Жер бетінде тіршілік дәнін теріп жеп, шапқылап жүрген әр пенденің ғұмыр жолына тереңірек үңілсең, бірде мұңайтып, бірде шаттандыратын тағдыр шіркіннің шынайы болмысы түндігі түрілген шаңырақтан себезгілеген күн сәулесіндей болар-болмас сезілер еді..
Қазақ мұнай өндірісіндегі аса ардақты азаматтың бірі Құмар Балжанов еді. Өткен шақпен амалсыздан сөйлейсің. Бар ғұмырын желдің өтінде, ырғалған качалкалардың қасында өткізген Құмар Қайырбайұлының ғазиз жүрегінің тоқтағанына да бір жылдай мерзім зырылдап өте шығыпты. Қазақ даласы революция, большевик, коллективизация дегеннің не екенінен мүлдем бейхабар мамыражай кезеңде Құмекеңнің арғы аталары бүгінгі Атырау облысының Қызылқоға ауданының аумағындағы Сарыкөл деген құйқалы өңірді қоныстаныпты. Аталарының бірі алды төрт түлік малға толып, сақилықпен аты шықса, ал енді біреулері бір қауым елге билік жүргізіп, болыстықтың да дәмін татқан. Қылышын қайқаңдатқан қызылдың екпіні, кімнен кегін ала алмай өршіленген ақтың ызғары, одан қалды ашаршылықтың қыл бұрауынан аман қалу үшін бұл әулет амалдың жоқтығынан қалың ел жөңкілген Доссор, Мақатқа қарай бет бұрған.
Ол кез Доссордың аталарымыз «қара май» деп атаған мұнай жарықтықпен атағы аспандап тұрған кезең. Ембіге кейіпкер іздеп келген классик К.Паустовскийдің аңқа кептірген аңызақ пен сүйегіңнен өтер қара суықтан қаймықпай бейнет кешіп жүрген май-май мұнайшыларға қарап: «Ерлік дегеніміз – Доссор екен ғой», деп басын шайқап, жағасын ұстайтын сол жылдары Құмекең тап осы Доссорда дүние есігін ашады. Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңінде 13 жасар Құмар жергілікті мұнай кәсіпшілігінде еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға барынша үлес қосқан. Белі бесіктен шықпай жатып бейнетке жегілген Құмарды әкесі Гурьевтегі мұнай техникумына оқуға түсіреді. Кейіннен И.М.Губкин атындағы мұнай институтын бітірген жас инженер Құмар Балжанов ешқайда табан аудармастан мұнай өндіру саласына 50 жылдан астам ғұмырын арнапты.
Елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдардың басында елімізде ірі кен орындары ашыла бастады. Әсіресе 1959 жылы ашылған Прорва кеніші елімізде күрт төмендеп кеткен мұнай өндірісін жаңа сатыға көтеруге тың леп қосты. 1963 жылы Прорва өз алдына енші алып, мұнай өндіретін басқармаға айналды. Жаңадан шаңырақ көтерген басқармаға бас инженер болып Құмар Балжанов тағайындалды. Ол осы қызметте бар болғаны 3 жылдай ғана еңбек етіп, кейіннен басқарма басшысы болып тағайындалды.
Ұжымның тізгінін қолға алған Құмекең «Прорва» мұнай-газ өндіру басқармасының жұмысын ақсатып алмас үшін көптеген шаруаларды кезек күттірмей қолға алды. Жоспарлы, кешенді геологиялық барлау жұмыстарын кеңінен жүргізуге аса мән берді. Геологиялық барлау жұмыстарын сапалы жүргізіп отыру арқылы да мұнай-газ өндіру көлемін еселей түсуге болатынын Құмекең жақсы білді. Сонымен қатар бұрын бұрғы салынбаған тың өлкеде жан-жақты дамыған инфрақұрылым да жоқ болатын. Кен орнын өркендету бағытында тұрмыстық және өндірістік қиындықтарды оңынан шеше білудің өзіне үлкен күш-жігер қажет. Күн-түн демей, ауыр климат және уақытпен санаспастан еңбек етіп жүрген бұрғышылардың тұрмыстық қажетін ол оңынан шеше білді.
Прорваның ауыр климатына байланысты бір естелік әңгіменің ұшы еріксіз қылтияды. Кезінде Қазақ КСР Орталық партия комитетінің салалық хатшысы мұнайшылардың тыныс-тіршілігімен жақыннан танысайыншы деген мақсатпен Прорваға ат басын бұрыпты дейді. Жан-жағын жапырып кетердей болып келген астаналық дөкей Прорваның аспанға көтерілген алашаңдағын көргенде дереу есін жиса керек. Алатаудың баурайында бал татитын суды сіміріп отырған әлгі дәу бастық мұнайшылардың ауыз суға зәрулігін көргенде амалсыз жағасын ұстаған көрінеді. Құлсарыға қайтар жолда, қасындағы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына қарап:
«Ойпырм-ой, ит арқасы қиянда, мынандай адам төзгісіз климатта жұмыс жасап жүрген әр мұнайшының кеудесіне Социалистік Еңбек Ерінің «Алтын Жұлдызын» ойланбастан тақса да артықтық болмас еді», деп бас шайқапты дейді. Екінің бірі шыдас бермейтін Прорва Құмар Балжановты әбден шыңдады. Ол осы басқармада еңбек еткен кезінде тәжірибесі әбден толысып, нағыз бесаспап маман атанды. Мұнайшылар арасында төмендегідей әңгіме бар. «Егер Прорвадан дер кезінде мұнай көзі ашылмағанда, Теңіздің иен байлығына қолымыз мүлдем кешігіп жететін еді. Себебі «Теңіз» құрылымын іздеуге Прорваның бұрқағы жетеледі. Тереңдігі тұз астында мұнайдың мол қорының барлығына сендірген де – Прорва. Сонда салынған тұрғын үйлер мен өндіріс базасы, тұтастай инфрақұрылым Теңізді қорықпай, жасқанбай игеруге сенімді жағдай туғызды». Бүгіндері Қазақстанның атын әлемге танытқан Теңіз кен орнын алғаш ашушылардың бірі ретінде Құмар Балжанов авторлар құрамының сапында 1995 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Айтпақшы, Теңіз кенішінен алғашқы мұнайды алудың машақаты да жетіп артылатын. Теңіз мұнайының құрамында газбен қоса күкірт қышқылының 25 пайыздай болғандығынан-ақ өзі, оның қаншалықты зиян екендігін ойша бағамдай беріңіз. 1981 жылы №1 скважинаны толықтай сынақтан өткізу жөніндегі жұмыс тобының төрағасы ретінде Құмекең бастаған мұнайшылар Атыраудың аңқа кептірген аңызағында Теңіз кен орнының басында 3 ай жатып, бейнетке белшесінен батып еді. Оны бүгіндері біреу білсе, біреу білмейді.
Құмекеңнің айшықты қолтаңбасы қазақ мұнайының қарашаңырағы бүгінгі «Ембімұнайгаз» компаниясында қалды. Осы бірлестікте Құмекең 11 жыл бойы бас инженер болып, табан аудармастан еңбек етті. Күні бүгінге дейін ең ірі мұнай өндіру бірлестігіне бас инженер болып осыншама мерзім еңбек еткен бірде-бір инженер жоқ екен. Осыған қарап-ақ Қ.Балжановтың өз кәсібін терең меңгерген білікті маман екендігін аңғарасың. Құмекең «Жайықмұнайгаз» басқармасына басшы болған кезеңде өзінің іскерлігін, басшы ретіндегі биік беделін айқын көрсете білді. Ол мерзім тәуелсіздігімізді жаңа ғана иеленген әрі нарықтың уақытша қиыншылығы қос өкпеден қаттырақ қысқан бұлғақты жылдар еді. Құмекең тап осы заматта тек мұнай өндіруді ғана емес, аудан халқының әлеуметтік жағдайына да көбірек бас қатырыпты. Жаңа типтік үлгідегі балалар бақшасы мен шетелдік қондырғылармен жабдықталған құрылыс материалдарын даярлайтын зауыт аталған басқарманың қаражатына тұрғызылған еді. Тіпті аққыстаулықтар күні бүгінге дейін құны бір миллион доллардан астам қаржыға Құмекеңнің шетелдік медициналық аппараттармен аудандық аурухананы жабдықтағанын жыр қылып айтады. Мұндай батыл қадамға елі мен жерін, замандастарын шынайы қадірлейтін атан жілік азамат қана бара алатыны белгілі.
«Жарық көзі ретінде мұнайға ештеңе тең келмейді: бұл жаңа дәуір жарығы» деп баға берген екен Америкада мұнай туралы жазылған алғашқы кітаптың авторы. Бүгіндері дүниежүзі атын айтса елең ете түсетін, ондаған жылдар бойы жусанды далаға шуақ шашып тұрған мұнай атты «жаңа дәуір жарығына» жарты ғасырдан астам ғұмырын арнаған, дуадақ қонар бозтөбедей биік, арыстан жалды азамат Құмар Балжановтың есімі қазақ мұнайының тарихына алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз.
Алақандай ғұмырыңды айшықтандырып, мәртебеңді биіктетіп, айбарыңды асқақтатып жіберетін бұл тағдыр шіркіннің жомарттығын қойсаңшы...
Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ, Қазақстанның құрметті журналисі, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты