Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің консультативтік-кеңесші органы (ККО) 2018 жылғы алғашқы отырысын өткізді. Өңірлік ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің және ККО төрағасы Жұман Нұрпейісов төрағалық еткен жиында Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы міндеттерді түсіндіру барысы және ұйымның халықпен тығыз байланыста болу жайы талқыланды.
2017 жылы ККО мүшелері атына тұрғындардан 10 өтініш келіп түскен екен. Оның барлығы ұйымның отырыстарында талқыланып, өтініш иелеріне нақты көмек көрсетілген. Мысалы, 2017 жылдың басында Қарағанды қаласының тұрғыны өтініш білдіріп, алаяқтардан қомақты қаражатын қайтара алмай жүргендігі туралы шағымданған. ККО мүшелері Орталық полиция бөлімінің басшылығы және прокуратура органдарымен бірлесіп, қылмыстық істің негізінде шағым иесінің 4 миллион теңгеге жуық ақшасын қайтаруға көмектесті.
«Консультативтік-кеңесші органның басты міндеті – халықтың полицияға деген сенімін арттырып, ішкі істер органдары қызметінің ашық жүргізілуіне ықпал ету болмақ. Облыстың жер көлемі үлкен болғандықтан, шалғайдағы аудандар мен ауылдардағы тұрғындардың түрлі мәселелер бойынша арыз-шағымдарын полицияға жеткізу үшін бізбен байланысқа шыға алмай, қиындық көретіні рас. Сондықтан консультативтік-кеңесші орган өкілдері алыстағы елді мекендерге барып, халықтың арыз-шағымдарын тікелей қабылдауы қажет. Содан кейін оларды ұйымның отырыстарында талқылап, тиісті шешімдер қабылдайтын боламыз», дейді ККО төрағасы Ж.Нұрпейісов.
Жалпы, ККО мүшелері полиция жұмысының ашық жүргізілуін қадағалау үшін кез келген ішкі істер бөлімдерінің ғимаратына кедергісіз кіре алады. Консультативтік кеңесші органның құрамында журналистер, үкіметтік емес ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бар. Органның жалпы мүшелерінің саны 9 адам болып бекітілген.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ