Қазір бас білмейтін асауларды үйретуді былай қойып, атқа мінетін адам көрсек қуанатын жағдайға жетіп қалғандаймыз. Бүгінгінің балалары тай үйретуге емес, ұялы телефон ішіндегі шетелдің құбыжықтарын күйретуге құштар екендігін де ешкім жоққа шығара қоймас. Не десек те, қазақтың қылқұйрықтыдан ажырап бара жатқаны рас. Көңілдің осылай кірбің тартқан кездерінде өздері ат төбеліндей аз болса да бабадан қалған бағлан өнерімізді насихаттап, асаулармен алысып, желмен жарысқан қазақтың марқасқа жігіттері жайында айта бергің келеді. Асаулармен алысып демекші, шын мәнінде жүген, құрық тимеген жылқыларды ырқына бағындырып, талай дүбірлі додаларға қатысып жүрген тақымы мықты шабандоздардың бірі Ерасыл Диқанбаев Үржар ауданының Қарабұлақ ауылында тұрады.
Ерасыл 2016 жылы Астанада асау үйретуден өткен «Астана жұлдызы» республикалық турнирінде күміс жүлде иеленсе, былтыр Көкшетауда жалауы желбіреген «Алаштың алтын шаңырағы» этнофестивалінде асау үйретуден ел чемпионы атанған-ды. Жақында Үржар ауданына жол түскенде асаулардың арынын басқыш азаматпен аз-кем әңгімелесудің сәті түскен. «Қазақтың хас батыры Қабанбай бабамыздың 300 жылдығы тойланған кезде дүниеге келгендіктен есімімді Ерасыл деп қойыпты. Өзімнің туып-өскен жерім айдынды Алакөл баһадүр батырдың да кіндік қаны тамған мекені. Сондай топырақта өніп-өскеннен кейін атқұмар болмау мүмкін емес шығар. Асау үйретуге аударыспақ арқылы келдім десем де болады. Туған ағам Құрманғазы аударыспақтан ауданға, облысқа, республикаға белгілі азамат. Венгрияда өткен әлем біріншілігінде чемпион атанған. Әкем де жылқыны жақсы көреді. Атқа деген құштарлық сол кісілерден дарыған болу керек. Қазір республикалық жарыстарға белгілі атбегі, ұстазым Тәттімбет Кәпұлының қолдауымен, баптауымен қатысып жүрмін», дейді шабандоз.
Ерасылдың былтыр Көкшетауда өткен чемпионаттағы асау үйреткен сәттегі көз ілеспес жылдамдығы, астындағы асау ағаш қоршауға барып соғылған кезде асқан шапшаңдықпен екінші қапталға ытқып шығып, қайтадан қарғып мініп алғаны сайысты тамашалаған елдің делебесін қоздыра түсті. Алайда Ерасыл жұрт көңіліне жаққан мұндай тамаша көріністердің ар жағында қаншама қиындық пен төгілген тер жатқанын айтады. «Сол сәт әлі есімде. Асаудың мойнына шалманы өзім тастадым.
Аттың төрт аяғы көктен кеп омақаса құлағанда мініп үлгердім. Тұрды да қоршауға тігінен шауып қабырғаға соғылды. Сол кезде сақтық үшін екінші қапталға секіруге тура келді. Қоршаудан алыстағаннан кейін қайта мініп алдым. Меніңше, асауға шалманы өзімнің салып мінгенім ерекше көрінді ме деп ойлаймын. Төрешілер менің өнерімді осы тұрғыдан бағалаған секілді», дейді Ерасыл. Оның айтуынша, асау үйрету жарыстарының өзіндік тәртібі бар. Шабандоздың өнері тек шалма салып, асауға мініп, тас кенедей жабысып ат үстінен түспей қоюмен ғана бағаланбайды. Асауды үйрету барысындағы қамшы басып, жылқының қытығына тиіп, көкке шапшытып, тулату секілді қан қыздырар сәттерге төрешілер жоғары ұпай береді екен. Ал осындай үлкен турнирлерге қатысар алдында шабандоздар асауға мініп жаттығудан бөлек, тынысын ашу үшін кәнігі спортшылардай жүгіретін көрінеді.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Қарабұлақ ауылы