Еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының түрлі сала бойынша ұсынып жүрген ғылыми жобалары көп. Оның ішінде арнайы зерттеулер мен сынақтардан өтіп, өндіріске енгізілгендері, сатылымға шығарылғандары да жетерлік. Сондай-ақ оқушылар ізденісінің нәтижесі дерлік жобалар мектепте де қолданылып, тіпті шетелдік қонақтарға қызмет көрсетуде.
Мысалы, Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі кітапханада ұлттық киімдегі кішкентай қуыршақтың қызметін пайдалана аласыз. Үш тілде еркін сөйлейтін ол кітапхана сөресінде тұрған шығармалар жөнінде барлық мағлұматты біледі. Қуыршақты «сөйлеткен» 9-сынып оқушысы Әлия Елшібай бұл жобаны «Arduino кереметтері» атты тақырыпта өткен мектепішілік шарада көпшілік назарына ұсынған. Мектеп кітапханашыларының жұмысын жеңілдететін роботты физика пәнінің мұғалімі Айнұр Нұрабайқызы әрі қарай жетілдіре түсуге көмектескен. Кітапхана мектептің ең жоғарғы қабатында орналасқан. Яғни, роботтың күннен қуат алуына да барлық мүмкіндік қарастырылған.
Өзі ойлап тапқан қуыршаққа Әлия өз есімін беріпті. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мектепке шетелден қонақтар көп келеді. Оларға қызмет көрсетіп, яғни мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырғысы келетін, ағылшын тілінде еркін сөйлей алатын оқушылар көп. «Дегенмен, олар бұл кезде өздерінің қатыса алмай қалған сабақтары мен тапсырмаларын уайымдап, ойларын дұрыс жеткізе алмай қалуы әбден мүмкін. Бұл жағдай менің осындай жоба жасауыма түрткі болды», дейді Ә.Елшібай.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»