағы бәсекелестіктің тиісті деңгейін сақтап, қызмет сапасын қамтамасыз ету үшін үш сегмент болуы шарт: банктік айырбастау пункттері, жекеменшік айырбастау пункттері және «Қазпошта» бөлімшелері.
Кәсіпкердің сөзіне қарағанда, жекеменшік айырбастау пункттерінің кірісі қазір салмақ салуды көтермейді. Олардың онсыз да ғимаратты жалға алу ақысы, салықтар, күзет агенттігінің қызметі, қызметкерлердің жалақысы, техникалық және бағдарламалық қамтамасыз ету шығындары, өрт қауіпсіздігі дабылы және тағы басқа төлемдер бар.
– Бұл қазір біз үшін үлкен проблема болып отыр, – дейді Қарағандыдағы айырбастау пунктінің иесі Галина Шаехова. – Ірі кәсіпкерлерге ештеңе емес шығар, мен сияқтыларға қиын. Осы нарықта жұмыс істеп келе жатқаныма 20 жылдай болды. Төменгі мөлшер туралы шешімді кейінге шегермесе, айырбастау пунктін жабуыма тура келеді. Басқа әріптестерімнің де жағдайы осындай. Бұл мәселені шешкенде неге екені белгісіз, облыстардың осы сектордағы кәсіпкерлерімен ақылдаспай, Астана мен Алматыдағы айырбастау пункттерінің иелерімен кеңесе салғанға ұқсайды.
Абай қаласы мен Топар кентіндегі айырбастау пункттерінің иесі Татьяна Банковская тіпті алаңдаулы.
– Шағын қалаларда біз 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеміз, – дейді өз ойымен бөліскен кәсіпкер. – Халық саны аз болғандықтан, кіріс те шамалы қазір тіптен төмендеп кеткен. Енді келіп екі айырбастау пунктіне 20 миллион теңге жарғылық қорың болуы керек дейді. Не үшін? Мұндай сома бізде жоқ, сондықтан жабылуымызға тура келеді. Менде жұмыс істейтін төрт адам қысқартуға ұшырайды. Ауылдық жерде жұмыс табудың қиын екені айтпасам да түсінікті.
Ұлттық банк филиалының өкілі Бектұрған Бозтериевтің айтуынша, жаңа норма туралы банк сайтында ақпарат берілген. Онда бұл мәселе Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сүйене отырып түсіндірілген.
– Бұл жоба өткен жылдың 29 желтоқсанында Әділет министрлігінде тіркелген, – дейді ол. – Барлығы мемлекеттік органдармен – Қаржы, Ұлттық экономика, Ақпарат және коммуникациялар министрліктерімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, салалық қауымдастықтарымен келісілген. Сегіз жыл ішінде ел экономикасында көптеген өзгерістер болды. Теңге бағамының өзі үш рет өзгертілді. Бұрын еркін жұмыс істеп келген сегментте біртіндеп нақты тәртіп орнатуға тырысамыз. Сіздер қаржы секторының ресми қатысушылары болуларыңыз керек.
Ұлттық банк өкілі, сонымен қатар келешекте жекеменшік айырбастау пункттерінің иелеріне аффинирленген алтын құймаларын сатып табыс табуға мүмкіндік берілетінін айтты.
– Ақша жеке есепшотта бекер жатпай, айналымға түсуі керек, – дейді Бектұрған Бозтериев.
– Қазір инвестицияларды дифференциялау жоқ. Халық ақшасын қайда салу керек екенін білмейді. Олар, әрине, әзірге қор нарықтарына қатыса алмайды. Дегенмен, біз олардың өз қаражатымен тиімді салым жасауына түрлі мүмкіндіктер жасап отырмыз.
Ал Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының мәлімдеуінше, осы сегментте кәсіпкерлікпен шұғылданып жүрген шағын бизнес өкілдері үшін салық төлеу тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Олар енді айырбастау пунктінің орналасқан жеріне қарай ай сайын 10-50 АЕК көлемінде салық төлеуге міндетті. «Жығылған үстіне жұдырық» деген осы шығар.
Айта кету керек, Қарағанды өңірінде осы салада жұмыс істеп келе жатқан өкілетті 49 ұйымның екеуі Ұлттық банк өзгертулері туралы хабар тараған желтоқсан айының өзінде жабылып қалды. Жабылуға дайындалып жатқандары да бар...
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы