Телефонда сақталған мәліметтерді жинап, бөтен нөмірлердің кімге тиесілі екенін анықтау мақсатында жасалған GetContact қосымшасы бірнеше күннен бері желі қолданушылары арасында кең таралды. Алайда Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бұл қосымшаның заңға қайшы екенін анықтап, оны Қазақстанда ресми түрде бұғаттады.
«Қазақстан Республикасы аумағында GetContact қосымшасына шектеу қойылды, себебі жеке мәліметтерге қатысты заң бұзушылық деректері анықталды. Министрлік «Байланыс туралы» заңның 41-1-бабына сәйкес шектеу қоюға бұйрық шығарды», деді министрлік өкілдері. Олардың айтуынша, қосымша Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңға қайшы жұмыс істейді.
Бір айта кетерлігі, қосымша 8 ақпанда Қазақстанда кең таралып, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі келесі күні заң бұзушылық дерегін анықтап, бірден тыйым салды. Бұған дейін қосымша Әзербайжанда, Арменияда бұғатталған.
Интернеттегі мәліметтерге сенсек, қосымшаны жасаған GetContact LLP компаниясы Ұлыбританияда 2017 жылдың қараша айында құрылған. Компания өкілдерінің айтуынша, компанияның технологиялық өнімдері 148 мемлекетте жұмыс істейді. Қосымша арқылы қолданушылар таныстарының нөмірлерін тексеріп, оларға қатысты жеке мәліметтерді білген. Сонымен қатар GetContact арқылы кез келген бейтаныс нөмірді теріп, нөмір иесінің аты-жөнін, жеке мәліметтерін, таныстарының телефонында оның қандай атпен сақталғанын анықтай алған. Яғни бағдарламадағы іздеу жүйесіне кез келген нөмірді теріп, нөмір иесінің аты-жөнін ғана емес, жеке тұлғаның мекенжайын, автокөлігі туралы ақпаратты, отбасы мен банк картасы туралы мәліметтерді де анықтауға мүмкіндік берілген. Бірақ қоғамдағы кикілжіңдерден соң бағдарлама авторлары кейін бұл алгоритмдерді өзгертіп, қосымшаны бейтаныс нөмірлер иесінің аты-жөнін білу үшін ғана құрастырғанын айтты.
«Біз қосымшаның кейбір функцияларын өзгерттік. Сонымен қатар кез келген адам бағдарламадан өз мәліметтерін өшіре алатын қызмет қостық. Сол арқылы тұтынушы өз нөмірін базадан өшіре алады», дейді бағдарламаны құрастырушылар. Олар кез келген мемлекеттің заңына құрметпен қарайтынын, бірақ Әзербайжан мен Қазақстан билігінен ресми талап алмағанын айтып, бұл мемлекеттердің заңдарына қайшы әрекет етпедік деп мәлімдеді. Дегенмен, қосымшаның кемшіліктері көп екенін әрі дербес мәліметтерге қауіп төндіретінін тек Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ғана емес, қазақстандық сарапшылар да айтты.
Мысалы, Кибершабуылдарды зерттеу мен сараптама жасау орталығының президенті Олжас Сәтиев бүгінгі күнге дейін алынған мәлімет қосымша базасында сақталып қалатынын айтты. «Осы қосымшаға тіркелген кез келген адамның телефонындағы нөмірлер тұтынушы өз мәліметтерін қосымшадан өшірген жағдайдың өзінде GetContact базасында сақталып қалады. Барлық мәліметтерді жою үшін тіркелген таныстарыңыз да қосымшадан өз нөмірлерін өшіргені жөн», дейді Олжас Сәтиев. Сонымен қатар IT технологиялар саласындағы сарапшылардың бірі Әлібек Нарымбай да GetContact қосымшасы Қазақстанда бұғатталғанына қарамастан, онда миллилондаған адамның деректері сақталып қалғанын және олардың түрлі мақсатта қолданылуы мүмкін екенін айтты.
«ІТ мамандар командасы қосымшаның бірнеше кемшілігін анықтады. Біріншіден, телефон нөмірі арқылы дербес ақпарат қолжетімді болады. Яғни кез келген адамның нөмірі арқылы ол туралы барлық мәліметке қол жеткізуге болады. Екіншіден, қосымша арқылы біреудің абыройына нұқсан келтіру оңай болады. Тіпті сол үшін адам абырой-беделінен айырылып қана қоймай, жұбайымен ұрсысып, тіпті ажырасып кетуі мүмкін. Үшіншіден, кейбір компаниялар GetContact арқылы кез келген нөмірлер турады мәлімет алып, коммерциялық мақсатта қолданылуы мүмкін. Ал бұл деректер миллиондаған ақша тұрады. Кез келген компания телефон нөмірі арқылы қандай да бір ақпарат алу үшін мыңдаған доллар төлеуге дайын», дейді ол.
Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»