Орталық коммуникациялар қызметінде «Хабар» агенттігі басшылары – Басқарма төрайымы Алмагүл Ахметжанова, Басқарма төрайымының орынбасары Ринат Кертаев, «Хабар» арнасының директоры Ерлан Игісінов, «Хабар 24» арнасының директоры Арман Сейітмамыт және «Kazakh TV» арнасының директоры Сандуғаш Рақымжанованың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Спикерлер журналистерді агенттіктің және оның арналарының бір жылдық қызметтерінің нәтижесімен, сондай-ақ 2018 жылға жоспарланған жаңа жобаларымен таныстырды.
Өз сөзінде Алмагүл Ахметжанова агенттіктің 5 жылдық стратегиялық дамуын жүзеге асыру жұмысы жалғасып жатқанын жеткізді.
«Аталған стратегия аясында агенттік телеарналарының таралым саясатына, сондай-ақ ұйымның бизнес-процесіне түзетулер жүргізілді. Бұл арналардың контентін жақсартуға, агенттік қызметін оңтайландыру және жұмыс тимділігін арттыруға мүмкіндік берді. Агенттік арналары 2017 жылы халықты мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру үшін нақты жұмыс жасады. Осы мақсатта жаңа тележобалар іске қосылды, оның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын айтуға болады, Агенттіктің шығармашылық тобы қазіргі таңдағы ең маңызды мәселелерді деректі фильмдерге арқау етті, сонымен бірге телеарналар ірі форумдарға ақпараттық қолдау көрсетіп, халықаралық және жергілікті іс-шараларды таратты», деді ол.
Сонымен қатар Басқарма төрайымы мамандар дайындау және олардың біліктілігін арттыру жұмысына да баса назар аударылғанын баяндады.
«Осы мақсатта «TRT» телерадиокомпаниясы, «Anadolu» ақпарат агенттігі және «France 24» телекомпаниясымен келісім жасалды. Қызметкерлер «Дыбыстық инженерия», «Операторлық шеберлік», «Жарық беруші шеберлігі», «Әскери журналистика», «Энергетикалық журналистика» және т.б. бағыттар бойынша білім алды. Жыл қорытындысы бойынша «Хабар» қызметкерлерінің 70 пайызы білім алып, біліктілігін жетілдірді», деді ол.
Басқарма төрайымының орынбасары Ринат Кертаев та бүгінгі таңда жас журналистерді дайындауда арна тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды екенін айтып өтті.
«Хабар» арнасының қорытындысы бойынша арна директоры Ерлан Игісінов баяндап: «Басты назарды азаматтарымыздың түрлі мәселелер бойынша хабарын арттыратын әлеуметтік маңызды жобаларға аударамыз. Әлеуметтік бағыттағы бағдарламалар арасында – «Давайте говорить!», «Білу маңызды», «Біздің назарда», «Ана мен бала» және т.б. бағдарламалар бар. Өткен жылы арнаның тапсырысымен 14 телехикая түсірілген. Олардың арасында «Қария», «Мезгілсіз махаббат», «Ана жүрегі» және басқалары бар. Ал «Өгей жүрек» (2016) телехикаясы «ABU Prizes» халықаралық байқауында қазылардың арнайы сыйлығына ие болды. Арнаның дистрибьюторлық қызметінің нәтижесінде Моңғолия, Ресей, Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азияның 9 елінде телехикаялар мен бағдарламаларды трансляциялау құқығын беру туралы келісім жасалды», деді.
«Хабар 24» арнасы мен «Kazakh TV» телеарнасының басшылары да өткен жылы жасалған жұмыстар туралы кеңінен ақпарат берді.
Айта кететін тағы бір жайт, бүгіннен бастап «Хабар» арнасында Пхенчхан қаласындағы Қысқы Олимпия ойындары көрсетіледі. Ойындардан хабар тарату үшін Оңтүстік Корея еліне екі шығармашылық топ жіберілген. Арна эфирінен жарыстар тікелей эфирде және алдын ала жазылып беріледі, сондай-ақ күн сайын арнайы күнделіктер дайындалады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»