Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына орай, биыл осынау алып тұлға атындағы ауданда бірталай шаруа қолға алынған. Үстіміздегі жылы мұнда облыстық бюджеттің қаражатына 35 шақырым жол, Нұра өзені арқылы өтетін көпір жөнделеді. Демеушілердің көмегіне сүйеніп, жыраудың аудан орталығындағы бетон мүсінін қоладан қайта құю да жоспарда бар.
Көмекей әулиенің мерейтойын өз деңгейінде атап өту шараларына облыс әкімі Ерлан Қошанов ерекше мән беріп отыр. Бүгінге дейін өңір басшысы осы шаруаның жай-жапсарын пысықтаған екі жиын өткізді. Қазіргі уақытта нақты қолға алынатын жоспар-жобалардың сұлбасы айқындалып, ресми түрде бекітілудің аз алдында тұр. Соның бірі – әйгілі жыраудың кесенесін жанындағы мұражай үйімен қосып жөндеуден өткізу. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 70 миллион теңге бөлінбекші.
Бұл бағытта Бұқар жыраудың есімін иемденген ауданның басшылығы да қарап отырған жоқ. Жалпы халыққа ортақ тұлғаның тойына деген әзірлік жан-жақты жүргізілуде. Аудан үшін бұл үлкен сын екендігі түсінікті. Сонымен қатар мерейтойға дайындық шаралары аясында басқа да өткір тұрған бірқатар мәселенің түйінін оңынан шешіп алу бұқаржыраулықтар үшін үлкен олжа болмақ.
Бұқар жырау ауданының әкімі Шагурашид Мамалиновтің айтуынша, тұрғындарды орталықтандырылған сапалы сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табады. Алдағы екі жылда тоғыз елді мекеннің аумағында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалмақ. Жақында Қаражар, Ботақара, Асыл, Жаңаталап, Шешенқара, Трудовое, Қызылжар, Жаңақала, Доскей, Самарқан елді мекендерінде су құбырлары желісін орнату мен қайта істеудің жобалық-сметалық құжаттамасын жасау қолға алынды.
Доскей ауылында кәріз жүйелерінің 95 пайызы әбден тозған. Оларды жаңарту және қайта құрастыру жұмыстары жақын айлардың жоспарына енгізіліп отыр. Сонымен қатар Ғ.Мұстафин кентінің кәріз жүйелерін қайта құрастыру мен Сарытөбе, Байқадам, Үштөбе ауылдарында су құбырларын тартуға да аудандық бюджеттен қаржы бөлінді.
Ағымдағы жылы ауданда энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар да жалғаса береді.
– Қазір біз қалдықсыз жұмыс істейтін алғашқы қоқыс өңдеу зауытын іске қосуға әзірлік үстіндеміз, – дейді аудан әкімі. – «ЖанАру» ЖШС-не төрт гектар жер берілді. Айына сегіз мың тонна қоқыс өңдей алатын зауыт қараша айында іске қосылады. Қоқыс престері орнатылып, ауылдардан қатты тұрмыс қалдықтарын жинау мен сұрыптау пункттерін ашамыз.
Бұқар жырау ауданында халыққа медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ерекше ден қойылған. Диспансерлік есепте тұрған жандарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатына 39 млн теңге бөлінді. Ауданда үш әлеуметтік дәріхана жұмыс істейді. Білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіру жұмыстарында да дамыл жоқ. Ағымдағы жылы «Көкпекті» ауылында жекеменшік балабақша ашылды. «Білім беру робот техникалары» жобасының аясында жұмыстар атқарылуда. Қызылжар ауылындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Ауданда әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың тұрмыс деңгейін көтеруді қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Маңызды көрсеткіштердің бірі – жұмыссыздықты азайту. Жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер саны қазір 110 адам, яғни жұмысқа қабілетті халықтың 4 пайызы.
Аудан халқының дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын бөлігінің үлесін биыл 29,9 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта Қушоқы кентінде балалар мен жасөспірімдердің спорт клубы ашылмақ.
Бұқар жырау ауданы ұлы жыраудың мерейтойына лайықты әзірленуде.
Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы