Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитеті Ақмола облысының Шортанды ауданында көшпелі отырыс өткізді. А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында болған шарада Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған міндеттерді орындау тетіктері жан-жақты талқыланды.
Жиынға Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко бастаған депутаттар, яғни осы палатадағы «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Әлеуметтік және Өңірлік саясат пен мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестер мүшелері, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым министрліктерінің, сондай-ақ Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің, қоғамдық бірлестіктер мен бизнес ортаның өкілдері қатысты. Бүгінде аграрлық ғылымды дамыту мен оны өндіріске кеңінен енгізу кемшін соғуда. Бұдан басқа, саланы коммерцияландыру мәселесі де оң шешімін таппай отыр. Агроөнеркәсіп кешеніне кадрлар даярлау ісі де күн тәртібінде тұр.
Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев саланы дамыту бойынша 9 бағытта жұмыс атқарылып жатқандығын айта келіп, Жолдаудағы Елбасының 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау жайын сөз етті. Бірінші вице-министрдің пайымынша, бұл межеге қол жеткізуді осы салада жұмыс істеп жүргендердің санын қысқарту арқылы емес, қайта еңбек өнімділігін арттыру жолымен жүзеге асырған жөн. Әсіресе егіс алқаптарын өңдеуді жақсарту және мал тұқымын асылдандыру өте орынды қадам. Әрине бұдан келіп, рыноктардың ашықтығы мен экспорт мәселесін шешу, салық салуды жетілдіру мен технологияның қолжетімділігі және де бизнестің сұранымына қарай ғылымды өрістету қажеттігі туындайды. Мәселен, АҚШ-та, Канадада және Аустралияда ғылым мен өндірісті ұштастыру заңнамалық тұрғыда өз шешімін тапқан. Атап көрсетсек, жергілікті фермерлер әрбір гектардан жиналған центнер астықтан немесе әрбір сауылған литр сүттен түскен табыстың белгілі бір бөлігін аграрлық зерттеулер қорына арнайы салық түрінде аударып отырады. Ал ауыл шаруашылығы саласында зерттеулер жүргізетін институттардан келген мамандар фермерлермен немесе фермерлер комитетімен кездесулер өткізіп, өздерінің зерттеу жұмыстарын ұсынады. Сол жерде фермерлер өздеріне қажетті зерттеулер жүргізетін институттарға ақшаларын бағыттау туралы шешім шығарады. Былайша айтқанда, фермерлер қай институт зерттеу жүргізуге лайық немесе қайсыбір ғалымның жобасы тартымды болса сонымен байланыс орнатады.
Қазақстан жағдайында ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің осылайша жұмыс істеу мәселесі әлі де пысықталу үстінде.
А.Евниев өз сөзінде аграрлық ғылымды бюджеттен қаржы қарастырып, субсидия арқылы немесе қосымша қаржыландыру жолымен қолдау мәселесі шешімін күтуде екендігін тілге тиек етті. Қазіргі таңда аталған қаржылық қолдау тетіктері заңнамалық өзгерістерде көрініс табатындығы жайы да аталмай қалмады.
Осы орайда аграрлық білім беру сапасы көңіл көншітпей келе жатқандығын атай кеткеніміз жөн. Оны ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын колледждер мен институттардың материалдық-техникалық базалары ескіргендігімен түсіндіруге болады. Білім ордасынан оқып шыққан түлектердің өндіріске келгенде барлығын басынан бастайтыны қосымша уақыт пен қаржыны талап ететінін несіне жасырамыз. Сондықтан да оқу бағдарламаларын агробизнес сұранысымен үйлестіру жайы күн тәртібіндегі өткір мәселелердің бірі саналады.
Жиында ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша грантқа түсушілерді оқуын аяқтаған соң 3 жыл қатарынан осы салада жұмыс істеуге мәжбүрлеу жайы да аталмай қалмады.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті АҚ басқарма төрағасы Ақылбек Күрішбаев саладағы жағдайды түбегейлі өзгерту қажеттігіне тоқталды.
Талқылау барысы көрсеткендей, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін аграрлық ғылымды өндіріспен байланыстыруда білім беру ісіне көптеген өзгерістер қажеттігі ерекше аталды. Ғылыми ізденістер мен жобаларды қарауда, ғалымдардың жұмыстарын бағалауда да көзқарас түбірімен өзгеруі тиіс. Бұл орайда дамыған елдердегі ғылыми-зерттеу орталықтарының жетістіктерінің тәжірибесін қолдану да уақыт талабы. Осылайша ортаға салынған көптеген ұсыныс-пікірлер екшеліп, олар тиісті органдардың құзырына ұсынылатын болды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы