Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы 3-бөлігінің “б” тармағына сәйкес жасаған қылмыстары үшін қылмыстық қудалау органының іздеуінде жүрген К.А. Уәлиханов және Г.К. Уәлиханов 2010 жылдың 1 қаңтарында Тайланд Корольдігінің аумағында ұсталды.
Аталған тұлғалар алдын-ала келісіп, Астана қаласында орналасқан түрлі коммерциялық ұйымдардың басшылары ретінде 2006 - 2008 жылдар аралығында “Шымбұлақ”, “Бейбітшілік”, “Возрождение”, “Құлан” тұрғын үй кешендерінің 470-тен астам салымшыларының 2 миллиард теңгеден астам ақшалай қаражаттарын иеленіп, ысырап еткен. Осыған орай Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы іздеуде жүргендерді экстрадициялау мәселелері бойынша уәкілетті орган ретінде ҚР ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросымен, ҚР Қаржы полициясы агенттігімен және ҚР Сыртқы істер министрлігінің Қазақстан Республикасының Бангкоктағы (Тайланд) Дипломатиялық миссиясымен бірлесе отырып, ұсталған азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту және жәбірленушілердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін Қазақстан аумағына жеткізуге барлық қажетті шараларды қабылдады.
Қазақстанның мемлекеттік органдарының бірлескен жұмыстарының нәтижесінде және тайландтық билік өкілдерінің көмектесуімен 2010 жылғы 4 ақпанда Уәлихановтар Бангкоктан Қазақстан аумағына жеткізілді. Енді бұларға қатысты қылмыстық істі тергеуді қаржы полициясы органдары жүзеге асыратын болады.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.