Президентіміздің биылғы Жолдауы елімізді әлемдік технологиялық дамудың ұлы көшінен кейіндеп қалмауға, жедел түрде технологиялық, экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыда нығайтуға, сол арқылы қазіргі заманғы сын-қатерлерге толық жауап беруге бағыттауға арналды.
Жолдауда 10 негізгі міндет санамалап аталды. Бұлар – елімізде индустрияға жаңа технологияларды енгізу, ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту, «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіптік кешенін қарқынды дамыту, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, қаржы секторын қайта жаңғырту, адами капиталды жаңа сапаға көтеру, жаңғырту, тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықпен күрес және заңның үстемдік құруы сынды келелі мәселелер.
Айтылған міндеттердің қай-қайсысы да өзекті екені әрі еліміздің өсіп-өркендеуінде маңызды орын алатыны рас. Алайда, адами капиталдың жөні бөлек. Бүгінде адами капитал және оны жаңа сапада даярлау ісі кезек күттірмес міндет екені баршаға аян. Өйткені адами капитал ең алдымен елдің тірегі. Оның жоғары сапалық деңгейде болуы біздің тәуелсіз мемлекетіміздің алтын арқауы, берік те бекем іргетасы, халқымыздың жарқын болашағы деп ұғамыз.
«Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деп дана халқымыз тектен-текке айтпаған болса керек. Бұл жерде ел білімінің, оның функциялық сауаттылығының орны орасан. Білімсіз елдегі адами капиталды көзге елестету еш мүмкін емес. Ал білім бар жерде ғылым міндетті түрде дамиды. Сол себепті ел Президентінің аталған екі мәселеге қатар назар аударуы көңілге қуаныш ұялатады. Айталық, білім беру жүйесі мен ғылымды, денсаулық сақтау саласын осы заманғы озық жетістіктерге сай өркендету, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, еліміздегі тұрақтылық пен келісімнің бәрі, сайып келгенде, тұрақты қоғамдық-саяси, рухани, экономикалық қарқынды дамудың негізі болып саналады. Сондықтан да Елбасы бұл жайттарды биылғы Жолдауында шегелеп айтты.
Жаңа Жолдауда білім беруді жаңа сапаға көшіру, ол үшін барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісіндегі өзімізге тән озық жүйемізді құру, білім бағдарламаларындағы негізгі басымдықты өмірдегі өзгерістерге үнемі бейім болуға бағыттау және білім алушылардың жаңа білімді меңгеру қабілетін арттыру секілді шараларды іске асыру ескертілді. Мектепке дейінгі білім беру мен орта білім жүйесі жаңартылған білім мазмұнына сай бағдарламалармен тәрбиелеп-оқытуға көшетіні, педагогтардың білімі мен біліктілігін арттыру мәселесі, университеттердегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту, білім берудің барлық буындарында математика және жаратылыстану пәндерін оқыту сапасын күшейту жайы жас буынды жаңа технологиялық қалыпқа даярлаудың маңызды шарты ретінде айрықша атап көрсетілді.
Жалпы білім беретін орта мектептегі, әсіресе бастауыш сыныптардағы шәкірттердің оқу жүктемесінің шектен тыс көптігі, оқу бағдарламаларының ауырлығы мен күрделілігі халықты көптен мазалап жүрген мәселе болатын. Мұны Елбасы «...Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғаны және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек», деп қатаң тапсырды.
Мен осы жерде бұған қоса сонау ауыл мектебінде мұғалім болып, білім саласының әр буынында (бастауыш сынып, орта және жоғары мектеп, кәсіби біліктілікті арттыру, министрлік) 45-50 жылдай қызмет еткен маман-мұғалім, әдебиетші әдіскер-ғалым ретінде көптің көкейінде жүрген, баспасөзде талайдан айта-айта жауыр болған қазіргі қазақ орта мектебінің әр сыныбындағы оқу бағдарламаларында тұтастықтың, сабақтастықтың, жүйеліліктің, ішкі өзара байланыстың жоқтығын айтқым келеді. Бізде соңғы кезде ортақ істің мүддесіне орай олқылықтарды болдырмау үшін ұсыныс-пікір айтсаңыз болды, оны ауыр сын ретінде қабылдайтын жаман әдет пайда болды.
Президент Жолдауында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеру, латын әліпбиіне көшу мен терминология мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы тілдер туралы баяндағанда терминология жөнінде де орынды ой қозғады. Расында да, термин, кірме сөздер мәселесін бір ізге түсіретін кез келді. Олай етпесек, басқаны былай қойғанда мектептегі бастауыштың 1-2-3 сынып оқушыларын қарадан-қарап шатастырып барамыз. Мәселен, жас жеткіншектердің оқулықтарында затқы (рогатка – аша немесе Байтұрсыновша айтқанда, жақ болса бір сәрі), бақия (картоп), орамжапырақ, қырыққабат (капуста – екі түрлі беріледі, қайсысына тоқтаймыз?) секілді көңілге қонымсыз сөздер кездеседі. Бір кездері қызанақты (помидор) кей аймақта қызыл домалақ, қиярды – көксобалақ, субұрқақты (фонтан) – шаптырма, тіске басарды – (закуска) шайнама деп те шатастық. Орыс тіліндегі «является», «являюсь» деген етістік сөздерді сөйлемде аударғанда «болып табылады», «болып табыламын» деп қосып қою сияқты өрескел қателіктер жиілеп кеткені жасырын емес. Сонда «Он является его отцом» немесе «Я являюсь студентом университета» деген сөйлемдерді оларша «Ол оның әкесі болып табылады», «Мен университеттің студенті болып табыламын» деуіміз керек болып шығады. Ұлтын ұққан қазақ бұлай айтпаса керек.
Жолдауда жоғары білім беру ісіне қатысты бірқатар жаңа міндеттер қойылып отыр. Айталық, бүгінгі талаптарға сай жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс жүргізу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алатын түлектер санын арттыру, жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету, оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне жағдай жасап, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тарту, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажеттігі нақтыланды.
Біз жоғарыда атағандай, Президент Н.Назарбаев Жолдауда педагогтардың білімі мен біліктілігін арттыру, педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту, университеттерге академиялық еркіндік беру жайлы өте жақсы ой айтты. Өйткені бұларсыз ешбір маңызды құжат, ешбір міндет толық жүзеге аспайды. Сондықтан мүмкіндікті пайдаланып қалуымыз қажет. Осы ретте күнделікті өмірде кездесіп жүрген келеңсіздіктерді атамасқа тағы болмайды. Мысалы, білім беру ведомствосында отырғандар педагогикалық практиканы қысқартуға бейім тұрады. Оның сағаттары жылдан-жылға қысқарып барады. Бұл мүлде дұрыс емес. Сонда болар-болмас сағат бөлінген педагогикалық практикадан толар-толмас тәжірибе үйренген түлектен қандай мұғалім шығады? Егер әдіскер-мұғалімнің оқу-әдістемелік көмегін көрмесе, оны тұшынып ұғынбаса, ондай талапкердің бойында қандай кәсіби шеберлік өнегесі қалыптасады? Біз сонда болашаққа қандай мұғалімдер даярлаймыз, қандай педагогтар әзірлеп шығарамыз деген сауалдар еріксіз ойға оралады. Мұны, біздіңше, 1 курстан бастап орта мектеп пен университеттің бірлескен дуалды білім беру жүйесіне айналдырған мақұл. Бұл бір деп қойыңыз.
Екіншіден, жоғары педагогикалық кәсіби білім беруде мамандыққа тікелей қатысы жоқ, басы артық қосалқы пәндер әлі де кездесіп отыр. Айталық, «Тіршілік қауіпсіздігі негіздері», «Оқушылардың физиологиялық дамуы», «Білім берудегі менеджмент», «Инклюзивті білім беру» сияқты пәндердің қазақ тілі мен әдебиеті, филология мамандықтарына қажеттігі де шамалы. Бұларды болашақ мамандар алдағы ұстаздық ғұмырында өздері-ақ меңгеріп алады. Оның үстіне олар шәкірттерге оқытылып жатқан негізгі педагогикалық, психологиялық, оқу-әдістемелік пәндердегі сабақтарда айтылады. Оның орнына қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарында әлі күнге оқытылмай келе жатқан қажетті «Көркем шығарманы талдау әдістемесі», «Көркем шығарманың мәтінін талдау» секілді басқа да тәжірибелік мәні бар қолданбалы әдістемелік пәндерді неге оқытпасқа? Алаштың ардақты азаматы, көрнекті тілші-ғалым, профессор Құдайберген Жұбановтың «...Жүйелі білім беру үшін мұғалімнің өзінде де жүйеге салынған білім болуы керек», дегені бар еді. Алаш арысы айтпақшы, келешек пән мұғалімінің тікелей мамандығы бойынша өзекті пәндерден «жүйеге салынған» білім бергеніміз абзал болар.
Елбасы Жолдауға қатысты жасаған Мәлімдемесінде: «Білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс. Бұл арада мұғалім мамандығының беделін арттыру керек», деп қадап айтты. Бұл, әрине, мұғалімдердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына, оларды материалдық тұрғыда ынталандыруға тікелей байланысты болмақ. Иә, Президент мұғалімдердің мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30-50 пайызға көбейтілетінін, өткен жылдан бері жалпы білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 29 пайызға өскенін тілге тиек етті.
Қазақ елінің білімі мен ғылымына байланысты айтылған міндеттердің барлығы ұлтымыздың рухани жаңғыруына, халықтың болашағына пәрменді қызмет етеді. Бұл орайда сөз етіліп отырған стратегиялық мәні бар құжатта Мемлекет басшысы халықтың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту керектігін, төл тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сонымен бірге заман талабына сай шет тілдерін меңгерген әрі жаһандық озық көзқарасы бар Қазақстан азаматтары қоғамымыздың идеалына айналуы қажеттігін де еске салды.
Түйіндей айтқанда, Елбасы ел біліміне үнемі назар аударып, білім беру саласын өскелең өмір өзгерістеріне сәйкес өркендетуге айрықша көңіл бөліп келеді. Биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдау алға қойған міндеттер жоғарыда айтылған ойларымыздың тағы бір жарқын дәлелі. Енді ел болып жұмылып, осы міндеттерді жүзеге асыруға атсалысу баршамыздың ортақ міндетіміз.
Бақтияр СМАНОВ, Ұлттық ғылым академиясының академигі